Қылмыстық кодекстегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты баптар қатаңдатылған. Оған қоса ҚК нормалары сыбайлас жемқорлыққа жол ашпауы үшін барынша түсінікті және айқын көрсетілген.
Жуырда сыбайлас Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте заң нормаларын түсіндірумен қатар, соңғы үш жылдағы параның орташа көлемі мен қылмыскерлерге салынған айыппұлдың орташа шамасы туралы мәліметтер берілді.
Арнайы брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров: – 2016 жылдан бері сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша ұсынылған орташа пара сомасы 61 мың теңгеден 193 мың теңгеге дейін өсті. Бұл орташа сома көлемінің өсуі тұрмыстық коррупцияның азайғанының белгісі деп есептейміз, – деді.
Агенттік өкілінің айтуынша, Еуропаның дамыған елдерінде сыбайлас жемқорлық тек жоғары билік және бизнес сатыларында ғана кездеседі. Ал тұрмыстық коррупция транспаренттік, мемлекеттік қызметтің есептілігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, мемлекеттік қызметті толығымен цифрландыру, компьютерлік сауаттылық және интернетке қолжетімділік арқылы түбегейлі жойылған.
– Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмысы үшін 1740 адам сотты болып, оларға 14,3 млрд теңгеден аса айыппұл төлеу жазасы белгіленді. Үш жылда айыппұлдың орташа көлемі 8,5 млн теңгені құрады. Коррупциялық сипаттағы қылмыс үшін тағайындалған айыппұл көлемі 5 млн (2016 жылы) теңгеден 14 млн (2018 жыл) теңгеге дейін өсті, – деді аға тергеуші.
Осы еселенген айыппұл жазасын тағайындау жүйесі енгізілгелі бері ең көп мөлшердегі айыппұл көлемі 1,1 млрд теңгені құраған. Бұл соманы 2016 жылы парақорлығы үшін сотталған Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы төлеген.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, жазаның түрі мен көлемі Қылмыстық кодекс баптары негізінде параның көлеміне, парақорлықтың сипатына (қысым көрсету, қайталану, қызмет бабын пайдалану) байланысты белгіленеді.
Ол еселенген айыппұл барлық ауыр қылмыс бойынша қолданылатынын атап өтті. Мәселен, 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған лауазымды тұлғаға тағайындалатын жаза бойынша айыппұл алған параның жетпіс және сексен еселенген көлемінде белгіленеді. Дәлірек айтқанда, сол 100 мың доллар көлемінде пара алған адамды сот айыппұл түріндегі жазаға кессе, ол қылмыскер 7-8 млн доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
Еселенген айыппұл төлеу жазасы жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатар қолданылады.
Осы орайда агенттік өкілдері аса ірі көлемдегі параның өзі кінәлі адамды бас бостандығынан айыруға негіз болмайтынын айтады. Сот әдетте кінәлі адамға берілген мінездеме мен қоғамға қауіптілігін, қаржылық мүмкіндігін, қылмысты ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайларды, сонымен қатар тағайындалған жазаның сотталушының түзелуіне ықпал етуін және оның артындағы отбасы мен басқа да адамдардың халінің мүшкілденіп кетпеуін негізге алады.
Агенттікте өткен брифинг барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен биылғы жылдың 13 маусымында Қазақстан Президентіне тікелей бағынып, есеп беретін құқық қорғау органы ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылғаны және қазірге дейін жаңа органды қалыптастыру жұмыстары толығымен аяқталғаны туралы да айтылды. Сондай-ақ журналистер алдында жаңадан құрылған департаменттердің басшылары таныстырылды.