«Тыныстың» тынымсыз тірлігі ұзақ мерзімді мүдделерге бағытталған
Жұма, 7 маусым 2013 2:30
ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ. Көкшетау мен қала тұрғындары тағдырында айрықша орны бар «Оттегімен тыныстау аппаратуралары» зауытын салу жөнінде КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы 1953 жылы қабылданғанымен, оның құрылысы 1959 жылы аяқталған еді. Сол жылы құрылыс ұйымдары мен кеніштерге 400 вагонетка жөнелтілген болатын. Бірақ, бұл зауыттың негізгі өнімі емес еді. Келесі жылы түпкі мақ-сат жолындағы медициналық жабдықтар шығарыла бастады. Ал, 1964 жылы мұнай-газ өндірісі үшін редукторлар, «КБ-1» клапандары, жоғары қысымға шыдас беретін тетіктер дайындау игерілді. Тіпті, балалар ойыншықтары да зауыт белгісімен дайындалып жатты.
Жұма, 7 маусым 2013 2:30
ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХ. Көкшетау мен қала тұрғындары тағдырында айрықша орны бар «Оттегімен тыныстау аппаратуралары» зауытын салу жөнінде КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы 1953 жылы қабылданғанымен, оның құрылысы 1959 жылы аяқталған еді. Сол жылы құрылыс ұйымдары мен кеніштерге 400 вагонетка жөнелтілген болатын. Бірақ, бұл зауыттың негізгі өнімі емес еді. Келесі жылы түпкі мақ-сат жолындағы медициналық жабдықтар шығарыла бастады. Ал, 1964 жылы мұнай-газ өндірісі үшін редукторлар, «КБ-1» клапандары, жоғары қысымға шыдас беретін тетіктер дайындау игерілді. Тіпті, балалар ойыншықтары да зауыт белгісімен дайындалып жатты.
Зауыт 70-80-жылдары медициналық жабдықтарға қатысты жұмыстарды жандандырып, қолдан тыныс алдыру аппаратураларының жетілдірілген түрлерін көптеп шығара бастады. Халықаралық стандарттардағы бұл өнімдер социалистік елдердің емдеу-профилактикалық мекемелеріне, КСРО Қарулы күштеріне жөнелтіліп тұрды. Мұнда жыл сайын 16 миллиард теңгенің өнімі шығарылатын.
Тәуелсіз мемлекетіміздің өтпелі кезеңдегі табанды саясаты «Тыныс» атауын алған зауыттың шын мәніндегі тынысын ашты. Кәсіпорында 1996-2000 жылдары конверсиялық шаралар жүргізіліп, өндірістік бағыт өзгертілді. Халық шаруашылығына қажетті таразылар, есік құлыптары, өрт сөндіру құралдары, ыстық және суық су есептегіштер, газ монометрлері, ауыл шаруашылығы үшін жылжымалы минералды тыңайтқыш шашқыштар және басқа бұйымдар шығару қолға алынды.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖАҢА СЕРПІЛІС. Республика Үкіметінің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өнеркәсіпті әртараптандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында «Тыныс» акционерлік қоғамы 2003 жылы «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына енді. Бұл кәсіпорынның қайта түлеп, өрге басуындағы ұтымды қадам болды.
Белгісіз мерзімге демалысқа жіберілген білікті маман-жұмысшылардың жүзінде жалын ойнады. Зауыт ғаламат серпіліс құшағында еді. Араға бір жыл салып, яғни 2004 жылы акционерлік қо-ғамға халықаралық «TUY CERT» компаниясының сапа менеджменті жүйесіндегі «ISO 9001:2000» сертификаты тапсырылды. Бұл сол кездегі үлкен жетістік болатын. Қазіргі уақытта заманалық кәсіпорын қатарындағы «Тыныс» республикамыздың экономикалық өміріне белсене қатысушы ретінде әйгілі. Көкше зауыты бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Казатомпром», «Қазақтелеком», «Казтрансойл», «Казтрансгаз», «KEGOK» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компанияларға өнімдерін жеткізеді. Сондай-ақ, «Улан-Уде авиация зауыты» ААҚ, «Қазан тікұшақ зауыты» ААҚ және «МИГ» РСК ААҚ-пен әріптестік байланыс нығайып келеді. Жалпы, мұндағы экспорттық әлеует зауыт шығаратын өнімдердің тең жартысын құрайды.
«Тыныс» тауар өндіру көрсеткіштерін сатылап өсіріп келеді. Мәселен, 2005 жылы ол 501 миллион теңге деңгейінде болса, 2010 жылы 2,6 миллиард теңгеге жетіп, 523 пайыздық өсімді құрады. Ал, 2011 жылы 2010 жылға қарағанда 139 пайыздық көрсеткіш қамтамасыз етілді. Әр адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 2005 жылғы 833 мың теңгенің орнына 2011 жылы 5967 мың теңгеге көтерілді. Бас директор М.Керейбаев жетістік сыры өндірісті инновациялық технологиямен жаңғыртумен байланыстырады. Қажырлы еңбек ескерусіз қалмай, кәсіпорын 2005 жылдың қорытындысымен республика Үкіметінің «Сапа саласындағы табыстары үшін» сыйлығын иемденді.
Акционерлік қоғамның басты бағыты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өндірісті қуаттандыру мен жоғары сұраныстағы өнім түрлерін молайтуды көздейді. Игі қадам 2005 жылы қолға алынып, «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде диаметрі 10-нан 250 миллиметрді қамтитын полиэтилен құбырлары шығарыла бастады. Аталған өнім республикамыздың газ шаруашылығында да кеңінен қолданылуда. Германияның «Krauss Maffei» компаниясының жабдықтары орнатылған желіні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың іске қосуы зауыт өміріндегі елеулі оқиға саналады. Осы ретте, немістің әйгілі компаниясы 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілген екінші жобаға да белсене қатысқанын айтқымыз келеді.
Сондай-ақ, «Тыныс» цехтарында салааралық және өңіраралық экономикалық интеграция талаптарына сай өрт сөндіру құралдарының жетілдірілген 6 түрі, теміржолшылар игілігіндегі 55 атаулы өнім мен авиация саласына қажетті 16 түрлі жабдықты дайындау іске асырылды. Зауыт 2007 жылдан Көкшетауда құрастырыла бастаған «КамАЗ» жүк автомобильдеріне қажетті жергілікті тетіктерді шығару тізбесін көбейтіп келеді. Медицина саласында өкпені оттегімен тыныс алдыруды қамтамасыз ететін жаңа «Көкшетау-4П», «АДРМ» аппараттары жасалып, сынақтан ойдағыдай өтті және ол республикамыздың емдеу-сауықтыру орындары мен Қарулы Күштерінде қолданылуда.
«Тыныс» акционерлік қоғамының 2010-2015 жылдарға арналған стратегиясы нақты жоспарларға негізделіп, инвестициялық жобаларға тартымдылығымен тұжырымдалған. Мұнда 2010 жылы «Диаметрі 560-1000 миллиметрлік полиэтилен құбырлары өндірісі» аталатын бірінші жоба іске асырылды. «Даму – Өндіріс» бағдарламасы аясында алғашында екінші деңгейдегі банктің 16,5 пайыздық несие қаражаты жұмылдырылған болатын. Кейін пайыздық үстеме «Даму-Өндірістің» қайта қаржыландыруы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қолдауы және мемлекеттік қаражаттар есебінен айта қаларлықтай төмендеді.
Келесі, «2012-2017 жылдар аралығында газдандыру моделі бойынша құю өндірісін игеру» жобасы да мемлекеттің қолдауымен ойдағыдай жүзеге асып келеді. Мұнда да «Даму-Өндірістің» алғашқы кезеңдегі 12,25 пайыздық несие үстемесі 8 пайызға дейін төмендегенін өндірістің тұрақты да сенімді жолға қойылғанымен байланыстыруымыз керек.
Биылғы жылдың қаңтарында «Бронды жилеттер өндірісі» инвестициялық жобасы өнім бере бастады. Қызметтің жаңа бағыттарына және өндірісті әртараптандыруға бағытталған жобаның құны 1247138 мың теңгені құрайды. Ұмтылыс көп ұзамай тұтынушылар назарын аударды. Зауыт 2013 жылғы 25 сәуірде келісімшарт негізінде Қорғаныс министрлігіне алғашқы 2000 дана бронды жилеттерді жеткізді. Осы орайда, аталған келісімшарт бойынша 10000 дана өнім дайындау қажеттігін ескерсек, жобаға жұмсалған қаржы мерзімінен бұрын өтелетіндігін аңғаруға болады.
«Тыныс» АҚ басшылығы биылғы жылдың жоспарында «Маталық емес (геотекстиль) материалдар өндірісі» инвестициялық жобасын іске асыру қамында екен. «Қазақстан-Инжиниринг» ұлттық компаниясы жобаны пайызсыз несиемен қаржыландыру туралы шешім қабылдауы зауыт абыройын көтере түседі. Бұған қосымша, биыл ультрадыбыстық есептегіштердің, манометрлердің, резина-техникалық бұйымдардың жетілдірілген түрлерін кеңейту бағытында мақсатты жұмыстар атқарылмақ.
ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР. Елбасы өз Жолдауында: «Біз әлеуметтік-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдауға тиіспіз», деп атап көрсетті. «Тыныс» дәл осы ағымдағы кәсіпорын екендігін айғақтап отыр. Мұндай міндет ең алдымен экономикалық әлеуеттің артуымен жүзеге асырылады. Ұжым 2013 жылы 5083,8 миллион теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап, былтырғыдан 10 пайыздық артық көрсеткішті межелесе, үстіміздегі жылдың төрт айында 1594 миллион теңгенің өнімі шығарылып, жоспар 128 пайызға орындалды. Осы мерзімде алынған таза кіріс 161,4 миллион теңгені құрап отыр. Мұның өзі зауыттың әлеуметтік саясаттағы өнегелі қадамдарына жол ашатыны анық.
Қазір ұжымда 803 адам жұмыс істесе, оның 186-сы 30 жасқа дейінгі азаматтар. Бұл өзіндік ерекшелігі бар кәсіпорынның кадрлық құрамының тұрақтылығын айқындайды. Соған қарамастан, өркендеу бағытындағы зауытта білікті конструкторларға, электроншыларға, күрделі электромеханикалық жабдықтарды пайдаланушы және қызмет көрсетуші мамандарға сұраныс өсе түсуде. «Тыныста» жаңа қабылданған жұмысшыларды теориялық және өндірістік учаскелерде оқытуға 136 сағаттық уақыт бөлініп, қатаң сынақ алынады. Сондай-ақ, «Ұстаздық», «Тәжірибеден өту» жүйесі енгізілген. Инвестициялық жобалардың іске асырылуына байланысты 20 маман Польша мен Ресейде, 70 кісі Қазақстанның әртүрлі оқу орындарында білімін жетілдіріп, қайта даярлықтан өтіпті. Жастардың кәсіби, әлеуметтік-мәдени және рухани дамуына септік жасау мақсатында «Жас Тыныс» қоғамдық бірлестігі құрылғаны да құптарлық.
Жұмыс беруші мен ұжым арасындағы келісімшарт негізінде әлеуметтік қолдау шараларының ауқымы біршама кеңейтілген. Мәселен, бала күтіміне байланысты демалыстағы ана 3 жыл бойы еңбекақымен қамтамасыз етіледі, мектеп жасына дейінгі балаларға ай сайын 10 мың теңгеге дейін ақшалай көмек көрсетіледі, сәбилі болған отбасына 100 мың теңгелік «бауы берік болсын» байланады. Бұған қоса, зауыт жұмысшыларына оннан астам бағытта қаржылай қолдау қарастырылған. Акционерлік қоғамда «Қазақстан – менің мақтанышым!», «Ұлттық дәстүрлер», «Жігіт сұлтаны», «Күлкі алаңы», «Мамандығы бойынша озат», «Үлгілі цех, бөлім» байқауларын қызықты өткізу дәстүрге айналған. Бұл шаралар «Қазақстан-Инжиниринг» ұлттық компаниясының 10 жылдығы қар-саңында жаңа мазмұнмен жандана түспек.
«Тыныстықтар» тағы да бір игілікті бастама көтеріп отыр. Биыл олар көп жылдардан бері ұмыт қалған тұрғын үй құрылысымен айналысуды қолға алды. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Амандық болса, зауыт жұмысшыларына 45 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсыру салтанаты да алыс емес сияқты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Көкшетау.
–––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ.