Қоғам • 30 Шілде, 2019

Жиі жәбірленетін болашақ

447 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жақында ғана Шымкентте ескі гараждан үш жарым жасар қыздың денесі табылды. Құзырлы органдар оны құсыққа шашалып қайтыс болды деген қорытындыға келсе, анасы денесінде жарақаттары, көгерген іздері бар екенін алға тартып әрі куәгерлердің айтуынша, киімсіз табылған балауса өлімінің сараптамасына сенбейді. «Бала өмірі – басты назарда» деп аттандасақ та, неге олардың сұмдық жағдайда жәбірленуі жиілеп кетті? Салдарына емес, себебіне үңіліп көрейікші.

Жиі жәбірленетін болашақ

Бас прокуратураның статистикалық көрсет­кіштеріне сүйенсек, кәмелетке жет­пе­гендерді зорлау фактісі жыл ба­сынан бері 92 рет тіркелген, бұл был­тыр­ғы­мен салыстырғанда 26-ға көп. Ал 18-ге толмағандарға жыныстық сипаттағы күш көрсету әрекеттері өткен жылы мау­сым­ға дейін 54 рет тіркелсе, осы жылы бұл көрсеткіш 34-ке артық.

Биыл 2 сәуірде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­на­ма­лық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң арқылы Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі, Неке және отбасы туралы кодекстерге өзгерістер енгізілген. Кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткендерге бұдан былай 12 жыл емес, 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұған қоса бұл баппен сотталғандар жазасын өтеп шыққаннан кейін де педагогикалық немесе қандай да бір балалар мен жас­өс­­пірімдерге қатысты мекемелерге өмір бойы жұмысқа тұра алмайды. Ал қо­ғам­ға қозғау салатын бір өзгеріс әкім­ші­­лік жазаға енгізілген толықтыруда болып тұр. Балаларға қатысты кез кел­­­ген заң бұзушылықты құзырлы ор­ган­­дарға жеткізбей, жасырған білім, әлеу­мет, медицина қызметкерлері әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылмақ. Де­ген­мен, жазаның күшейтілуі немесе жауап­кершіліктің арттырылуы баланы қор­қынышты қауіптен қаншалықты қор­ғай­ды, мәселе сонда.

Құзырлы орган өкілдері де жауапқа тартылуы тиіс

Жақында ғана Бала құқықтары жөнін­де­гі уәкіл қызметіне тағайындалған Аружан Саин жоғарыда аталған үш са­ла­­ның қызметкерлері ғана емес, бала­лар­ға қатысты орын алған қандай да бір қылмысқа қатысты іс қозғамаған, бүр­кемелеуге тырысқан құзырлы орган өкілдері де жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді. Өйткені шалғай аудандар мен ауылдарда полиция әйтеуір біреудің танысы, яки туысы болып шы­ға­ды немесе қылмыскермен ауыз жаласады. Ал баланың құқығы таптала береді. «Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 25 сәуірдегі Мемлекет басшысымен кездесуімде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған кез келген, әсіресе сексуалды қылмыстардың аудан­дық ішкі істер бөлімі емес, Ішкі істер департаменті деңгейінде, облыстық проку­ратураның қатысуымен қаралуын ұсын­дым. Осы сәтті пайдаланып Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғыс айтқым келеді. Ол биылғы сәуір айының басында балалармен жұмыс істейтін барлық сала мамандарымен, бүкіл аудан әкімдері және құқық қорғау қызметкерлерімен қоса жиналыс өткізді. Сол кездегі баяндамамда жауапкершілік туралы мәселе көтердім. Абай ауылында болған жағдайды жасырды, соны мысалға келтірдім», дейді ол. «Оны мойнына алғандар қайда? Іс қозғамаған полицейге кім жауапты?» деген А.Саинның салмақты сауалына Түркістан облысының әкімі шенеуніктер мен құқық қорғау органдарынан бас­тап балаларға жасалған қылмысты жасырғандардың барлығын жазаға тартуды қатаң қадағалайтынын шегелеп айтқан. Сонан соң болған Сарыағаштағы сұмдық оқиғада балаларды сабаған өгей шеше сотталды. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары, мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылыпты.

«Осыдан мәселенің екінші жағы туындап тұр. Аталған облыста 18-ге жетпегендер арасындағы қылмыс екі есеге өскен. Неге? Себебі бала ересектердің қылмыскерді қолдайтынын көріп отыр. Немересі қысым көргенін әжесіне айтады, ал үйіндегілер баланың алдайтынын алға тартып, қылмыскерді қорғайды. Біз балалардың құқығын таптаумен ғана шектелмей, оларды қылмысқа итермелеп жүрміз», дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Өйткені оның ойынша, әлсіз топ қорғауға мұқтаж, өмір­лік тәжірибесі жоқ, содан барып «Мен ренжісем, мені емес, маған зиян кел­тір­ген адамға жақтасады. Егер мен жа­ман болсам, сонда ғана маған болыса­ды» деген өзіндік ой түйеді. Міне, жас­өс­пі­рімдер арасындағы қылмыс осыдан өршіп барады.

Мемлекеттік жүйедегі қателік

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Роза Ақылбекова балалар құқығының жиі бұзылу себебін мемлекеттік жүйеден іздейді. Оның айтуынша, бізде шын мәнін­де әрекет ететін, нәтижеге жұмыс істей­тін және баланың құқығын жүйелі түрде қорғайтын уәкілетті орган жоқ. «Комитет бар ғой дейсіз бе? Ол 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылды. Осының өзі мемлекеттік жүйедегі қателік болатын. Балалардың құқығын қорғау комитеті бола тұра оларды неге қорғай алмай келеміз? Себебі оның құзыреті бір ведом­ствоның қарамағында болып тұр. Ал ол негізінен Үкіметке немесе тіпті Мем­ле­кет басшысына тікелей бағынатын мекеме болуы керек еді», дейді осы салада 16 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан маман. Сарапшының пайымдауынша, бұл – тек бірінші қателік. Мемлекеттік жүйеден кеткен екінші ағаттық – коми­тет­­тің барлық өңірінде жұмыс істеп тұр­ған 16 департаментінің таратылуы. 2014 жылы елдегі дағдарысқа сәй­кес Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұйымдардың департаменттері қыс­­қартылған еді. Енді соның зардабын тартып отырғандаймыз. «Егер зерт­теп қарасаңыздар, департаменттер жабылғаннан бастап нашар практика орын алып келеді. Халық көп шоғырланған, туу көрсеткіші жоғары облыстарда балаларға зорлық-зомбылық көр­сету фактісі толастамай тұр. Шым­кент­тегі жағдай – соның айғағы», дейді Р.Ақылбекова.

Қайтпек керек?

Осы мақаланы жазу барысында шағын журналистік зерттеу жүргізуге тырыс­тық. Көп қабатты үйлердің ара­сын­­­дағы балабақшаны төңіректедік. Бір ана мектепке дейінгі ұйым ауласынан шыға бергенде баласына әлгі жерде күте тұруын ескертіп, өзі дүкенге кі­­ріп кетті. Сол сәтті пайдаланып, балдырғанды сөзге тарттық. «Сен кіш­кен­тай күшіктерді жақсы көресің бе?» деген сұраққа елпілдеп басын изеді. Тіпті ақ түсі ерекше ұнайтынын айтып салды. Сонда оған: «Анау көліктегі аппақ күшікті көргің келе ме?», деп ұсы­ныс білдірдім. Ол қуана кетті. Аз ғана ойланып тұрды да, қолымнан ұстап жетек­тегенге ерді. Дүкеннен шыққан шешесі бізбен келіскендей, өз баласына жасалған сынақты көзімен көрді. Аны­ғын­да ананың алаңдаушылығы артты. Ал бізді уайым­дататыны – дәл сондай ананың жалғыз еместігі. Қайтпек керек?

Балалар мен отбасылық қиындықтар кезінде тәулік бойы демалыссыз жұ­мыс істейтін 111 жедел қызметінің маманда­рымен, отбасылық психологпен байланыстық және шетелдік сарап­­шы­лар­дың кеңесіне жүгіндік. Сонда олардың бәрі бір ортақ ойға келісті: барлық нәрсе отбасынан бас­та­лады. Украиндық психолог Наталья Ходоленконың пікірінше, көбіне зор­лық-зомбылықтың, әсіресе осы тақырып төңірегіндегі жыныстық қорлықтың құрбаны болатын балалар – үйде «Ере­­сектердің айтқаны заң, тек солар ғана дұрыс ойлайды. Үлкендер кіш­кен­тай­ларды басқарады, олардың деге­ні­не көнуіміз керек. Солардың ғана сөзі жүреді, келіспесем мен кінәлі бо­лып шығамын» деген көзқараспен тәрбие­ле­нетіндер. Сондықтан мұндай бала­лар бөтен ересектің бұйрығына немесе арбауына тез түседі, өйткені оның өзіндік ойы қалыптаспаған, проблемадан өз бетінше шыға алмайды.

Бірақ жоғарыда осы ойды жазуға себеп­кер болған үш жарым жасар кейіп­кер нені біледі дерсіз? Иә, нені білуі керек еді? Н.Ходоленко троллейбуста жағымсыз қадамға бара бастаған әлде­кім­нің әрекетінен кейін бар даусымен ән айтқан бала күнгі құрбысын мысалға келтіріп, бейтаныс адамның тиіскеніне үн шығармайтын балаларды ең болмаса айғайлап, көмек шақыруға үйрету керегін айтады. Бірақ бұл пікірмен 111-лік балалар психологы Ая келіспейді. Оның ойынша, бұл баланы сенімнен айырып, үнемі үрей құшағында жүруге мәжбүрлейді. «Балаға күн сайын өзіне әлдекім жақындағанда айғайлауды үй­рет­сек, онда ол әр нәрседен секем алып жүретін болады. Бұл – балаға зиян», дейді жедел қызметтің өкілі. Ал «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, пси­холог Сымбат Әбдірахманова шетел­дік әріптесін керісінше қолдайды: «Тара­зы­ның екі жағына баланың үрейі мен қауіпсіздігін қояйық. Қайсысы біз үшін маңызды? Мен де үш бала тәрбиелеп отырған анамын, баланың өміріне ең алды­мен біз – ата-аналар жауапты екені­мізді ұмытпағанымыз абзал. Әрі ана, әрі психолог ретінде бүлдіршінді жас ерек­шелігіне қарай қауіптің алдын алуға, кез келген қиындықтан шығу­ға, қажет нөмірлерді жедел теруге үйре­туі­міз керек», дейді. Расында, 13 жасар жасөспіріммен ашық әңгімелесіп, сырласы екенін сезіндіруге, ал 3-тен асқан балаусаға конфетті үйдегі адамдардан ғана алуға дағдыландырсақ болады.

Ал қандай да бір қиянат көргендер, нақтырақ айтсақ, жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын өзі білмейтіндер немесе айтуға қорқа­тын­дар­ды ата-аналары мен жақындары, мұға­лімдері қалай білуге болады? Пси­хо­­логтардың пайымдауынша, олар күрт тұйықталып кетеді, ересектер ұсынған қандай да бір заттарды жек көрініш сезімімен лақтырады, мінез-құлқында ауыт­қулар болады, тәбеті тым нашар­лап немесе қатты ашылып кетеді, қорқы­ныш­ты түс көреді, ұйықтай алмайды, жақын­дағаннан жиіркене бастайды. Күдігіңіз сейілмесе, сурет салғызып көрі­ңіз. Егер бала ағаштың қуысын бейнелесе және күлгін түсті көп қолданса, онда шұғыл шешімдерге баруға тура келе­тін көрінеді.

Болашақты сақтау бүгіннен басталады

Соңғы бес жылда, яғни 2013-2018 жылдар аралығында 4740 бала азғын­дар­дың құрбанына айналған. Оған бұрынғы һәм таусылмай тұрған биылғы фак­тілерді қосқан жоқпыз. Бұл іс оңал­маса, қоғамдық дағдарыс ендігі аз күнде ұлттық проблемаға айнала ма деп қор­қа­сың. Бірақ мұнан да әріге терең­де­сең, ертеңге елеңдейсің: бүгін зәбір көріп өскен буын келешекте қандай қоғам қалыптастырады? Көңілді күпті ететіні де, жаныңды жегідей жейтіні де, тым толғандыратыны да – осы ой.