«ҚазАгро» АҚ-тың жүргізіп отырған жұмысы
Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:02
Көшпелі отырыста көп нәрсеге көз жеткізілді
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысы әдеттегіден өзгешелеу жағдайда өтті.
Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:02
Көшпелі отырыста көп нәрсеге көз жеткізілді
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысы әдеттегіден өзгешелеу жағдайда өтті.
Оның мәнісі мынада еді. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының іске асырылуына мониторинг жүргізетін сараптау тобына кіретін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары көшпелі отырыстарын өзгеше тұрпатта ұйымдастырды. Олар бұл үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингі желісі бойынша жүзеге асырылатын мал шаруашылығы жобаларының біріне жолаушылап атбасын тіреді. Саланың келешегі мен келелі мәселелерін талқылау Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында орналасқан «KazBeef ltd» ЖШС репродуктор-шаруашылығында жүргізілді. Бұл нысанға бару барысында «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен келешегі» тақырыбы бойынша алда болатын парламенттік тыңдауға ұсынылатын ой-пікірлер пысықталды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ибраевтың жетекшілігіндегі сараптау тобы шаруашылықтың ағымдағы жағдайымен, репродуктордың инфрақұрылымымен жете танысты. Жайылымдық жерлердің жай-күйіне қанығып, сумен жабдықтау, техникалық және технологиялық базалардың жұмысына жіті назар аударды.
«KazBeef ltd» ЖШС асыл тұқымды шаруашылығын құру – Қазақстандағы қазіргі іске асырылып жатқан ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі алғашқы тәжірибелердің бірі болып табылады. 2010 жылы ұлттық холдинг республикада асыл тұқымды шаруашылықтардың (репродукторлардың) желісін құруды болжайтын инвестициялық бағытты бекіткеннен кейін «ҚазАгроӨнім» АҚ арқылы Солтүстік Дакота (АҚШ) штатынан ангус және герефорд тұқымды 1327 сиыр мен 20 бұқа сатып алды.
Қазіргі таңда «KazBeef ltd» ЖШС-да жалпы ірі қара табынының саны бордақылау алаңындағы малды қосқанда шамамен 9 мың бас құрайды, оның ішіндегі 3 мың 500 басы аналық мал.
Бүгінде асыл тұқымды малдар жайылымға шықты, әлі де бұзаулап жатыр. Бекітілген және жалға алынған аумақтарды қоса есептегенде жайылымның жалпы алаңы шамамен 140 мың гектарға жетеді. Мұнда 4 желсорғыш жүйесі орналастырылып, 32 суару орны салынған. Сонымен қатар, 36 шақырымдық су құбыры тартылған. Шаруашылық болашақта асыл тұқымды мал басын 10 мыңға дейін, соның ішінде аналық малды 5 мыңға дейін көбейтуді жоспарлауда. Нәтижесінде былтыр 660-тан астам бұқа өзге шаруашылықтарға сатылыпты. Таңдаулы ангус және герефорд тұқымдары Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының шаруа қожалықтарына жөнелтіліпті.
«KazBeef ltd» ЖШС атқарушы директоры Бейбіт Ерубаевтың пікірінше, алдағы уақытта шаруашылық жемшөп базасын барынша нығайтуды қолға алады. Сөйтіп, жақсы жетілдірілген репродукторға ие бола отырып, бордақылау алаңынан бастап етті өңдеуге және оны одан әрі экспорттауға дейінгі заманауи жүйесі бар тікелей ықпалдасқан компанияға айналу міндеті тұр. «Қазір біз жаңа өнім – мәрмәр етін өндіруді ойластырудамыз. Мұндай етті Қазақстанның және Ресейдің, Қытайдың, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттауымыз қажет. Бұл біздің алдымызда тұрған зор міндет. Таяудағы 5-7 жыл ішінде бірталай жетістіктерге қол жеткіземіз деген жоспарымыз бар» дейді Бейбіт Ерубаев.
Сараптау тобының өкілдері шаруашылықтың жүргізіп отырған жұмысына оң баға берді. Малды күтіп бағудан және техникалық жарақтандырудан бастап тиімді менеджмент пен түлікті өсірудегі озық әдістерге дейінгі инновациялық технологияларды қолдану тәсілі ерекше аталып өтілді. Алайда, Парламент депутаттарының пайымдаулары бойынша, жемшөп өндірісі мен ветеринариялық қызмет көрсету мәселелеріне әлі де болса көп көңіл бөлу керек тәрізді. Сарапшылар жалпы елімізде мал шаруашылығы бағдарламасын іске асыруға кешенді шешім қажеттілігін тағы бір мәрте ескертті.
«Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі сараптау тобының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ибраев былай дейді: «2010 жылғы кезеңмен салыстырғанда, қазіргі таңдағы айырмашылық жер мен көктей. Халық жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға шын мәнінде зор мән береді. Дегенмен, бәрі де жүзеге асырылды деу әрине, ертерек. Бізде әлі де болса біраз тер төгетін мәселелер мен нәрселер жеткілікті. Біріншіден, малды азықтандыру және берік жемшөп қорын құруымыз кезек күттірмейді. Екіншіден, ветеринариялық қауіпсіздікті дамытуымыз керек. Сонда ғана жетістіктерге жететініміз сөзсіз.
Өз кезегінде, жобаны қаржыландырушы компания – «ҚазАгроӨнім» АҚ басқармасының төрағасы Александр Солюлев еліміздегі мал шаруашылығының жоғары әлеуеті туралы пікірін айтты. Ол осы ретте республиканың экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы өнімдерін өткізуден астық секторымен салыстырғандағы көлемде, тіпті одан да көп валюталық түсім алуға болатындығын атап өтті. «ҚазАгро» холдингіне қарасты еншілес компанияның басшысы жаңа технологияларды өндіріске батыл енгізуге шақырды.
Көшпелі отырыстың қорытындысында біраз түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылып, алдағы істелетін жұмыстың нобайы да анықталған тәрізді. Оның шаруашылыққа тигізер пайдасы да мол болмақ.
2011-2012 жылдары республикада жалпы қуаты 35,2 мың бордақылау орны бар алаңдар салынды. Оның ішінде «ҚазАгро» ұлттық холдингі қаражаты есебінен 17,7 мың бордақылау орны ашылды. Осы кезеңде репродукторлар құру шеңберінде республикаға 30 мың асыл тұқымды ірі қара малы әкелінді. 22,7 мың сиыр «ҚазАгро» холдингінің қаражаты есебінен сатып алынды.
Жалпы «ҚазАгро» ұлттық холдингі компаниясы тобының қаржыландыруымен фермерлік шаруашылықтарды дамыту бағдарламасы аясында 2011-2012 жылдар аралығында ауыл тұрғындары 115 мың ірі қара малын және 4,5 мың асыл тұқымды бұқа алды. 2013 жылы холдингтің қолдауымен шаруашылықтар 20,3 мың сиырмен және 1167 асыл тұқымды бұқамен қораларын толтырды.
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ агроөнеркәсіптік кешен саласында қызметін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды тиімді басқару үшін 2006 жылы құрылған болатын. Холдингтің құрамына «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроӨнім» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроКепіл» АҚ, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ кіреді.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».