Қоғам • 31 Шілде, 2019

Қоғамдық кеңес қайткенде күшейеді?

702 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Әлі күнге дейін аталған институтты жетілдіру, оның жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты сын-ескертпелер толастамай тұр. Мемлекет пен халық арасындағы диалог алаңына айналады деген мақсатпен құрылған қоғамдық кеңестер өз міндетін толық атқарып жүр ме?

Қоғамдық кеңес қайткенде күшейеді?

Қазақстанның барлық өңірін қам­ты­ған қоғамдық кеңестер 2016 жыл­дың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Министрліктердің, орта­лық атқарушы орган­дардың жанынан, сондай-ақ мемле­кеттік басқару­дың республикалық және жер­гілікті дең­гейлерінде консуль­татив­ті-кеңесші, бақылаушы орган ретін­де құрылған бұл институт бюджет қара­жатын тиім­ді пайдалануға, мемле­кеттік қызмет­тің сапасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оң ық­па­лын тигізеді. Яғни, атқарушы орган­дар қоғамдық кеңестер арқылы шешім қабылдарда қоғамдағы маңызды мәсе­лелерге мән беріп, көпшіліктің пікіріне жүгінеді. Бұл әрі мемлекеттік қызметтің ашық­тығын қамтамасыз етеді.

Қоғамдық кеңестердің құрыл­ға­ны­на көп бола қоймаса да осы ұйым­­­ның жұмы­сын ілгерілетуде көлбең­­дей­тін көл­денең мәселелер де аз емес. Ондай түйт­кілді сұрақтардың басында қоғамдық кеңес­тердің құрамы­на қатысты мәселе тұр. 2015 жыл­ғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда қоғамдық кеңес­тегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемін­де үштен екісін құрауы тиіс екені көр­сетілген. Соған қарамастан, қоғамдық ке­ңестің басым бөлігін құрайтын азамат­тарды қарапайым жұрт біле бермей­ді. Оның мүшелері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатпағандықтан, әлеу­­мет­тің өзекті мәселелері тиісті орын­дар­ға жетпей жатады. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институты әзірлеген «Қазақ­стан­дағы қоғамдық кеңестер: дамудың не­гізгі трендтері» атты сараптамасын­да кеңестердің белсенділігі оның мү­ше­лері­нің белсенділігіне байланысты екені айтылған. Сауалдамаға қатыс­қан сарап­шылардың пікірі бойын­ша, кеңес мүшелерінің саяси салмағы­ның әлсіздігі, олардың шын мәнінде қоғам­­дық кеңестердің қызметіне аса құлық­­ты еместігі, жалпы жүктелген мін­дет­ке жауап­кершілікпен қарамауы – атал­ған инс­титут­ты дамытудағы бас­ты кедер­гілердің бірі. Сонымен қатар бел­гілі бір мемлекеттік органның жаны­нан құ­рылған кеңес мүшелері сол ме­ке­ме­­нің зейнетке шыққан бұрынғы қыз­мет­керлері екені де айтылады.

Биыл ақпан айында елор­дада өткен қоғам­дық кеңес­­тердің ІІ республи­ка­лық мәжілісінде сол кезде­гі Қоғамдық даму министрі Дар­хан Кәлетаев қоғам­дық кеңестер құдды бір «ақса­қалдар жиналысына» айналып кеткенін, кеңес құрамында 60 жастан асқандардың үлесі 35%-дан асатынын айтқан еді. Сондай-ақ ол гендерлік тепе-теңдіктің сақталып отыр­ма­ғанына назар аударып, кеңес мүшелерінің төрттен үш бөлігін ер-азаматтар құрай­тынын атап өткен. Бұған қоса қоғамдық кеңестердің құ­рамында жастардың да қата­ры аз. Олардың үлесі бар бол­­ғаны 5,5% екен. Қоғамдық ке­ңес­тердің құрамына қатыс­ты сарапшылар тарапынан та­ғы­­латын сынның бірі – оның мүшелігіне әртүрлі сала мен санаттағы өкілдердің тең­дей тартылмағандығы.

Бүгінде көпшілікпен байланыс орнатудың кең ауқым­ды құралы – әлеумет­тік желілер. Ал осы интер­нет беттерінде халық пен би­лік­тің арасындағы түсіністік­тің дәнекері болады деп сенім артылған қоғамдық кеңес­тер аса белсенділік та­ныт­­пай келеді. Тіпті кейбір қоғам­дық кеңестердің арнайы веб-сай­ты да ашылмаған, ашыл­ған сайттардың өзі соңғы жаңа­лықтар­дан хабардар етіп, уақтылы жаңартылмайды. Сондықтан халық арасында қоғамдық кеңестердің жұ­мысынан, тіпті мұндай ұйым­ның барынан бейхабар адамдар да кездеседі.

Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қоғамдық кеңестердің ашықтығына әжеп­­тәуір әсерін тигізеді. Мә­се­лен, кеңестер мемле­кет­тік органдардың веб-сайт­тарында өз жұмыстарының нәтижелерін жариялау мен тарату жағына келгенде мем­лекеттік қызметшілерге күні қарап қалады. Бұл – қо­ғам­дық кеңестер әлі де мем­лекеттік органдарға тәуел­ді деген қалыптасқан түсі­ніктің бір мысалы ғана. Мұндай жағ­дайларға қоғамдық кеңес­ке мүше болғандардың өз міндетін толық ұғына алмауы да ықпал етеді. Жасалған сараптамалар көрсеткендей, кейбір кеңес мүшелері қоғам мен билік арасында байланыс орнатудың, маңызды шешімдер қабылдауда азаматтарды талқылауға қа­лай шақырудың, қоғам­дық мониторингті қалай жүргізу­дің жөнін біле бер­мейді. Сөй­тіп мемлекеттік қы­з­­мет­­шілер нұсқаған бағыт­пен әрекет етуге тура келеді.

Сонымен қатар қоғамдық кеңестер жергілікті мәслихат­тар­дың қызметін қайталайды деп санайтындар баршылық. Мәселен, жоғарыда айтқан Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалдамада осы ойды са­рап­шылардың 38,5%-ы құп­та­са, кеңес мүшелерінің 32,5%-ының аталған уәжге қарсылығы болмаған. Оның үстіне жергілікті мәсли­хат­тардың депутаттары қоғам­дық кеңестерге де мүше болып жатады. Кейбір азамат­тардың екі институт – қо­ғамдық кеңес пен мәслихат­қа бірдей мүше болуы аза­маттық қоғамның дауысын шектеуі мүмкін.

Бүгінде қоғамдық кеңес­терді дамытудағы аталған мәселелер ескеріліп, жаңа тетік­терді енгізу жайы қарас­ты­рылып жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлі­гі Азаматтық қо­ғам іс­тері жөніндегі коми­теті­нің төрағасы Әлия Ға­лымова қоғамдық ке­ңес­тер­дің маңызын арттыра­тын фак­тор­лардың бірі ретін­де заңна­маны жетілдіру еке­­нін атады. Осы бағытта түзе­ту­лердің негізгі пакетін күз­де Үкімет пен Парламент Мә­жі­лісіне ұсыну жоспар­ланып отыр екен.

Мыса­лы, бұ­рын қоғамдық кеңес мү­ше­лерінің сайлануын анық­тайтын жұмыс тобына мем­лекеттік органның бас­­шы­сы жетекшілік етсе, қазір азаматтық қоғамның өкілдері өздері басқарады. Бұл қоғамдық кеңестердің дербестігін күшейтуге ықпал етеді. Заң жобасымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері үшін жаңа құқықтар мен өкі­лет­тіктер енгізіледі. Бұған қоса қоғамдық кеңестердің ұсы­ныс­тарының орындалу мәселесі де бір жолға қойыл­мақ. Енді мемлекеттік орган­дардың ұсыныстарға бір айдың ішінде дәлелді жауап беруі тиіс екендігі көрсе­тілген норма күшіне енбек.

Жалпы, билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері саналатын қоғамдық кеңестердің жұмысын жетіл­діру, жаңғырту үшін оның дамуына кері ықпалын тигізетін осындай кедергілер кеңінен талқыланып, оларды жою бүгінде басты назарда тұр. Осы мақсатта екі жылда бір рет дәстүрлі түрде қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісі ұйымдастырылады, сондай-ақ жылына бір рет сарапшылар институтты дамытудың жай-күйі туралы кешенді баяндама жасайды. Қоғамдық кеңестердің жұмысына баға беріп, алдағы даму бағытын айқындайтын сондай баяндама биыл қараша айында дайын болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 231 қоғамдық кеңес бар. Оның ішінде 15-і республи­калық деңгейде, 17-сі облыс орта­лық­тары мен Нұр-Сұлтан, Ал­маты және Шымкент қала­ларын­да, 199-ы қала мен ауыл­­дық деңгейде құрылған. Қо­ғам­­дық кеңестердің мүше­ле­рі – 3570 адам. Оның 3305-і – өңір­лердегі қоғамдық ке­ңес­­тің өкілдері. Қалған 265-і ор­та­лық мемлекеттік органдарда істеп жатыр.