Руханият • 31 Шілде, 2019

Адамгершілікке зәру мамандықтар

938 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Әлмисақтан күйбеңі көп, енді күйзелісі көбейген тіршіліктегі мылтықсыз майданда ендігі жерде тек түсіністік пен имандылық қана бір мәнге бөлей алатын шығар?!

 

Адамгершілікке зәру мамандықтар

 

Барлығы да жеткілікті сияқты заманда баршамызға бір мейірім жетпей тұрғандай ма, қалай? Сүрінгенді демейтін, қисайғанды түзейтін, дертті болғанды емдейтін де алдымен жылы сөз, адамгершілік. Түсіністікпен суарылған адамгершілік өмір салтына айналмаса, онда біз тек өзі үшін өмір сүретін, тек өзін сүйетін Z ұрпақтың ізімен жаһанданудың жықпылы көп жыныс ормандарында адас­қанымыз адасқан. Осындайда «адасып жүрген адамдардың» алдынан жақсы мамандар жолықса деп тілейсің.

Ал кез келген мамандық адамдықтан бас­тау алу керек десек те, кісілік мен кішілік қасиеттерге ерекше зәру мамандық иелері бар. Әсіресе бұл адамдардың тағдыры мен әлеуметтік өміріне тікелей араласатын сала­лар­дың өкілдеріне қатысты.

Ендеше «адасқан» адамның бірінші жаны ауырады. Жеңіле келе тәні дертті болатыны тағы да аян. Мұндайда алдымен науқастың бетін бері қарататын дәрігердің жылы сөзі екені есті адамның бәріне мәлім.

Бір жағынан кез келген адамның саған деген қарым-қатынасы – сенің ол адамға деген қарым-қатынасыңның айнасы. Осындайда дәрігер достың әңгімесі ойға оралады. Ол жұмыс істейтін емханада екі әріптесі бар көрінеді. Бірі күйгелек, ашушаң, сабырсыз болса керек. Екіншісі аса сабырлы, мейірімді, үстінен түйе өтіп кетсе де былқ етпейтін адам екен. Сол досым айтады: «Күйгелек дәрігердің кабинетінде науқастары да шеттерінен айғайлап, өлдім-талдым деп ыңқылдап, әлгі дәрігер де ашу шақырып, зіркілдеп жатады. Керісінше, мейірімді, сабырлы дәрігердің пациенттері оның кабинетіне кірген сәттен тыншу тауып, «үнсіз» ауырып отырады» дейді...

Адамгершілікке құрылған мамандықтың енді бірі – мұғалімдік. Түсінігі терең, кісілігі мол мықты ұстаз алдына келген шәкірттің кейде ата-анасынан ала алмаған тәрбиесін беріп, тілін тауып, тағдырын танып, өмірлік бағдар бере алатынын көріп келеміз.

Дегенмен бүгінгі мына заманда мәдениет, ұлттық намыс, тіпті қарапайым кісілік қасиет­терге зәру мамандардың алдыңғы легінде құқық қорғау органдары қызметкерлері мен жол ережелерін қадағалайтын саланың өкілдері тұр. Аталған саланың мамандарын алдымен адамгершілікке бұру жолында талай рефор­малар жүрді. МАИ қызметкерлерінің міні үлкен мінберлерден айтылып, құқық қор­ғау саласы өкілдерінің өктемдігін тоқтату мақ­сатында сан рет мәселе көтерілді. Өкінішке қар­ай үлкен өзгерістер жоқ. Керісінше, бұл сала­ның өкілдерінде әлі де адамгершілік пен мәде­ниеттің жетпей жатқаны өкінтеді. Қоғам­ның бүкіл өмірін өзгерту үшін де алдымен осыларға адамгершілік тән болсын деп тілейс­ің. Баяғы қуғын-сүргін жылдарын­дағы­дай полициямыздың НКВД жандайшаптары сияқты айыпты болып алдына келген адамдар­дың, күдікті деп тергеліп отырған жандардың кіріптар кейпінен ләззат тауып, дөрекілік танытып, әлімжеттік көрсету пи­ғылы әлі де өкшемізден қалмаған...

Дәл осы менталитеттен арылғанда ғана біз нағыз зайырлы қоғамға келеміз. Іздеп жүрген демократиямыз да осы ізгілікке құрылған.

Ендеше, айтып отырған датымыз айғақсыз бол­масын. Жұмысқа асыққан мыңдаған көлік­тер­дің бірі болып, жөңкіліп келеміз. Ілуде біреуі болмаса, жүргізушілердің барлы­ғы да жол ере­жесін сақтайды, үлкен жолды сыйлайды.

Артымыздан ілескен машинаның бірін МАИ қызметкерлері өктем дауыспен, дыбыс ұлғайтқышпен «Прими вправо, останови машину!» деген дөрекі формада тоқтатты. Жыпылықтаған жасылға үлгере алмай, сары мен қызыл бағдаршамның ортасында қалған болу керек. Мүмкін айыбы басқа да болар. Жүргізуші «Мәдениетті сөйлемеді», «мем­лекеттік тілде тоқтатсын», «Орысша түсін­бей­мін» деп тоқтамай кетсе де болады. Бірақ онда екі есе айыпты болатынын біле­тін жүр­гізу­ші тоқтады. Рульде үлкен кісі отыр екен. МАИ көлігінен екі көзі ақила­нып, еді­рең­деген жас жол инспекторы атып шық­ты. Тура қорқынышты киноның жағым­сыз кейіп­керіне сұранып тұрған бейне. Бетінде бір түйір интеллект болсайшы.

Алқынып қуып келетін полиция экипаж­дары­ның басым бөлігіне осы бейне тән. Айып­пұл салуды немесе ереже талаптарын түсін­діруді ғана ойлап тұратын инспектордың сана­сына ол жете қоймайды. Өзін қарапайым халық­тың көзімен көрмейді. Демек, бұл Ішкі істер ми­нистрл­ігіндегі тәрбиелік жұмыстар мен мем­ле­к­еттік қызметшілер этикасы ереже­лерінде ескеретін негізгі бағыттардың бірі болуы тиіс.

Жұрттан тәртіп сұраған адамның өзі алдымен адамгершіліктің ең қарапайым ережелерін сақтаса екен.