Ең алдымен Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша биыл жарты жылда атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Бұл бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова жоспардың ойдағыдай орындалмай жатқанын жасырмады. «Өкінішке қарай алты айлық қорытынды бойынша 39 көрсеткіштің тоғызы жоспарға сай емес. Атап айтқанда, Қостанай, Маңғыстау облыстарында 8 индикатор көрсеткіш бойынша жоспарлы деңгейге жетпеді. Оның ішінде ана өлімі, нәресте өлімі, жалпы өлім, жүрек-қантамыр аурулары төмендемей тұр. Мысалы, ана өлімі бойынша көрсеткіш шамадан тыс жоғары. Яғни 100 мың жаңа туған нәрестеге шаққанда Қостанайда 36,1, Қарағанды өңірінде 26,4 және Атырау облысында 25,2 көрсеткіш. Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Ал жалпы өлім бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жоспардағы көрсеткіштен асып бара жатыр», деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, алғашқы медициналық жәрдем бойынша да түйткілді мәселелер әлі бар. Әсіресе, емханалардағы жалпы тәжірибелік дәрігердің жүктемесі әлі де болса азаймай отыр. «Жоспар бойынша бір жалпы тәжірибелік дәрігерге 1700 адам қаралуы керек болса, Алматы облысында бір дәрігерге 2900 адам, Қостанайда 2700 адам, Павлодарда 2500 адам қаралады. Бұл көрсеткіштер жыл сайын азаюы керек еді. Мұндайда жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жалақысын өсіріп, әлеуметтік көмек көрсету арқылы олардың жекеменшік емханаларға кетіп қалмауына жағдай жасау керек», деді ол.
Биыл маусым айында Премьер-Министр Асқар Мамин медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Осы негізде қолға алынған жұмыстарға тоқталған Айнұр Айыпханова: «Бұрын мұндай жоспарлар министрліктің деңгейінде ғана бекітілетін. Ал бұл өкімнің Үкімет деңгейінде бекітілуі арқылы жергілікті атқарушы органдардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік туды. Мысалы, маман жетіспеушілігін азайту мақсатында сол жоспар негізінде биыл медицина саласын бітірген жас дәрігерлердің жартысы ауылдық жерлерге жіберілді. Сондай-ақ медицина саласының мамандарын дайындауға арналған гранттардың көбі жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығына бөлінеді. Тағы бір жағымды жаңалық – биыл күзден бастап тұңғыш рет жалпы тәжірибелік дәрігердің резидентурада оқуына 700-дей оқу гранты бөлінбек. Осы арқылы сан да, сапа да артатыны мәлім», деді.
Бұдан өзге алқалы жиында 2019-2020 жылдарды қамтитын бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шараларының жоспары, 2019 жылға арналған ана өлімін азайту бойынша жедел жоспар, 2019-2021 жылдарға арналған балалар өлімін азайту бойынша шаралар жоспары, кадрлық қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау саласына инвестициялар тарту мәселесі қаралды.