Аймақтар • 31 Шілде, 2019

Кентте әкім де, су да жоқ

314 рет көрсетілді

Жуырда Махмет Демесінов ақсақал бастаған тұрғындардың шақыруымен Павлодар қаласына қарасты Ленин атындағы кентке барып қайттық. Сапарымыздың мақсаты – кент тұрғындары бетпе-бет қалған өзекті мәселелермен жақыннан танысу еді. Сөйтіп...

Кентте әкім де, су да жоқ

 

Биыл ақпан айында ғана таға­йын­далған әкім Болат Файзуллин де қыз­ме­тінен кетіпті. Одан бұрынғы әкімдер Жеңіс Әбікен, Дәулет Тайгулиндер де өз міндеттерін дұрыс атқара алмай, Тай­гулин істі болып бір жылға жетпей кенттен кеткен-ді.

Әкімдер тұрақтамайтын ауыл­­дың жағдайы айтпаса да түсі­нікті. Тұрғындардың талап-өті­ніш­тері­не орай «Өңірлерді да­мы­ту­дың-2020 жылға дейінгі бағ­дар­­ла­масы» аясында 2016 жы­лы ор­­та­лықтандырылған су құ­бы­ры­ның құрылысы бас­талады. Бұл мақ­сатқа респуб­ли­ка­лық бюджет­тен 2 млрд теңге бөлін­ген-ді. Өт­кен жы­л­дың маусым айын­да құ­быр құ­рылысы пайда­ла­нуға берілді.

Сөйтіп, 10 мыңнан аса халық тұ­ра­тын кенттегі 2368 үйдің жартысы орта­лықтандырылған су жүйесіне қо­сы­­лады. Яғни, 52 көшеге аулаішілік су құбыры жүргізіліп, 1880 тұрғын үйге су желілері тартылған.

Ал «ЭкоСервис» ЖШС-1 тұр­ғын­дарға әрбір метр құбыр тартып бергендері үшін жұмыс­тарын 2500 теңгеге бағалайды. Әр көшедегі құдық пен үйдің ара қашықтығына байланысты үй басына 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін төлейді. Су тарту жұмыстарымен 3 бригада айналысады.

Құрылысқа жауапты мердігер компания – «Ай-Су Мелиорация» ЖШС мамандарының айтуынша, құбырдың жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асады. Жоба бойынша, 3 метр терең­дік­ке диаметрі 225, 200 мм болатын құбырлар төселіпті. Құрылысқа қажетті материалдар Қарағанды облы­сы­нан жеткізілген. Кент сыртында суды тазалайтын 5 тазалау кешені ор­на­­ласқан.

Бірақ тұрғындар қазір ауыз суды белгіленген кесте бойынша ғана алуда. Өйткені судың қысымы өте төмен. Бір шелек су алу үшін сағаттап күтеді.

– Бұған себеп, тазарту жұ­мыс­­тары жүр­гізілген кезде су көлемі тұты­ну­шыларға жет­пеу­де. Сондықтан «Коммун-Сер­вис» кәсіпорны су беру кес­­­те­сін бекітті, – дейді кент әкімі­нің мін­детін атқарушы Әлия Ибраева.

– Жылдар бойы орталық­­танды­рыл­ған су жүйесін күтіп едік. Құбырды үйге дейін тартып алдық. Бірақ су жоқ. Кен­­тіміздің су құ­бы­ры­на Айнакөл ауы­­лын да қосқан көрінеді. Енді халық қайтіп сусыз күн көреді? – дейді кент­тің қоғам­дық кеңесінің мүшесі Жанар Болатқызы.

Екіншіден, тұрғындар үшін судың та­рифі де бекітілмеген, кейбір тұр­ғын­дар бау-бақшаларын да суаруға кірісіпті.

– Әрине, егер тариф бекітілсе, біз де қаладағыдай суды тұтын­ға­нымыз үшін ақшасын төлейміз, әрі үнемді болар еді, – дейді Жанар Болатқызы.

Тұрғындар дұрыс тазаланбай келе­тін ауыз суды күнделікті асқа пайдала­на алмайтындықтан бақшаға жі­бе­­ре­тіндерін айтады. Олар бұған дейін ауыз суды 6 блок-модуль кеше­нінен алып пайдаланып келген. Құ­рыл­ғы­лар­дың бесеуі мемлекеттік, біреуі жекемен­шіктің қолында. Су бағасы бірдей. 40 литр су – 20 теңге.

Жергілікті әкімдіктің құжат­та­рын­да «Кентті сумен қамта­ма­сыз ету желі­лер құрылысы бағ­дар­ламасының» әкім­шісі қала­лық құрылыс бөлімі еке­ні көрсе­тілген. 2016 жылдың қазан айында «Ай-Су Мелиорация» ЖШС мердігерлік ұйымы кент аумағындағы жерасты су көз­де­рін пайдалану арқы­лы сумен қамтамасыз ететін желілер құры­лы­сын бастайды. 2017 жылғы ақпан айында кент әкімінің «Пав­ло­дар­көпіржобасы» ЖШС директоры К.Иманалиевпен, қалалық құ­­ры­лыс бөлімінің басшысы С. Звон­ков­скиймен, «Ай-Су Мелио­ра­ция» ЖШС директоры В.Левчен­ко­мен бірлесіп теміржолмен су құбыры желілерінің қиылысуы, су құбыры желілерімен қамтамасыз етілмеген көшелерді қосу туралы, жобада алдын ала қарастырылмаған мәселелер туралы келісу бойынша кеңес өткізген.

Яғни, жоба бойынша 38 шақы­рым су құбыры желілерін тарту керек болса, іс жүзінде 54 шақырым тартылады. Құдықтарды құрастыру жоба бойынша 522 дана болса, ал іс жүзінде 846 дана.

Бұдан басқа 2 трансформаторлық кішігірім станса, 2 таза су сүзу қой­масы және қоршаулар орнатылады. Техникалық құрылғыларды іске қосу, жөндеу жұмыстары, істе­ліп, сыртқы жарықтандыру құрас­ты­рылған техно­лог­иялық алаң мен кіреберіс жолдарға асфальт төсел­ген.

Мердігер компания басшысы Ва­ле­рий Левченконың сөзіне қара­­ғанда кенттің жерасты суында темір, бор сияқ­ты химиялық элементтер кез­де­се­ді. Ал суды тазалағыш қон­дыр­ғының арнайы мембраналарынан өткі­зу арқылы тәулігіне 500 текше метр көлемінде қалдық шығарылатын көрі­неді. Сондықтан сүзгіден өткізу алаңын салу үшін 500 миллион теңге көле­мінде қаражат қажет.

Енді, кент тұрғындарының «судың жетпей, келмей тұрғанына себеп – біздің құбыр жүйесіне Айнакөл, Сынтас ауылдарын қосып жібергендіктен» дегеніне тоқ­та­лайық. Әкімдердің ха­лық­­пен кез­де­суінде кент тұрғыны Сейіл­­­хан Сейсенбаев кент пен Айна­­көл ауылының су құбырлары жоба­сы­­ның біріктірілгеніне нара­зы­лық біл­дірген-ді. Сол кездесуде Сейілхан Сейсенбаевқа жауап берген облыс әкімі Болат Бақауов. Кентте қазылған әрқайсысының тереңдігі 420 метрді құрайтын 5 ұңғыманың қуаты Айнакөл ауылы мен 10 мың тұрғыны бар кентті сумен қамтамасыз етуге жеткілікті. Тіпті, қуатының 50 пайызы ғана жұм­са­лып тұр», деп еді.

– Бірақ әкім айтқан су әлі жоқ. Кент­ке су жетпей тұр. Әкімдік болса, әзірше кешенді блок-модульді қолданыңдар деп отыр. Онда не үшін қыр­уар қаражат кетіріп құбыр салдық? Ал кешеннен су алу үшін таңертең ерте келіп кезекке тұру керек, – дейді тұр­ғындар.

Мәселенің мәнісіне келсек, облыс­тық әкімдік тарапынан Ақсу қаласына қарасты Айнакөл ауы­лы мен облыс орталығына қа­расты кенттің су құбыр­ла­ры жүйе­­сін біріктіру жөнінде шешім қабыл­да­ныпты. Осы қадам арқылы әкімдік­те­гілер есесіне, 250 миллион теңге көлемінде бюджет қаржысын «үнемдедік» дейді.

Бірақ Қаржы министрлігіне қа­рас­ты облыстық Ішкі мемле­кет­тік аудит департаментінің мәлі­метінше, Айнакөл, Сынтас ауыл­да­рының су құбырларына тапсырыс беруші және «Өңірлерді дамытудың-2020 жылға дейінгі бағдарламасының» орындау­шысы – Ақсу қаласының құрылыс бөлімі. Бағдарламаға сай су құбыры құрылысына республикалық бюджет қаржысынан 398,2 миллион теңге бөлі­ніпті. Ал, кентке «Өңірлерді да­мытудың-2020 жылға дейінгі бағ­дар­ламасы» аясында су құбырының құры­лы­сына республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген-ді. Екеуі екі бөлек қара­жат екені айтпаса да түсінікті. Үнем­делді ме, жоқ па әлде?..

Ал Ақсу қаласы әкімдігінің мәлі­ме­ті­не сенсек, Айнакөл, Сын­тас, Мәмәйіт Омаров, Еңбек, Алғабас ауыл­дарында су құбыр­лары «Өңірлерді дамытудың-2020 жылға дейінгі бағдарламасы» емес, ауылдарға арналған «Ақбұлақ» мем­лекеттік бағдарламасы арқылы тара­тылған.

Кенттегі секілді Айнакөл мен Сын­тас ауылдарында да мердігер ұйым – «Ай-Су Мелиорация» ЖШС. Олар 11 шақырымға құбыр салып, 128 құдық орнатып, 3 ұңғыма бұрғылапты. Ленин кентіндегі сорғы сүзу станса­сына екі ауылды қосу үшін су құбыры жобасы жасалған. Сонымен бірге облыс орталығындағы қалалық «Горкомхоз» жаң­ғырту ЖШС-ның басшысы Г.Ыды­ры­совтың мәліметінше, құбыр жүйесі серіктестік қарауына әлі берілген жоқ, ешқандай құжаттарға қол қойылмаған.

 Әйтсе де, жобаларды біріктіруде бір шикіліктің кеткені әбден мүм­кін. Әкім­діктің құжаттарында «Пав­ло­дар­көпіржобасы» ЖШС-мен Ақсу қала­сы­нан Ленин кентіне дейін 45 шақырым магистральды су құбыры құрылысына және кенттің сумен жабдықтау және ішкі желілері құрылысына жобалық құжаттар дайындалды делінген. Тізгін «Павлодаркөпіржобасы» ЖШС-ында ма, әлде мердігер «АЙ-СУ Мелиорация» ЖШС-да ма, кімде екені әзірге белгісіз.

Ал Ақсу қаласына қарайтын Айна­көл, Сынтас елдімекендері шағын ауыл­дар болса, кенттің тұрғындары 10 мыңнан асады. Қазір енді мердігер қайда, жобалаушы қайда, тапсырыс беруші қайда, істің біткенін қабылдап алушы қайда, тұрғындарға шешуі қиын жұмбақ болып отыр.

– Сондықтан қазір су құбырын өзге кәсіпорынға беру жұмыстары жүр­гізілуде. Нысан нақты иесін тауып, балансқа қойылса, мәселе түйіні шеші­лер еді, – дейді кент әкімінің міндетін атқарушы Әлия Ибраева.

Кенттегі су мәселесіне орай біз ха­бар­ласқан ғалымның пікірінше, алдын ала геологиялық барлау жұмыс­та­ры жүргізілмей суқорлары әбден тау­сылған жерлерден ұңғымалар бұр­ғы­ланған болса, құбырға су келуші ме еді? – дейді.

Біз облыс орталығына әкім болып тағайындалған Қайрат Нүкеновпен хабарласып, болған жайдан хабардар еттік. Қала әкімі Қайрат Теміршотұлы мін­детті түрде әкімдері кетіп қала бере­тін кент тұрғындарымен кездесіп, су мә­селесінің де түйінін шешуге уәде бер­ді.

Ал жуырда өткен жиында облыс әкімі Болат Бақауов: «Қазір ауылдарда орталықтандырылған су құбырларына қосуға арналған 53 жоба жүзеге асырылуда. Биыл олардың 36 жобасы тапсырылады», деген еді.

 – Нәтижесінде таза сумен ауыл­дар­дың 40 пайызы қамтылады. 2020 жылы 30 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 9,8 млрд теңге бөлінеді. Қо­сымша 15 жобаға 11 млрд теңге қажет. Үкімет аталған жобаларға қол­дау білдіріп, жүзеге асы­рыл­ған жағ­дайда келесі жылы облыс­тың таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 54,1 пайыз­ға жетеді, – деді Б. Бақауов.

Бәрі жақсы-ақ дейік. Бірақ облыс орталығының іргесінде тұрған кентке су енді қашан келмек?

 

Павлодар