Маңғыстау облысында еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесе ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің заңға қарсы әрекеттерінің жолын кесу бойынша ауқымды арнайы операция өткізді.
Қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп сақшыларының қырағылығы мен әбжілдігі арқасында Маңғыстаудан төрт ірі ұйымдасқан топ қылмыскерлері тұзаққа түсті. Құқыққорғау және қауіпсіздік орындарының назарына адам өлтіру мақсатымен ұрлау, атыс қару-жарақтары мен есірткіні сақтау, біреуді бопсалау бойынша күдікке ілінген төрт қылмыстық топ мүшелерінің біреулері облыстың аудандары мен жалдамалы пәтерлерден, енді біреулері жол үстінде қолға түсті. Олардың, яғни ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде адам өлтіруге және ұрлауға, ақша қаражатын бопсалауға қатыстары бар болып шықты. Сондай-ақ, құзырлы орындар таратқан ақпаратқа қарағанда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қаруланған, өзара ұйымшыл және дөрекілігімен ерекшеленген. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы операция жүргізуге Ұлттық қауіпсіздік және Ішкі істер органдарының арнайы жасақ күштері мен құралдары тартылып, жасақ қолына 29 шілде күні таңғы сағат 6 шамасында басталған шара барысында түске дейін-ақ 20 адам түсті. Жалпы сол кезде қолға түскендерден есірткі мен үлкен көлемдегі қылмыстық атыс қарулары тәркіленіп, 20-дан астам күдікті тергеу орындарына жеткізілсе, 16 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған.
Орын алған оқиғаға орай Қазақстан республикасы Бас прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілерде тарауы мүмкін арандатушылыққа ермеуге және үрейленбеуге, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге бармауға шақырып, жағдайдың құқық қорғау органдарының толық бақылауында екендігін, сондай-ақ арнайы операцияның қорытындысы жұртшылық назарына жеткізілетіндігін ескертті.
Қылмыс пен қылмыскер қоғамға қауіпті, заң алдында жауапты. Енді қолға түскендерге заң алдында жауап беріп, өз кінәларына сай жазаларын тарту қалды. Бұлар бұған дейін беті ашылмай қалған талай қылмыстар мен суда саны, құмда ізі байқалмай кеткен небір қылмыстардың «төл авторлары» болар, кім білген?!