Жарыстың бірінші этапы «Взвод құрамымен десантталу, қону алаңына жиналу және 10 км марш-бросок жүгіру» бағдарламасына сәйкес, қатысушы мемлекеттер әуе-десанттық комплекстегі секіру алдыңдағы даярлықтарынан өтті. Әскери қызметшілер 6 сериялы Д-4 және «Арбалет-2» парашюттік жүйелерінде өз әрекеттері мен қимылдарын пысықтады.
Конкурстың барлық қатысушылары десантшы парашютисттің вертолеттен секіру, жерге қону, әуедегі және күмбезді жабудағы іс-қимылдарын сапалы түрде орындап шықты.
- Біз осы конкурсқа жақсы дайындалдық, дейді аға лейтенант Бекдияр Ергешев. – Конкурсқа қатысу, біздер үшін үлкен абырой және Қарулы Күштердің тарапынан білдірген сенім, сондықтан осы жарыста барлық тапсырмаларды сауатты орындап, абыроймен ораламыз деген сеніміміз мол, - дейді қазақстандық десантшылар взводының командирі.
Секіру алдындағы даярлық барысында десантшылар ауа-райы туралы ақпарат алып, практикалық қимылдарын пысықтайды, қону орны мен секіру тәртібі туралы нұсқаулық алады. Сонымен қоса, парашюттік жүйенің бүтіндігін тексеріп, секіруге жинайды.
Ертеңгі күні 21 елдің десантшылары дайындық барысындағы алғашқы секірулерін орындап, «Кислово» қону алаңында өтетін жарыстың бірінші кезеңіне дайындығын тәмамдайды. Ал конкурстың салтанатты ашылуы «Завеличье» полигонында 3 тамыз күні өтеді.
Маңғыстау облысы