01 Тамыз, 2019

Акциялардың толық иесі атанады

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Интер РАО» ААҚ-нан «Екібастұз ЖЭС-2 стансасы» АҚ-ның 50% үлесін сатып алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, қор Екібастұз ЖЭС стансасы акцияларының 100% иесі болады. Жол картасына сәйкес мәмілені 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. 

Акциялардың толық иесі атанады

Айта кеткен жөн, «Интер РАО» өзінің Екібастұз ЖЭС-2 стансасындағы акцияларын на­рықтық шарттарда сатып жатыр. Дегенмен, мәміле құны келі­сім аяқталғанға дейін жария етілмейді. Сондай-ақ бұған дейін қорда бұл стансаның 50% акциясы болғандықтан, қалған активтерді иемденуі қисынды болып саналады.

Мәміленің аяқталуы белгілі шарттардың орындалуына, оның ішінде тараптардың бас­қару органдарының бұл мәмі­лені мақұлдауына, несие беру­ші банктердің ЕЖЭСС-2 стан­са­сының акционерін ауыс­тыру­ға келісімін алуына және т.б. органдарға байланыс­ты. Соны­мен қатар «Интер РАО» компа­ния­сының ЕЖЭСС-2 құрамынан шығу туралы шешімі негізгі нарық ретінде Ресейде жұмыс іс­теуге шоғырлануға деген ние­ті­мен байланысты болғанын хабар­лады. Екібастұз ЖЭС-2 үле­сін сату жөніндегі мәміле аяқтал­ған­нан кейін, «Интер РАО» ААҚ-да Қазақстанда активтері болмайды. Жақын арада Ресейде өндіруші қондырғыларды модернизациялау іске қосылады, оған «Интер РАО» белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активі шамамен 67 млрд долларды құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логис­тика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.

Ал «Интер РАО» ААҚ – Ресей­дегі, сондай-ақ Еуропа мен ТМД елдеріндегі активтер­ді бас­қаратын ресейлік энергети­калық компания. «Интер РАО» электр және жылу энергия­сын өндіру және сату, халықара­лық энергетикалық сауда, инженер­лік, энергетикалық объектілерді жобалау және құру үшін жауап береді.

Электр қуатымен толық қамтылды

Ұлттық электр торабының активтеріне иелік ететін және бас­қаратын «KEGOC» АҚ «Пав­лодар энергия торабының Қазақ­стан Біртұтас электр энергети­калық жүйесімен байланысын кү­шейту» жобасын аяқтады.

– Павлодар облысының әлеу­меттік-экономикалық дамуында бұл жобаның атқаратын маңызы зор. Жобаны жүзеге асыру энергиямен жабдықтаушы және энергия жеткізуші кәсіпорын­дарға Павлодар қаласы мен об­лы­сында құрылып жатқан Бос экономикалық аймақтарды электр қуатымен қамтамасыз ету­ге кепілдік беру мүмкіндігін ту­ғыз­ды, – деді Өндіріс жөнін­дегі басқарушы директор Б.Жазықбаев.

Бұл аймақты Қазақстан Рес­пуб­ликасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен (БЭЖ) байланыстыратын қолданыстағы электр жеткізу желілеріне (ЭЖЖ) «Промышленная» қосалқы стансасы мен Еуразиялық энер­гетикалық корпорация АҚ ЭС («ЕЭК») арасында жаңа 220 кВт ЭЖЖ салынды. Сонымен қатар жоба шеңберінде «Павлодар» қосалқы стансасы 220 кВ кер­неуіне ауыстырылып, қайта құрылды. «ЕЭК» АҚ ЭС-де 220 кВт АТҚ қайта құрылды. 220 кВт кернеулі «ЕЭК – «Павлодар» ҚС – «Промышленная» ҚС – ЕЭК» электр жеткізу желілері шеңберін құруға мүмкіндік берген басқа да энергия объектілері салынды.

Павлодар энергия торабы мен БЭЖ-дің электр байланыс­тарын күшейту электр стансалары жұмысының, сонымен қатар аймақ тұтынушыларын энергиямен жабдықтау сенімділі­гін біршама арттырды. Сондай-ақ Павлодар ТЭО-1, 2, 3-тің электр энергиясын өндіруінің ар­туы­на мүмкіндік туды. Бұл өз кезе­гінде Павлодар қаласының дамып келе жатқан индустриалды кластерінің қажеттіліктері үшін маңызды. Сонымен қатар Павлодар энергия торабының қуат беру сызбасына кіретін ӘЖ-ні жөндеу және қызмет көрсету кестесін уақытында орындау, Павлодар энергия торабының энергия өндіруші ұйымдары (Павлодар ТЭО – 1, 2, 3) үшін шектеу енгізу қажеттілігісіз оларды қосу мүмкіндігі маңызды факт болып отыр.

Бір айта кетерлігі, Павлодар энергия торабы 600-650 МВт электр қуатын пайдаланғанның өзінде жалпы жиынтық мөлшері 800 МВт көлеміндегі электр қуа­ты болатын, 150-220 МВт көле­­міндегі артылған энергия қуа­тын Қазақстанның БЭЖ-не жө­нел­тетін. Қазақстан БЭЖ-імен байланыс жоспарлы және желі­лердің апаттық ажыратулары кезінде тиісті өткізу қабі­ле­тін және Павлодар энергия тора­бының Қазақ­стан БЭЖ-і­мен сенімді қатар­лас жұмысын қам­та­масыз ете ал­маған 110 кВ-тық екі желі ар­қылы жүзеге асырылатын.

 «Егемен-ақпарат»