Экономика • 01 Тамыз, 2019

Сенат депутаттары Ақмолада ауыл шаруашылығының дамуымен танысты

346 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Ақмола облысындағы жұмыс бабындағы сапары барысында Ерейментау ауданының Новомарковка ауылында болып, «Жаңа Береке» серіктестігінің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Бұл туралы Парламент Сенатының Баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат депутаттары Ақмолада ауыл шаруашылығының дамуымен танысты

Мекеме басшысы Айдар Нығметов шаруашылықтың басты мақсаты өндірілген кластерді бұзаудан дайын өнімге дейін жеткізу және мемлекеттік бағдарламалар мен инвесторлар арқылы экспортқа шығу екенін атап өтті.

Рашит Әкімов мал шаруашылығы саласын дамытумен айналысатын серіктестіктің қызметіне оң баға берді.

Сенат депутаттары «Хамзе» шаруа қожалығының 400 бас симментал асыл тұқымды ірі қара малы бар сүт фермасында да болды. 2017 жылдың мамыр айында іске қосылған ферманы дамытуға 400 миллион теңге несие берілген болатын. Ферма директоры сенаторларды «Хамзе» ауыл шаруышылық сүт фермасының барлық жұмыс құрылымымен таныстырды.

Сенаторлар Ақсуат ауылындағы «Aizet Farms» серіктестігінде де болды. Мұнда «Агробизнес» бағдарламасы бойынша Аустралиядан 2200 бас асыл тұқымды Aberdeen Angus малы әкелінген болатын. Р. Әкімов аталған кәсіпкерлік субъектілерінің одан әрі табысты дамуы үшін оларға толықтай мемлекеттік қолдау болатынын, оның ішінде субсидиялар түрінде берілетінін айтты.

Сенат депутаттары Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков жұмыс сапарымен Аршалы ауданындағы Михайлов ауылдық округiнде ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлермен кездесті. Атап айтқанда, жеке инвестициялардың үлесi, еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, ауданның агроөнеркәсіп саласы бойынша мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыру мәселелерi қозғалды.