Қоғам • 01 Тамыз, 2019

Отандық дизайнерлер арасында «Алтын оймақ» байқауы өтеді

706 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен елімізде алғаш рет отандық дизайнерлер арасында «Алтын оймақ» байқауы өтеді. Мақсат – отандық дизайнерлерге және ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің есімін елге таныту. Маңғыстаудан айтулы байқауға қатысуға өтінім берген 19 ісмердің бірі – Әлия Алхабаева.

Отандық дизайнерлер арасында «Алтын оймақ» байқауы өтеді

Әлия Жүсіпқызы бала кезден тігіншілік өнерді жаны сүйді. Елден ерекше киінуді, өзгеше талғамды қалап тұратын еді. Мектеп бітірген соң ағылшын тілі бағытында білім алып, аудармашы, шет тілі мұғалімі болып қызмет атқарды. Кішкентай қызы өмірге келіп, ана атанғанда Әлияның тігінге деген махаббаты қайта оянды. Балдырғанның киімдерін өзгелермен бірдей қыл­май, өзі тігіп кигізіп жүрді. Осы­лайша балалар киімі дизайнын этно­стильде ойлап табу қажет деген идея туды. Арман мен мақсат үлкен шабытқа ұласып, балалар киімі, анасы мен қызы деген тізбекпен киім тігуді бастап кетті. Ол үшін арнайы курста оқып, тігу техникасын жетілдірді. Осы жылдың қаңтар айында Аi_hanym_kids брендінің негізін қалап, өз ісін ашты. Іскер қыздың мақсаты – ата-бабаларымыздан бүгінге дейін жеткен ою-өрнектер мен ұлттық құндылықтарымызды заманауи нақышпен үйлестіріп, жаңаша үлгіде киім тігу. Әлияның басқа ди­зайнер, тігіншілерден ерекшелігі – табиғи зығыр матасын ғана пайда­лануы. Зығыр матасын ұлттық болмыс­пен үйлес­тіріп, сәнді көй­лектер тігуі.

Жас дизайнердің киімдеріне сұраныс біртіндеп артып келеді. Жақында Нұр-Сұлтан қала­сында өткен «Ұлттық өнім – 2019» көр­месіне Ақтаудың аты­­нан ба­рып қатысқанда, оның киім үл­гілеріне айтулы дизайнерлердің біразының көзі түскен. Оның өзіндік дара стилі, қайталанбас қолтаңбасы бар екенін, болашақта үлкен же­тістіктерге жетуге әбден лайық екенін айтушылар көбейді. Көрме соңы жәрмеңкеге ұласып, келушілер Әлияның көйлектерін сатып алды. Қазір айына 5-6 көй­лек тігеді. Жаңа үлгілерін ірі сау­да орталықтарына да шығара бастады. Киімдердің құны тігу техникасына қарай бағаланады.

Тігіншінің айтуынша, киім­дердің тігілуі мен матасында мін жоқ. Өйткені көйлектердің дизайнын ойлап табу, пішу, тігу, өрнектермен сәндеу барлығы Әлияның өз қолынан шығады. Ал шикізаттар мен зығыр матасы Ресей, Беларусь елдерінен, АҚШ-тан жеткізіліп отыр. Болашақта жеке тігін шеберханасын ашып, жұмысшы санын көбейтіп, өнімді арттыруды мақсат етеді. Жалдамалы тігін шеберханасында жүрген ол діттеген мақсатына айқын бет бұрды.

«Алтын оймақ» байқауы туралы Әлия әріптестерінен естіді. Оның шарттары мен талаптары көңіліне қонып, көп ойланбай қатысуға бел буды.

 – Ісін енді бастаған дизайнерлер өздері ойластырып, тігіп, тапсырыс қабылдаса, қазір олар оқып, көрмелерге қатысып, ұлттық киім ғана емес, күнделікті өмірде киетін киімдер шығарып жатыр. Өңірде ғана емес, басқа қалаларға киімдерін сататын белгілі жетістікке жеткен дизайнерлер бар. Олар осы байқауға қатысып, бизнесін дамытуға гранттар ұтып алуына болады. Дизайнер мамандығы Қазақстанда мұнайшы секілді сұранысқа ие мамандық болуы керек, дейді Маңғыстау облысы іскер әйелдер кеңесі ж­анын­дағы «Маңғыстау облыс­тық киім дизайнерлер одағы» қауымдастығының тең құрылтайшысы Диана Ботаева.

Маңғыстау облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова «Алтын оймақ» байқауы отандық дизайнерлердің елге танылуына ықпал етеді дейді.

– «Алтын оймақ» – Қазақ­станда талантты, ешкімге белгісіз, аты жоқ адамдарды шығаратын байқау. Оны жыл сайын өткізу жоспарда бар. Алғашқы жылы күмәнмен қарайтындар көп болады. Бірінші байқау қалай өтеді, соған байланысты адам талаптана береді. Бұл байқау дизайнерлердің серіктестік орнатып, бірігуіне мол мүмкіндік береді. Бір адамға көтерілу өте қиын. Бірігіп шағын өндіріс құрса, нәтиже болады, дейді ол.

«Алтын оймақ» байқауында комиссия жеңімпаздарды ірік­тейді. Екінші кезеңде үміт­керлер қоғамдық онлайн-дауыс беруге қатысады. Бас жүлдеден үміт­тілер елордада өтетін «Жеңіл өнеркәсіп» форумында жария­ланады.Үшінші кезеңде алты лау­реаттың ішінен жеңімпаз таң­далады, ал марапаттау салтанаты желтоқсан айында өтеді.

 

Маңғыстау облысы

 

Соңғы жаңалықтар