Қоғам • 01 Тамыз, 2019

Көкшедегі көбелек музейі

686 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкшеде әлемдегі сирек кездесетін көбелектің 2 мың түрі сақталған. Зерендінің әсем табиғатының әдемі бір мүйісінде орналасқан энтомологиялық музейге келушілер де аз емес.

Көкшедегі көбелек музейі

Әдемі қанаттарын тынымсыз қағып, гүлден гүлге қонып, шартарапты шарлап ұшып жүрген көбелек атаулыны жинаған атбасарлық азамат – танымал хореограф Ортвин Шлоссер. Соңғы үш жыл музейге Зе­рендідегі жекеменшік шаңғы спорт базасының директоры Валерий Шаров ие болып отыр. Көбелек көргісі келіп музей табалдырығынан атта­ған адамдарға бар жайды өзі-ақ майын тамызып айтып береді. Өткен айда Америка, Германия, Бельгия, Үндістан, Аустралиядан келген туристер Қазақстандағы жалғыз этномологиялық музейге келіп, адам айтқысыз қызыққа кенеліп, таңдайларын қағып кетіпті.

Бұл жерде жалғыз Көкшенің көбелектері ғана емес, әлемнің әр жеріндегі аса сирек кездесетін көбелектер топтастырылған. Ұзын-ырғасы 2 мың түрге жуық. Құмар­лық дегенді қойсаңшы, әуел бас­та Ортвин Шлоссер әншейін қы­зық үшін жинаған. Кейін осы та­қырыпқа біржола маманданған. Ең сирек кездесетін әрі ерекше түрін ғана жинауға тырысқан. Тіпті, көбелектің өзіңде жоқ түрі шетелде кездеседі десе, бар шаруасын жинап қойып, сол жаққа тартып отырады екен. Сан сапардың барысында әлемдегі көптеген көбелек жинау­шымен танысып, пікір алмасқан, тәжірибе жинақтаған. Олар­дың ара­сында Орталық Азия, Еуропа коллекционерлері бар.

Энтомологтардың пайымдауынша, ең әдемі көбелектер тропикалық жәндіктер екен. Олардың титімдей қанаттарында кемпірқосақтың барлық бояуы бар.

– Коллекционер көбелекті зерттеуге 45 жыл өмірін арнаған. Бұл кез келген адамның қолынан келетін іс емес, – дейді Валерий Шаров. Мәселен, бір жәндіктің өзін коллекциялау үшін 2 сағаттан астам уақыт кетеді. Ал 2 мыңнан астам көбелекті сұрыптап дайындауға ше?!

Былай қарағанда бейкүнә жәндік болып есептелетін көбелектердің зиян­дысы да бар екен. Мәселен, мына бірі кәдімгі қырыққабаттың жауы – ақ қанатты көбелек. 2 мыңнан астам жұмыртқа салатын титімдей ғана ақ қанатты көбелекпен уақытында күреспесе, алқабыңыздың астан-кестеңін шығармақ. Жергілікті жердің көбелегі таңсық емес. Бала кезімізде талайын қуғанбыз. Ал Аустралия, Франция, Филиппин, Малайзиядан әкелінген көбелектердің түрі мен тұрқы біздегіден бөлектеу. Қай тұсқа қарасаң да сан түрлі бояулы, пішіні әрқилы алуан түрлі көбелек. Ішінде жүргенде көңілді де көбелек сезім билейді екен.

Адам көңілін баурайтын әуес­қойлықта шек жоқ-ау, сірә.