Тарих • 01 Тамыз, 2019

Отты жырдың иесі

810 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1939 жылы мамыр айында Аты­рау өлкесінде Қазақстан жа­зу­шы­ларының II съезі қар­са­ңын­да облыстық ақындар слеті өтеді. Бұл слет сол кезеңдегі ха­лықтың мәдени өміріндегі үл­кен серпіліс еді. Өлкеміздің талантты жастары бас қосқан бұл шараға соғыста хабарсыз кетіп оралмаған жас ақын Далабай Жа­зық­баевтың қатысқанын атап өтуіміз қажет. Жақында ғана РФ Қор­ғаныс министрлігі Орта­лық мем­лекеттік архивінен Дала­бай Жазықбаев туралы мәлі­меттер табылды. Көптеген ең­бек­те ақынның туған жылы 1920 жылы деп жазылса, бұл құжатта «...1915 жылы Гурьев облысы, Жилокосинский ауданында туған, 331-атқыштар диви­зиясында қызмет еткен» деп жазылған (төменде суреті бе­рілген, реттік саны №22). Бір қы­зығы құжатты толтырғанда «Жазикдаев Даладай» деп қате тол­тырылған. Ағайын-туыстары жөнінде інісі Төлеген Құл­ме­те­нов­тің есімі жазылған.

Отты жырдың иесі

Далабай Жазықбаев тура­лы көптеген мәліметті Атырау өлке­сінің абыз ақсақалы, шежі­ре­ші, өлкетанушы Жанаш Нұр­ма­хановтың мақалаларынан анық байқауға болады. Себебі қолға қа­лам алып, баспасөз бетіне ма­қа­лаларды 15 жасынан бас­тап жариялаған Жанаш ақсақал Жазықбай Далабаев, Хамит Ерға­лиев сынды дарындардан ақыл-ке­ңес алған.

Далабай Жазықбаевтың өлең­де­рі 1930 жылдары орыс­ша­ға тәр­жімаланып, «Песни народных акынов» атты еңбекте басы­лады. Шығармашылығына баса назар аударған облыстық атқару комитеті арнайы қаулы шығарып, қамқорлық танытады. Алғашқы өлеңі 1936 жылы 16 жасында басылған. 1937-1939 жылдары «Ақынның шын зәу­лі­мі», «Қайғыру», «Доссор», «Құ­рыш құс», «Жастық серт», «Таң бұлбұлы» сынды өлеңдері рес­публикалық баспасөз бет­те­рінде жарияланады. Әйгілі «Пар­­­тизан қызы» поэмасы оқыр­­­­ман қауымды тәнті етеді.Орыс ақыны М.Ю.Лермонтов, М.С.Голодныйдың (1903-1949), ев­рей ақыны Л.М.Квитконың (1890-1952) өлеңдерін тәржі­ма­лай­ды.

Соғысқа 1942 жылдың 7 қаң­та­рында аттанады. Сағыныш хаттары туған жеріне құс қана­ты­мен келіп тұрды.1942 жылдың 7 қыр­­күйегінде «...Августың 4-інде ұрысқа араласып едік.Демалмастан осы күнге дейін майданда жүрміз. Қаптаған қалың қауіптің асты. Жеке адам ғана емес, бүкіл Отан басынан кешіріп отырған ауыр күн ғой»... («Дала» деп асығыс қол қойған), деп жазады. Соңғы хат елге 1942 жылдың 11 қыркүйегінде келген. Хатта «...Амандық. Жағдай жеңіл емес. Бұл Отан үшін кешіп жүрген жол тайғақ», деп жазады. Төрт күннен соң, 15 қыркүйек күні Далабай Жазықбаев опат болады (мұрағат деректері – халық қазынасы. – Алматы, 2004, 271-б.)

1940 жылы Алматы ша­һа­­­рында жазған «Күледі Жа­йық» деген өлеңінде:

Көк бұйра судың толқыны,

Күй шертеді ғажайып.

Кең өлкенің кербезі,

Жатыр зулап Ақжайық, – деп туған жерінің табиғатын мақ­та­нышпен суреттейді. Иә, ақын жырлаған Ақжайық жастары батыр ақын Далабай Жазықбаевтың есімін ұмытпай, әр кез үлгі тұтуы тиіс.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

 Атырау