Экономика • 01 Тамыз, 2019

Машина жасау саласын дамыту қарастырылды

555 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР машина жасау саласын дамытудың 2019–2024 жылдарға арналған жол картасын іске қосу және жалпы Қазақстандағы машина жасау саласын дамыту туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында айтып берді. 

Машина жасау саласын дамыту қарастырылды

А. Ержановтың айтуынша, индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдарында машина жасау экономиканың ең серпінді дамыған салаларының біріне айналды: ондағы өндіріс көлемі 3 есегеге жуық ұлғайтылды және 2018 жылы 1 трлн теңгеден асты.

«Аталған кезеңде жалпы сомасы 367 млрд теңгеге 128 жоба пайдалануға енгізілді. Осы жылы 54 млрд тг сомасына 10 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді вице-министр.

Жүйелік мәселелерді шешу, саланы дамыту бойынша резервтерді анықтау және іске асыру мақсатында ҚР ИИДМ «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ-мен бірлесіп, Машина жасау саласын дамытудың 2019–2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі.

Барлығы Жол картасында 11 бағытқа бөлінген 57 іс-шара көзделген. Жол картасын іске асыру кезінде өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге өсіру, экспорт көлемінің 1,2 есеге артуы күтілуде.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі инвесторларға қолайлы жағдай туғызу, машина жасау өнімдерін әзірлеу және ілгерілету бойынша жүйелі жұмыстарды реттейді», деді А. Ержанов.

Вице-министрдің айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар өз өндірістерінде заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жоғары технологиялық өнімдерді құру процесіне жылдам қарқынмен қосылуда.

2018 жылдан бастап ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында өндірістің өсуі байқалуда, бұған өнімді өткізу кезінде ҚҚС төлеуден босату секілді мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті.

Индустрияландырудың соңғы жылдарында темір жол машинасын жасау белсенді түрде дами бастады. Сондай-ақ, тау-кен машинасын жасау өндірісінің өсуі байқалады, бұл тау-кен машинасын жасау құрылымының 73%-ын алатын бұрғылау және қазбаөткіш машиналарға арналған қосалқы бөлшектер өндірісінің артуымен байланысты. Машина жасау өнімдердің кең номенклатурасын импортпен алмастыру есебінен мұнай-газ машинасын жасау саласын дамытудың айтарлықтай әлеуеті байқалады.

«Жалпы, машина жасау саласы экономикамызды дамыту бойынша үлкен әлеуетке ие. Шамамен $13 млрд машина жасау өнімдерінің импортын, ал отандық өндіріс $3 млрд астам құрайды. Жақсы әлеует бар, сондықтан осы бағытта жұмыс істеуіміз керек», деді А. Ержанов.