Жыл басында «Қазақстан коммунистік халық партиясының» депутаттары Үкімет басшысына дәрігер мәртебесіне қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев дәрігерлерге қатысты арнайы заңның қабылданбайтынын, Денсаулық сақтау министрлігі жаңа Кодекстің жобасын дайындайтынын мәлімдеді.
2009 жылы 18 қыркүйекте қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте науқастар, емделушілер мен балалардың құқықтары, дәрігерлердің міндеттері жазылғанымен, медицина қызметкерлерінің құқықтары туралы сөз қозғалмаған. Ар-намыс кодексінде де медицина қызметкерлері жеке өмірге, саяси көзқарас құқығына ие деп белгіленсе де, өздерін қорғауы туралы жазылмаған. Біздің қоғамда дәрігерлер мен полиция қызметкерлері азаматтардан жиі зәбір көретіндер қатарында. Елімізде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің міндеттеріне қоса құқықтары да арнайы белгіленген, яғни олардың қызметтеріне қатысты әрекеттерін заң жүзінде қорғауы мүмкіндігі бар. Ал дәрігерлердің құқықтары немесе олардың мәртебесі туралы заңның болмауынан, маңғыстаулық хирург Наусқан Отарғазиев сияқты білікті мамандарымыз әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. «Наусқан Отарғазиев – бірнеше баланың өмірін құтқарған тәжірибелі маман», дейді әріптестері. Осы оқиғаға байланысты республикамыздың түкпір-түкпіріндегі дәрігерлер Наусқан Отарғазиевті қолдап, әлеуметтік желілерде пікірлерін білдірді.
Әріптестерінің қамауға алынғанына байланысты наразылығын жасырмаған дәрігерлер бүгінгі таңда медицина қызметкерлеріне қатысты шағымның барлығы, тіпті ақылға қонбайтындары да Қылмыстық кодекс негізінде қаралып, кей кезде дәрігер мәртебесіне нұқсан келтіретін жаза қолданылатынына көңілдері толмайтынын айтты. Олардың ойынша, қылмыстық жауапкершілік ең алдымен нәтижеге негізделу керек. Яғни қолданылатын шаралар дәрігерді жауапқа тартудан бұрын медицина сапасын жақсартуға және кәсіби қателіктердің алдын алып, азайтуға себеп болуы керек.
Әлбетте, бұл жерде қателіктің қай тараптан екенін анықтау қиын. Алайда жалақысы онсыз да аз ақ халатты абзал жандардың өздерінен көмек сұрап келген науқастардан жәбір көріп, құқығының тапталуы дұрыс па?
Денсаулық сақтау жүйесі – мемлекеттің негізгі құрылымының бірі. Мемлекеттің демографиялық көрсеткішінен бастап, адам капиталының сапасы, жалпы халықтың өмір сапасы аталған құрылымның жұмысымен байланысты екені анық. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінің дамуы – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатындағы маңызды мәселелерінің бірі.
«Денсаулық сақтауды дамыту» республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова елімізде дәрігерлердің құқығы қорғалмайтынын, осыған байланысты жаңа шараларды қолға алу қажеттігін айтты. «Сөздің шыны керек, бүгінгі таңда елімізде медицина қызметкерлерінің құқықтары қорғалмаған. Жалпы бұл әлемдік тәжірибеде де мемлекеттің негізгі функциясына жатпайды. Шетелде дәрігерлердің құқығы мемлекеттік емес ұйымдарға жүктелген. Яғни медицина қызметкерлері дәрігерлер ассоциациясы сияқты ұйымдарға жыл сайынғы жарнасын төлеп, көмекке жүгінеді. Аталған ұйым қажет жағдайда адвокатпен де қамтамасыз етеді. Оған қоса басқа мемлекеттерде кәсіподақтардың да орны ерекше. Ал бізде кейбір ұйымдарда кәсіподақ мүлде жоқ. Осыған орай дәрігердің мәртебесін көтеру, құқығын қорғау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі басқа да медицина қызметкерлерімен бірлесіп, жаңа кодекс әзірлеп жатыр. Оның Парламенттегі кезекті талқылауы тамыз айына жоспарланған. Егер бәрі дұрыс болса, заң келесі жылы күшіне енеді. Жаңа кодексте «Медицина қызметкерінің мәртебесі» деген бөлек тарау болады. Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – олардың құқығын қорғаудағы маңызды алғышарттың бірі. Осылайша медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау қолға алынбақ», деді маман.
Айнұр Айыпханованың айтуына қарағанда, заң қабылданған жағдайда медицина қызметкеріне әлдекім қол көтеріп, оның намысына тиетін сөздер айтса, бұрынғыдай сот шешімі күтілетін ұзақ процесс артта қалып, медицина қызметкеріне қарсы әрекетті бұзақылық деп танып, айыппұл төленеді. Әзірге бұл аурухана басшылығы немесе учаскелік полицияны шақырту арқылы жүзеге асатыны белгісіз. Дегенмен халықтың дәрігермен қарым-қатынасын реттемек.
«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Бақыт Түменова дәрігерлерді қорғайтын арнайы ұйымдардың қажет екенін айтады. «Хирургтер ассоциациясы сияқты медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын бөлек ұйым қажет. Дәрігерді жауапқа тартпас бұрын оның қоғамға қажеттігін ескерген жөн. Мәселен, Ақтаудағы жағдайға байланысты қарайтын болсақ, қамауға алынған дәрігер бір күнде бірнеше балаға көмек берер еді. Ал көңілі қалған дәрігерлер кей кезде жұмыстан шығып, мансабын тоқтатып жатады. Бұл онсыз да маман тапшылығы бар кезде үлкен мәселе. Өйткені дәрігер болу оңай емес. Басқа мамандықтарға 5-6 жыл оқыса, дәрігер болу үшін адам 10 жылға жуық білім алады. Одан 3 жыл көлемінде жас маман саналып, тәжірибе жинайды. Ең бастысы, дәрігерлерді кінәлаудан бұрын оларды жігерлендіріп тұру керек. «Жамансың» дегенді күнде еститін адамның жұмысы нәтижелі болмасы анық. Халыққа да ақпарат таратылуы тиіс. Өйткені әр адам өз өміріне жауапты екенін түсінуі қажет. Дәрігерлер қашан да көмекке әзір. Сондықтан қоғамда әр дәрігердің орны бөлек әрі қымбат», деді Б.Түменова.
Бұл мәселе мемлекетімізде ғана өзекті емес, шетелде де шешімін таппаған түйткіл. Өйткені көп елде науқастың дөрекі қылықтарын дәрігердің қызмет көрсетуіне қанағаттанбау деп қабылдау жиі кездеседі. Алайда дәрігерлердің құқығын қорғауға негізделген заңдар мен ұйымдар аз емес. Мәселен, 1986 жылы АҚШ-тың бір топ дәрігерлері Physicians for Human Rights деп аталатын құқық қорғау ұйымын ашады. Бүгінде халықаралық ұйымға айналған орталық әлем елдерінің, әсіресе Шығыс Азиядағы еңбегі еленбей қалатын әріптестерінің құқығын қорғау, моральдық көмек берумен айналысады. Ұйым дәрігерлердің жағдайынан бөлек, сегрегация, дискриминация, әйелдер зорлығы, қарулы қақтығыс жағдайларында азаматтарды қорғау сияқты мәселелердің шешімін табуға да атсалысады. Ал Еуропа елдерінде дәрігерге қатысты шағымдар толық зерттелгеннен кейін шешім шығарылады. Мәселен, былтыр Германияда медицина қызметкерлеріне қатысты 11 882 шағым түскен, олардың 2 132-сінде ғана дәрігер қателігі расталған.
Үнемі бір тараптың кінәлі болмайтыны белгілі. Алайда қаншама адамның өмірін құтқарған абзал жандарға дөрекі сөйлеу, қол жұмсау, еңбегін елемеу онсыз да аз айлығын қанағат тұтып, елге пайдасын тигізіп жүргендердің қоғамда бағаланбайтынының көрінісі. Эмоция мен кәсібиліктің нақты шекарасын белгілеу қиындығы дәрігерлер мәртебесінің тапталуына алып келіп отыр. Медицина социологиясының беделді өкілі А.В.Решетников «дәрігердің әлеуметтік мәртебесі еңбек ақысы, мамандықтың мәртебесі, өзін-өзі шыңдау сияқты критерийлерге байланысты» дейді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысының маңызды детерминанты. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы абзал жандардың құқығын қорғау маңызды болып отыр.