Алдымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2-департаментінің басшысы Сергей Перов квазимемлекеттік сектор, құқық қорғау және сот органдарындағы істерді тергеу саласындағы міндеттер мен басымдықтар туралы айтып берді.
– Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінде квазимемлекеттік секторда, құқық қорғау және сот органдарында бақылауды күшейту үшін арнайы бөлімше ашылғаны хабарланды. Аталған салалардағы құқықбұзушылықтарды саралай келе осындай шешім қабылданған еді. Квазимемлекеттік сектордағы қаржының заңсыз жұмсалуына, жымқырылуына жол бермеу қатаң талап етіледі. Мұндай оқиғалар болған жағдайда қылмыстық іс қозғалады. Квазимемлекеттік сектордағы жымысқы әрекеттер мемлекетке зиянын тигізеді. Бұл мәселелер БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде үнемі қызу талқыланады. Оның жарқын мысалы ретінде бәріне аян «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде, «ЭКСПО» және «Астана LRT» компанияларында тіркелген жемқорлық фактілерін айтуға болады. Бұл осы бағыттағы жұмыстарға барынша мән беру керектігін аңғартады, – деді ол.
Сондай-ақ Сергей Перов құқық қорғау саласындағы олқылықтар халықтың билікке деген сенімін азайтатынын, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың ашық әрі әділ болуы ұдайы бақылануы керек екенін атап өтті. Осы мақсатта мамыр айында Ішкі істер министрлігімен және Жоғарғы сотпен бірлескен жұмыстар қолға алынып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар кешені анықталыпты.
Одан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу комитетінің бас тергеушісі Данияр Бекайдаров Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы бойынша мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында енгізілген ұсыныстар жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен аумақтық бөлімшелер әртүрлі мемлекеттік органдарға 1700-ге жуық ұсыныс жасапты. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 722 ұсыныс ішкі істер органдарына бағытталыпты. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі әкімдіктерге – 390, білім беру мекемелеріне – 86, мемлекеттік кіріс органдарына – 44, квазимемлекеттік секторға 80 ұсыныс жолданған екен. Мұндай ұсыныстарды дайындау кезінде құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар зерттеліп, анықталыпты. Бұл тәсіл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, сондай-ақ жағдайларға итермелейтін тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Баспасөз жиыны барысында Данияр Бекайдаров бұқаралық ақпарат құралдары қызу талқылап жатқан «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты іске тоқталды. Ол қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жеңіл рельсті көлік жобасы құрылысына қатысты бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық тергеу жүргізіп жатқанын айтып, бұдан артық ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.
Квазимемлекеттік секторға жататын компаниялар мемлекеттің қолдауына ие болғандықтан, бұл саладағы бюджет қаражатының жұмсалуы қатаң қадағаланады. Осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз орталығында баяндалды.
Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше