Әлем • 02 Тамыз, 2019

Басшысы бас сауғалаған елдің берекесі қашады

399 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Апта басында Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко мемлекеттік күзеттен бас тартып, отбасымен бірге Түркияға аттанды. Түркиядан әрі қарай Дубайға жол тартқан оны біраз жұрт бұл сапарынан қайта оралмайды деп долбар жасап жатыр. Мұндай дүдәмал ойға жетелейтін себеп жетерлік.

Басшысы бас сауғалаған елдің берекесі қашады

Петр Порошенконың демалу үшін шетелге кеткендігі хабарланды. Ол отбасының кейбір мүшелерін бірнеше күн бұрын Түркияға жіберген екен. Артынан өзі бастап, қалған жақындарымен бірге Ыстанбұлға жолға шығыпты. Украинаның экс-президенті демалысқа кетердің алдында мемлекеттік күзеттен бас тартатыны туралы өтініш жазған. Бірақ оның нақты қанша мерзімге созылатыны анық емес. Украин заңына сәйкес, бұрынғы президенттерге өмір бойы мемлекеттік күзет қызмет етеді.

Осы күнге дейін Петр Порошенконың елден қашуды жоспарлап жүргендігі туралы ақпарат тараған. Біраз сарапшы оның осы отбасылық демалыс деген желеумен шекара асқанын айтады. Қазір кейбір дереккөздерде Петр Порошенконың Испанияны паналауы мүмкін екені айтылады. Өйткені экс-президенттің ол жақта жылжымайтын мүлкі бар.

Биыл сәуір айында Украинада президент сайлауы өтіп, соның нәтижесінде Владимир Зеленский Петр Порошенконың алдын орап кеткен еді. Украинаның Мемлекеттік тергеу бюросының директоры Роман Труба бұрынғы президентке және басқа жоғары лауазымды кісілерге қарсы 11 қылмыстық іс қозғалып жатқанын мәлімдеді. Олардың қатарында мемлекетке опасыздық, қылмыстық жолмен келген табыстарды заңдастыру, судьялардың қызметіне араласу сияқты айыптаулар бар. Украинаның тағы бір экс-президенті Виктор Януковичтің әкімшілік басшысының орынбасары болған заңгер Андрей Портнов Петр Порошенконы айыптап, Мемлекеттік тергеу бюросына арыз берген. Оның айтуынша, Петр Порошенко Украина әскерінен ұрланған қаражаттың есебінен болмаған мәміле жасап, офшорлық компаниялар арқылы 300 млн доллар табысты заңдастырған.

Ал осыдан бес жыл бұрын 2014 жылы ақпанда Виктор Янукович те шарасыз күйге түсіп, елін тастап кеткен еді. Оның мұндай қадамына 100-ден аса адам қаза тапқан Киевтегі ірі митинг алып келді. Содан кейін Жоғарғы рада оның президенттік өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Сөйтіп, амалы құрыған Виктор Янукович Ресейден пана сұрауға мәжбүр болған. Көтерілістен кейін Украинаның жаңа билігі адамдардың қазасы үшін Виктор Януковичтің мойнына және ІІМ «Беркут» арнайы бөлімшелеріне жауапкершілік жүктеді.

Осындай мысалды жақындағы көршіміз Қырғызстаннан да келтіруге болады. Қырғызстанды 1991 жылдан бері басқарған президент Асқар Ақаев 2005 жылы «қызғалдақ» төңкерісінен кейін елін тастап қашуға мәжбүр болды. Осы оқиғадан соң Асқар Ақаевқа, оның ұлына, сондай-ақ сол кездегі билік басында болған бірқатар қайраткерге қатысты 106 қылмыстық іс қозғалды. Асқар Ақаевтың өзі Қазақстанға қарай бағыт алып, кейіннен Ресейге тұрақтады. Ол 2005 жылдан бас­тап М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де және 2011 жылдан бастап Ұлттық зерттеу университетінің Жоғары экономика мектебінде жұмыс істейді.

«Қызғалдақ» төңкерісінен кейін 2005 жылы билік басына келген оппозиция көшбасшысы Құрманбек Бакиев те араға бес жыл салып, бұрынғы президент Асқар Ақаевтың күйін кешті. Құрманбек Бакиевтің жүргізген кадр сая­саты халықтың ызасын келтірді. Оған мемлекеттік қызметтерді туыстары мен бұрынғы қылмыс әлемінің өкілдеріне үлестірді деген айып тағылды. 2009 жылы екінші мерзімге сайланған Құрманбек Бакиевтің 2010 жылы отставкаға кетуін талап еткен жаппай наразылық акциялары басталды. Сол жылы 7 сәуірде оппозиция жақтаушылары Бішкек пен негізгі әкімшілік ғимараттарын басып алып, Үкімет үйіне жасалған шабуыл кезінде 80-ге жуық адам қаза тапты. 19 сәуірде Беларуське қашқан экс-президентке саяси баспана берілді.

Жақында Қырғызстанның тағы бір экс-президенті Алмазбек Атамбаевты Ресейге қашты деген қауесет тараған. Бірақ ол бұл дақпыртты жоққа шығарып, бір күннен кейін еліне қайта оралды.

ТМД елдерінен тыс өз елінен босып кеткен басқа да мемлекеттердің басшылары баршылық. Мысалы, Перуді он жыл билеген президенті Альберто Фухимори 2010 жылы Жапонияға қарай қашқан. Сыбайлас жемқорлықпен айыпталған оны Токиодан экстрадициялауды талап етті. Алайда Жапония А.Фухиморидің қос азаматтығы барын негізге алып, оны қайтарып беруден бас тартты. Ол президенттің ата-анасы жапондық эмигранттар болған. 2014 жылы Чилиге келген А.Фухимориді полиция ұстап, Перу билігіне тапсырған. Оны солшыл белсенділерді азаптап өлтіруге қатысы бар деген айыппен 25 жылға абақтыға қамады. А.Фухимори әлі күнге дейін қамауда.

Тунисті 1987 жылдан бері 24 жыл бойы басқарған Зин әл-Абидин Бен Али «араб көктемі» оқиғасынан кейін 2011 жылы отбасымен бірге Сауд Арабиясына қашқан. Тунисте оны үкіметке қарсы шеруге оқ атқаны үшін сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Экс-президентті панасына алған Сауд Арабиясы оны отанына қайтарудан бас тартты.

Жалпы елде бейберекет жайлап, халықтың сеніміне селкеу түсірген, содан соң қудалауға түсіп, басын алып қашқан осындай президенттердің тарихтан талайын кездестіруге болады. Сайып келгенде, басшысы босқан елдер айтарлықтай шығынға ұшырап, біраз уақытқа дейін берекесі де кіре қоймайды.