Әлем • 02 Тамыз, 2019

Гонконгтегі митингілер жалғасып жатыр

768 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы төрт ай бойы Гонконг көшелерінде наразылық шаралары тоқтамай тұр. Гонконг үкіметі қолға алған айыпталғандарды экстрадициялау туралы заң жобасы миллиондаған халықтың бас көтеріп, наразылыққа шығуына себеп болды. 31 наурызда басталған митинг бүгінге дейін жалғасып келеді. Кеше жергілікті ақпарат көздері темір жол желісінің жұмысы тоқтатылғаны туралы хабарлады, ал оған дейін наразылардың Парламент ғимаратына шабуыл жасағаны мәлім болды.

Гонконгтегі митингілер жалғасып жатыр

Бұл Гонконг тарихындағы екінші үлкен митинг. Ал­ғаш­қысы 1997 жылы Британия қа­ланы Қытай иелігіне қай­тарғанда болған. Соңғы наразылықтарды ұйымдас­ты­ру­шылар жаңа заңға қарсы шы­ғушылар саны миллионға жет­ті десе, полиция 240 мың адам­ның жиналғанын айтады. Қы­тай үкіметінің толқуды сыртқы күштер бастады деген күмәні де жоқ емес. Олар наразылардың бі­рінің қолынан АҚШ туын көр­генін айтып, мемлекет ішіндегі мәселеге араласпауын сұрады.

Гонконг әуелде 1842 жы­лы Ұлыбритания отары бо­лады, кейін  1898 жылы Ұлы­бри­танияға 99 жылға жалға бері­леді. 1997 жылы Қытай Халық Республикасының құрамына қайтарылып, арнайы әкімшілік аудан деп белгіленеді. Қытай-британ декларациясы мен Гонконгтың негізгі заңына сәйкес, Гонконг 2047 жылға дейін Қытай автономиясы ретінде бекітіледі. Дәл осы кезде Қытай реформаторы Дэн Сяопин «Бір ел, екі жүйе» деген идея­сын ұсынып, соның негізінде Гонконгтың полиция, заң мен қаржы жүйесі, иммиграция мәселесі қала құзырына беріліп, ал сыртқы сая­сат пен қорғанысы Қытайға жүктеледі. Бұл концепцияның түп негізінде Гонконгпен қатар Макао, Тайвань сияқты құрамдас территорияларды Қытайға бейбіт түрде қайтару жатыр еді. Сонымен бірге бұл құрамдас территорияларға өздерінің капиталы, экономика мен саяси жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берілді.

Идеяның Гонконгке пайдасы аз болмады. Капиталы мен заң жүйесін өздері басқару арқылы қазіргі таңда бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемдік рейтингте 3-орынға, салық жүйесі бойынша 5-орынға тұрақтады. 

Әуелгі шарт бойынша Қытай Гон­конг­та қалыптасқан капиталистік жүйені өзгертпеуі керек еді. Алайда Қытай Гон­конг өміріне араласпаймыз деген сөзінде тұрмай, заң жүйесін өзгертіп, мектептерде патриоттық тәрбие сабақтарын ен­гізбек болды. Бұл бастамаларға Гонконг тұрғындары наразылық танытып, жаңалықтарды қабылдауға асықпады. Одан кейін 2014 жылы Гонконгтың сайлау процесіне араласпақ болған Қытайға қарсы «қолшатырлар революциясы» деп аталып кеткен 79 күнге созылған митинг өтті. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл жолы халықтың сөзі еленбей, Гонконг басшылығына «Қытайдың адамы» келген.

Жаңа заң жобасын қарастыруға Тайвандағы қанды оқиға себеп болған деседі. Халықты жаңа заң қабылданған жағдайда айыпталушыларды Қытайға, тіпті Гонконгпен арнайы келісімі жоқ Макао, Тайванға да жөнелту мүмкіндігі алаңдатады. Өйткені Гонконг тұрғындары Қытай түрмелеріндегі қинаулар мен өлім жазасына қарсы. Белсенділердің бірі «біз билікке наразылығымызды түсіндіргіміз келеді. Бұған қажеттілік азаймайынша, жалғастыра береміз» деді.

Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэр­ри Лэм экстрадицияға қатысты заңға өз­герістер енгізу тоқтатылғанын мәлім­деп, халықтан кешірім сұрады. Бірақ айыпталғандарды экстрадициялау мәселесі шешілу керегін айтты. Яғни, заң жобасы алдағы уақытта қайта қаралуы мүмкін. Бұған Гонконг тұрғындары келіспей, заң кеңе­сінің ғимаратына шабуыл жасап, билік­тің отставкаға кетуін талап етті. Жер­гілікті полиция наразыларға қарсы күш көрсетіп, арнайы газдармен қуып жатқаны мәлім болды.

Жаңа жүйеге жаппай қарсылықтар халықтың «бір ел» идеясын қабыл­да­май­тынын көрсеткендей. Халық жергілікті билікке наразылығын білдіргенімен, орталық жүйеге, яғни Қытай жүйесіне қарсы шағымдарын айта алмайды. Оның үстіне, Гонконгтың мемлекеттік тілі саналатын ағылшынды қытай тілі бірте-бірте ығыстырып келеді. Гонконг халқы экстрадициялауға қатысты жаңа заңның арты сөз бостандығы, демократия сияқты ұғымдарға нүкте қоярын айтады. Өйткені билікке қарсы келгендерге Қытай соты ауыр жаза кесуі мүмкін. Бұл болжамның рас-өтірігі, әлбетте, уақыт еншісінде. Алайда Гонконгтегі митингілер қашанға дейін жалғасатыны әлем жұртшылығын алаңдатуда.