Руханият • 02 Тамыз, 2019

Шетелдегі қазақ балаларының құрылтайы өтті

471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бурабай баурайындағы «Балдәурен» республикалық балалар оқу-сауықтыру орталығында өтіп жатқан халықаралық балалар құрылтайының оныншы ауысымына Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран және Германиядан үш жүзге жуық жеткіншек жиналған. 

Шетелдегі қазақ балаларының құрылтайы өтті

Жасыл желегі жайқалған ғажа­йып өлкеге шартараптан жиналған бала­лардың шаттық үні қозыкөш жерден естіледі. Таяп келіп тілдестік. Орта бойлы ақсары бала Нұрберген Еркін Баян-Өлгий аймағынан келіпті. Әріптестеріміздің бірі сөйлесіп жатыр.

– Еліңе барған соң Бурабай баура­йында көрген қызықтарыңды, танысқан достарың туралы айтатын боларсың?!

– Елім осы жер емес пе?! Баян-Өлгийге барған соң әрине айтамын, – деді әлгі бала табан аузында жұлып алғандай.

Әншейінде аузынан сөз саулап тұ­ратын әріптесімнің аузына құм құйыл­ды. Шынында да, дүниенің төрткүл бұрышынан жиналған балалардың ата­жұрты, алтын қазығы қазақ елі емес пе?!

Алдымен әсем безендірілген сахна төрінде салтанатты рәуіш басталды. Би. Қазақтың ұлттық биі. Болат тұяқты тұл­пардың дүбірі, қыран қанатының суы­лы, қызғалдағы жәудіреген қызылды-жасылды дала төсіндегі беймарал өмір, шадыман шаттық. Бар баланың жанары жәудіреп әлгі көрініске назар аударған. Сәлден соң шаңырақ бейнесі. Біртұтас, мызғымас шаңырақ. Мәңгілік елдің шаңырағы. Ашық дала төсіндегі сахна маңында жайғасқан тәмам бала да сол шаңырақтың ертеңгі бір  уығы іспетті.

Ауысымның ашылу рәсімінде алдымен сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Марат Әзілханов бала жанын баураған көңілді де көркем тілмен біраз деректі жайып салды.

– Осы шара он жыл қатарынан өткізіліп келеді. Қазақ баласы қай мемлекетте жүрсе де, оның жалғыз-ақ Отаны бар, ол – Қазақ елі. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та аталы сөзін айтқан болатын. Шараның негізгі міндеті – әлемнің әр қиырында жүрген балаларға ата жұрттың тарихын, тамаша дәстүрлерін, әдемі әдет-ғұрпын, әуезді тілін, мәнді мәдениетін таныту. Міне, сонда ғана балалардың бойына халқымыздың өзімен бірге сан ғасыр бойы жасасып келе жатқан ұлттық қадір-қасиетін сіңіре аламыз. Сіздердің алтын қазықтарыңыз – қазақ елінің қасиетті топырағы.

Ағаларының айтқан ақ тілегін бала біткен толқып отырып тыңдады. Ал жүр­гізушілер болса үш тілде сөйлеп тұрды. Шет жайлап, шалғайда өсіп келе жатқан бала­лар ана тілін білмейтін шығар деп ойла­ғанбыз. Сөйтсек, олай емес екен. Ресей­ден келген қаршадай қыз Әмина Жақсы­лықова ана тілінде өте жатық сөйлейді.

– Мәскеу қаласынан 300 шақырым жерде Иванова деп аталатын қала бар. сондағы білім ошағының 7 сыныбында орыс тілінде білім алудамын. Үйде тек қана қазақ тілінде сөйлейміз. Өйткені ата-анам менің ана тілімді білуіме ерекше мән береді, – дейді Әмина.

Германиядан келген Айша Құлғари­на 4 сыныптың оқушысы. Бірнеше тіл біле­ді. Қазірдің өзінде оң-солын танығаны көрініп-ақ тұр. Өс­кен соң Қазақстанға ораламын деп қояды. «Тілегіңнен айнал­дық!» дедік біз. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Дүние­жүзі қазақтары қауым­дастығы төраға­сының орынбасары Арғын Оспанов Қазақс­танда жастар­дың алдынан жарқын жол ашылғанын айт­қан болатын. Берік білім алуға барлық жағдай туған. Ел жастары қазір бәсекеге қабілетті.

«Отандастар» қорының вице-пре­зиденті Мағауия Сарбасов пен Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілік кеңесшісі Кирилл Тиллябев халықаралық балалар құрылтайының тиімді тұстарына  тоқталды.

– Ресей Федерациясында ресми есеп бойынша бір жарым миллионға жуық қазақ жергілікті жұртпен тату-тәтті тіршілік етуде. Олардың туып-өскен жері Ресей топырағы болғанымен, тарихи Отаны Қазақстан, – деді Кирилл Ген­надьевич, – менің ойымша, бәлкім одан да көп болуы мүмкін. Аумалы-төк­пелі  талай заман өтті ғой. Біз ежелден дос­тық қарым-қатынастағы елміз. Осы бала­лар – мемлекеттеріміздің арасындағы шы­найы достықты одан да бекіте түсетін ұрпақ.

Қызыққа толы қызулы күндер текке өтпейді екен. «Балдәурен» балалар оқу-сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы Айнұр Ерденованың айтуына қарағанда, шетелден келген балалар қазақтың ән-жырын жаттайды. Мәселен, ана, туған жер жайлы естіген жанның есінен кетпес жауһар ән-жырлар өздерімен бірге ата жұрттан ала кететін тәбәрік іспетті. 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы