Аймақтар • 04 Тамыз, 2019

Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы 90 жылдығын атап өтті

560 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасына 90 жыл толуына орай халықаралық алқап күні өтті.

Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы 90 жылдығын атап өтті

Еліміздегі астық өндіру саласы мен жалпы егін шаруашылығындағы ірі ғылыми орталықтың мерейлі мерекесі кең көлемде ұйымдастырылды. Алқап күнінің ашылу салтанатында мекеменің эмблемасы – еңбекқор бал арасы бейнесі таныстырылды. Қазақстандағы ірі ғалымдар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми орталықтардың өкілдері және Ресейден келген қонақтар ғылыми стансаның алқаптарын аралап, жаңа сорттардың өсімін көрді, станса пайдаланып отырған техникалар көрмесімен танысты. Онан кейін қонақтар Қарабалық ауылшаруашылығы тәжірибелік стансасының 90 жылдығына арналған конференцияға қатысты.

         Мерекелік басқосуда Қазақстан Республикасы  Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов, «НАНОЦ» ҰАҚ басқарма төрағасының орынбасары Есембай Исламов және тағы басқалар ғылыми орталық ұжымын мерейтойымен құттықтады.

         – Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы осы жылдар ішінде көптеген табыстарға жетті. Еліміздің астық өндірісінде бұл ғылыми-тәжірибелік орталықтың қосқан үлесі мол. Қандай табысқа жетсе де алдымен осы мекеменің ғалымдары мен еңбеккерлерінің арқасы деп білеміз. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың құттықтау сәлемін жеткіземін. Қарабалық ауылшаруашылығы тәжірибе стансасы тек облыстың ғана емес республикамыздың мақтанышы. Бүгінге дейін Қарабалық ғылыми тәжірибелік стансасының ғалымдары мен селекционерлері бидайдың, арпаның, басқа да дәнді және майлы дақылдардың, көпжылдық шөптердің 150 сортын шығарып, аудандастырды. Бұл өте қажырлы, үлкен еңбек, еліміздің астық индустриясына қосылған үлкен үлес, – деді Ғауез Торсанұлы.

          Қарабалық  ауылшаруашылық тәжірибе стансасының жеткен жетістігі бұл күнде тек еліміз ғана емес, сырт жерлерге де аян. Ғылыми мекеме еліміз Тәуелсіздігін алған жылдардан бері қарай ауылшаруашылығы дақылдарының жаңа 34 сортын шығарған, соның 14-і соңғы бес жылға тиесілі екен. Қарабалық АШТС-ның шығарған 45 сорты республикада аудандастырылды. Өткен жылы ғана жұмсақ бидайдың «Айна» және «Ламис» деп аталатын жаңа сорттары, қатты бидайдың  «Шарифа», арпаның «Медикум 18» және сұлының «Сұлу» сорты аудандастырылды. Ғалымдар ауылшаруашылығы өнімінің өзіндік құнының арзандауы өсімдік ауруларына төзімді және химиялық өңдеуді аса қажетсінбейтін жаңа сорттар шығаруға тікелей байланысты екенін айтады. Осы орайда қарабалықтық ғалымдар бидайдың тат ауруына төзімді «Айна» сортымен мақтана алады. Бұл аурудан алқап өнімділігі 25-30 процентке дейін кемитін.

Конференцияда   Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының ғалымдары мен мамандары, жұмысшылары мемлекеттік медальдермен, министрліктің, облыс әкімінің грамоталарымен марапатталды.

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы