Келіссөздер сабасына түсті
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен өткен халықаралық маңызды шараға Ресей делегациясын РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Седат Онал, Иран делегациясын Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі жоғары көмекшісі Али Асгар Хаджи бастап келді. Ең бастысы, аталған кездесуге Сириядағы екі қақтығысушы тарап – Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар әл-Джаафари бастаған САР үкіметтік делегациясы және Ахмад әл-Тоума бастаған қарулы оппозиция өкілдері толық қатысып, белсенділік танытты.
Кездесудің тағы бір жаңалығы ретінде Астана форматындағы бұған дейінгі келіссөздер негізінде қабылданған шешімге сәйкес Ирак пен Ливан делегацияларының аталған процеске байқаушылар ретінде қатысуын айтуға болады.
Байқаушылар қатарында бұрынғысынша БҰҰ мен Иорданияның да делегациялары болды. 13 раундтың бірінші күні бұған дейінгі келіссөздер қалпымен, «жабық есік» жағдайында екіжақты және көпжақты техникалық консультациялардан құралды. Оның ішінде тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру мәселелеріне тікелей араласу мақсатында Нұр-Сұлтанға БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері арнайы келгендіктен, бұл жөніндегі келіссөздердің өте тартысты өткені де аңғарылды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаштың айтуынша, тараптар Сирияның Идлиб провинциясында оқ атуды тоқтатуға баса маңыз берген. Сонымен қатар Сирияның болашағын анықтайтын әрі реттейтін Конституциялық комитет құру мәселесі де өткір талқыланған.
Ал келіссөздердің екінші күнгі жалпы отырысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко: – 2017 жылдан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан бұл процесс Сирияда бейбітшілікті орнату жолында орасан зор жетістікке жеткені сөзсіз, – деп сөз бастады.
Негізі Астана процесінің жемісін келіссөздерге белсене қатысқан барлық тараптардың жоғары бағалап отырғаны да рас. Өйткені бұған дейінгі келіссөздер нәтижесінде шиеленістерден және оқ атудан босатылған аймақтар құрылып, гуманитарлық дәліздер ашылған болатын. Осы арқылы Сириядан үдере көшіп, бас сауғалаған босқындарға пана табылды. Сонымен қатар Астана процесі босқындардың гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етілуіне зор ықпалын тигізуде.
Жалпы, Женева, Вена мен Нұр-Сұлтан және басқа да өңірлердегі келіссөздер барысында тараптар бұған дейін бір үстел басында отырып, жаға жыртысуға дейін барса, бұл жолы олардың бейбітшіл, ымырашыл ұсыныстары ортақ мүдде жолында ұйысып жатты. Алайда бұл жағдай Сирияда мамыражай тіршілік орнап, соғыс өрті мүлдем тоқтатылды дегенді білдірмейді.
13 тараулы мәлімдеме жасалды
Келіссөзге қатысқан тараптардың бірлескен мәлімдемесін журналистер алдында Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко оқып берді. Бас-аяғы 13 тараудан тұратын ауқымды құжатта Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасы Астана процесінің кепілгер мемлекеттері ретінде алдымен БҰҰ жарғысының мақсаттары мен принциптеріне сүйене отырып, Сирия Араб Республикасының егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігін және аумақтық тұстастығын сақтауға ниетті екендіктерін білдірген.
Сонымен қатар Идлиб аумағындағы қалыптасқан жағдайды талқылай келе, бұған дейінгі келісімдерге сәйкес, аталған аумақтағы тыныштықты сақтауға күш салатындарын айта келе, «Хейат Тахрир аш-Шам» террористік ұйымының белсенділігінің артқанына алаңдаушылық білдіріп, ДАИШ, «Джабхат ан Нусра» және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қауіпті деп таныған басқа да ұйымдарды түбегейлі жоюға маңыз беретіндіктерін мәлімдеді.
Кепілгер мемлекеттер Сирияның солтүстік-шығысындағы жағдайдың тұрақтанып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сыйлау негізінде жүзеге асатындығына келісті.
Бірлескен мәлімдемеде кепілгер мемлекеттер Астана форматында құрылған салалық Жұмыс тобының күшімен бұған дейін террористік ұйымдардың қолында болған адамдарды құтқару бойынша 31 шілде күні кезекті операцияның сәтті өткенін де ризашылықпен қабылдағандарын айтты. Осыған байланысты алдағы уақытта да Жұмыс тобының іс-әрекетін белсендірек жүргізу ұсынылды.
Кепілгер мемлекеттер Сирия аумағында барлық сириялықтарға көрсетілетін ешқандай талапқа, шартқа негізделмеген гуманитарлық көмектің аясын кеңейту бойынша уағдаласқан.
– Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсарта түсу мақсатында және саяси реттеу процесінде халықаралық қоғамдастықты, БҰҰ және оның гуманитарлық агенттіктерін Сирияға көмек көрсетуге, оның ішінде бұған дейін де қалпына келтірілген негізгі инфрақұрылым нысандарын – су және электр энергиясы көздерін, мектептерді, ауруханаларды қалпына келтіріп, сондай-ақ гуманитарлық тұрғыдағы минадан тазалау жұмыстарын жүргізуге ат салысуға шақырамыз, – деді бірлескен мәлімдеме мәтінін оқыған Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко.
Мүдделі тараптар Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуге байланысты халықаралық конференция өткізудің болашағын да талқыға салған.
Сонымен қатар еліне оралуға ниетті босқындардың бас амандығын қамтамасыз етуге күш салып, қолдау көрсету бойынша да ортақ мәмілеге келген.
Түркия, Ресей және Иран өкілдерінің бірлескен мәлімдемесінің соңында Нұр-Сұлтан қаласында Астана процесінің он үшінші кезеңінің табысты өтуіне барын салған Қазақстан тарапына ризашылық білдіріп, Астана форматындағы келесі халықаралық отырысты биылғы жылдың қазан айында өткізу жөнінде шешім қабылданғаны айтылған.
Жоғарыда айтылғандай, Сириядағы атысты тоқтатып, елде тыныштық пен тұрақтылықты қалыптастыру әлі де бірталай күш-жігерді қажет ететіні сөзсіз. Мұның аужайы пленарлық отырыстан кейінгі тараптар кезектесе өткізген баспасөз мәслихатында байқалды. Бір үстел басына жиылып, бірқатар ортақ мәселелер бойынша келісімге қол қойылғанымен, қарсыластардың әрбір сөзінен өшпенділік ызғарының лебі аңқып тұрды. Оның үстіне тағдыры талан-таражға түскен Сирияның, сириялықтардың мүддесінен бұрын, қарсыластардың қолтығына су бүріккен қолдаушыларының арман-мақсаттары да менмұндалап тұрғандай әсер қалдырды. Дегенмен осымен он үшінші кезеңі артта қалған Астана процесі бейбіт халықтың тыныштығын сақтауға, босып кеткен жұртты қамқорлыққа алуға үлкен ықпал еткені сөзсіз. Әлі күнге соғыс аумағында миллиондаған жазықсыз адам халықаралық теке-тірестердің құрбаны болып отыр. Халықаралық терроризмнің тетігін ұстағандар үшін қарапайым халықтың тағдыры бас ауыртарлық мәселе емес. Сирия аумағында әлемнің небір мемлекеттерінің қару ұстаған содырлары қан төгіп, қырғын жарылыс жасап, Шам өңірін қасапханаға айналдырды.
Дәл осындай жағдайда Қазақстанның Сирия аумағындағы азаматтарын, оның ішінде бейкүнә балаларды құтқаруға бағытталған гуманитарлық сипаттағы «Жусан» операциясын халықаралық қоғамдастық жоғары бағалап, қызығушылық танытып отыр. Тіпті Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың АҚШ-қа сапары барысында Американың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео «Жусан» операциясына мән беріп, зерттеуге тұратын мәселе деп бағалаған. Мұның өзі еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының салмақты екендігінен хабар береді. Ал Астана процесі де осындай жоғары деңгейдегі келіссөздер арқылы өміршеңдігін мойындатып келеді.