Қазірдің өзінде Ислам елдерінен бөлек, бірқатар франкотілді Еуропа мемлекетінде халал тағамдар «organic food», яғни органикалық азық-түлік түрлерін алмастыруға жақын қалды. Адал әрі сапалы өнім нарығында Қазақстанның үлесі қандай? Отандық компаниялар осы саланың әлемдік көшбасшыларымен иық тіресіп, бәсекелесуге қаншалықты қауқарлы? Бұл сұрақтардың жауабына бас шаһарда өткен халал индустрияны дамытуға арналған халықаралық құрылтайда қанықтық.
Тамақтан бастап, далапқа дейін
Аталған индустрияның жайын тарқатпас бұрын алдымен халал ұғымына қысқаша түсінік бере кеткенді жөн көрдік. Супермаркет немесе дүкен сөрелерінен кез келген азық-түлік өнімін аларда әуелі осы сөзбен таңбаланған тауарды іздейтініміз анық. Себебі бұл өнімнің құрамынан Ислам дінінде тыйым салынған зиянды компоненттердің табылмайтынына күмән келтірмейміз. Демек, халал – Ислам шарттарына қайшы келмейтін сапа стандарты. Асыл діндегі халал сөзін араб тілінен аударғанда, «рұқсат етілген, құпталған» деген мағынаны білдірсе керек.
Десек те оның ауқымы тек тағаммен шектеліп, мұсылмандарға ғана арналған деген жаңсақ пікір. Тұтастай алғанда, халал стандартының қамтымаған салалары аз. Азық-түлік, киім-кешек, әшекей бұйымдар, косметика, парфюмериялық және жеке гигиена заттары, сондай-ақ қаржы саласы, мүлікті пайдалану және адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуде де осы халал талаптары кең қолданысқа енгізілген.
Әйтсе де адал нарықтың басты қозғаушы күші – тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы саласы. Соңғы жылдары Парсы шығанағы мен Оңтүстік Шығыс Азия аймағында ет өнімдерін тұтыну көлемі өсе түскен. Green Point Marketing агенттігінің мәліметінше, БАӘ-де оның мөлшері 30%-дан асыпты. Мысыр елінде өсім 28%-ға жетсе, Мароккода 20%-ға жетеғабыл. Ал Азия-Тынық мұхит аймағы мемлекеттерінде халал етті тұтыну көлемі 54%-ды құрады.
Швейцариялық «Nestle SA» компаниясының Малайзиядағы бөлімшесі Араб түбегін жауламақ ниетте. Тағам түрлерінің ірі өндірушісі Дубайда халал-кофе желісі мен тамақтану нүктелерін іске қоспақ. Қазір бұл индустрияның ауқымы мұсылман елдері аумағынан асып кеткен. Ұлыбритания, Франция және Оңтүстік Корея аталған нарыққа қосылудың амалын ойластырғалы қашан?! Еуропадағы ірі сауда желілері халал таңбасымен өнімдерді сатуды жолға қойыпты. Көршілес Ресейде халал еттің саудасы 10%-дан асқан екен.
Әлі күнге ауызбірлік жоқ
Алайда тың саланы шатқаяқтатқан мәселе аз емес. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы бас директорының міндетін атқарушы Ерлан Байдәулет Ислам Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің өзінде халал стандартын қалауынша бекітетін компаниялардың санында есеп жоқ екенін алға тартты.
– Әр ұйым өз бетінше жұмыс істеп келеді. Әлі күнге дейін ауызбірлікке қол жеткізу қиынға соғып тұр. Өзара байланыс жоқтың қасы. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде ғана шешіле салмайды. Осы мәселені Ислам ынтымақтастық ұйымының күн тәртібіне қою қажет. Мұны талап етуге толық хақымыз бар. Қазақстанда халал өндірісті дамытқымыз келсе, бірыңғай сертификатты тағайындайтын ұлттық орган құру қажет.
Мұнымен кім айналысады? Отандық өнімдер нарыққа қандай жолмен шығарылады? Осыған келгенде дұрыс жүйелі жұмыстың жоқтығын байқаймыз. Бұл мәселені қолға алып, тездетіп реттегеніміз абзал. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы арнайы декларацияның жобасын ұсынып отыр. Соған сәйкес, жұмыс тобын құруға ұсыныс білдіреміз. Осы топ ТМД аумағында халал жүйесін жетілдіруге байланысты ұсыныстарды әзірлейтін болады. Екіншіден, іс-әрекет жоспарымызды айқындайтын жол картасын дайындау қажет. Үшіншіден, осы бағытқа арналған меморандумға қол қойылады. Төртіншіден, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы жанынан арнайы орган құрылса деген ұсынысымыз бар. Аталған орган сертификаттау және аккредиттеумен айналысатын дүние жүзіндегі барлық ұйымдарды есепке тұрғызуды қолға алатын болады. Бұл ИЫҰ елдерінде бірыңғай халал жүйесінің құрылуына септеседі деген сенімдеміз. Бесіншіден, бұл декларацияны жүзеге асыру үшін ұйымға мүше мемлекеттердің құзырлы органдарына хаттама жолданады, – дейді Ерлан Байдәулет.
Халал өнімін сертификаттайтын 5 ұйым жұмыс істейді
Қазақстанда халал өнімдерін сертификаттаумен айналысатын 5 ұйым бар. Олардың жұмысын бір ізге келтіру үшін жыл соңына дейін бес ұлттық «Халал» стандарты қабылданады деп көзделуде. Ал оны әзірлеуді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы, сондай-ақ халал өнімдерді сертификаттайтын бірнеше жеке компания қолға алды. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы өкілдері бұл құжатты дайындауда барлық әлемдік талаптар ескерілгенін нақтылады. Енді аталған бірыңғай стандартты құрамында Денсаулық сақтау министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, сол секілді өзге де жауапты ведомстволардың мамандарынан жасақталған арнайы комиссия бағаламақ. Жаңа құжатта малды сою технологиясынан бастап, логистика, өнімді сақтау талаптары әрі таңбалауға қатысты негізгі мәселелер қамтылады деп сендірді Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы. Бүгінде халықаралық ұйымның қатарына 33 мемлекет кіреді екен. Оның ішінде 10 ел франкотілді.
Жол картасы жасалады
Жақында өткен Үкімет отырысында ел Премьер-Министрі Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министріне 15 тамызға дейін халал өндірісін дамытуға арналған жол картасын әзірлеуге қатысты тапсырма жүктеген еді.
«Халал өнімдерінің экспортын арттыру қажет. Отандық өндірушілердің мұсылман нарығында бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін алдымен халықаралық талапты күшейту керек. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік органдармен 15 тамызға дейін халал өнімдерін дамытуға бағытталған жол картасымен қамтуды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.
Түйіндей келгенде, халал индустриясының өріс алуы отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тамырына қан жүгіртері даусыз. Бір ғана Ұлыбританияның өзінде жыл сайын халал өнімді 6 млн-дай адам тұтынады екен. Ал Біріккен Корольдікте мұсылмандардың ұзын-саны 2 млн-ның айналасында. Осыдан-ақ адал әрі сапалы тағамға деген сұраныстың өзге діни ұстанымдағы және нәсілдегі тұрғындардың арасында артып бара жатқанын аңғару қиын емес.