Аймақтар • 05 Тамыз, 2019

Таңғажайып тұңғиықгүл

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есте жоқ ескі заманда бір теңіз сұлуы өмір сүріпті деседі. Айдан әсем, күннен көркем келбетіне қараған жан көзін ала алмай қалады екен. Бірақ тәкаппар ару адам баласын менсінбепті. Ғайыптан тайып біреу өзіне қарай беттесе, суға сүңгіп жоғалады.

Таңғажайып тұңғиықгүл

Құрылған торға да түспейді. Еш­қан­дай ақынның жыры, батырдың серті сұлудың жүрегін жібіте алмапты. Бір күні таң әлетінде сол өзенге Геракл келіп жуынады. Сымбатты жігіттің көркі көзін арбаған сұлу аң-таң қалыпта тұрып қалады. Ал батыр жігіт қызды байқамайды да, жуынып алып артына қарамай кете береді. Жүрегі кеудесіне сыймай жанын өртеген сұлу қыз жанары мөлдіреп айдынның жағасында қала барыпты. Содан қайтып суға сүңгімей, ғашы­ғын күткен әдемі гүлге айналыпты. Тұңғиықгүл туралы осындай аңыз бар.

Солтүстік және Орталық Америка­да, Гавай аралдарында және Аус­тралия, Жапония, Қытай мен Үндіс­танда, Филиппинде ғана өсетін осы ғажайып гүлді Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзеніне барсаңыз көре аласыз. Әсіресе тамыз айында көл беті керемет сұлулыққа бөленіп, алқызыл гүлдердің алаңына айналады. Соңғы жылдары Қиғашқа тек осы тұңғиықгүлді тамашалау үшін баратын туристердің қатары көбейген. «Планета.kz» туристік компаниясының басшысы Роза Бекенова: «Атырау облысында бұл гүл жеті жылдан бері өседі, – дейді. –Мамандардың ай­туынша, бізге Ресейдің Астрахань облысынан келген. Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамымен бірлесіп тұңғиықгүл алқабына туристік бағыт аштық. Өткен жылы 30-дан астам турист барып Қиғаш өзенінің ғажап табиғатын көріп келді». Бір қиыны, Атырау-Астрахань тас жолының қазіргі жағдайы бұл туристік бағытты өркендетуге қолбайлау болып отыр.

Күнмен бірге оянып қауызын ашып, күн батқанда ұйқыға кететін тұңғиықгүл биыл да Қиғаш бойын әсемдікке бөлеп тұр.

 

АТЫРАУ