Мысалы, 2019 жылы түлектердің саны 143 089 (Статистика комитетінің деректері бойынша) болса, бөлінген гранттардың саны 50 мыңнан асады. Сәйкесінше түлектердің 70 пайызы грантқа ілікпейді, сондықтан оқуға қаражат іздестіру қажет болады.
Шешім:
Қазақстанның колледждері мен ЖОО-ларында оқудың қолжетімділігін кеңейту мақсатында талапкерлер мен студенттерге негізгі қарыз сомасын төлеу мерзімін 10 жылға дейін шегеру мүмкіндігімен кепілзатсыз студенттік кредит алуға жағдай жасалып отыр. Кредиттер бойынша кепілмен қамтамасыз ету ретінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жанындағы Қаржы орталығының кепілдігі жүреді.
Артықшылықтары:
- жеңілдікті кезең (кейінге шегеру): негізгі қарыз сомасын өтеу оқу мерзімі аяқталған және ол оқу бітірген соң 6 айдан кейін жүзеге асырылады;
- кредиттің берілу мерзімінің ұзақтығы: айыппұл санкцияларын алмай мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігімен 10 жылға дейін,;
- кредиттің бүкіл Қазақстан бойынша қолжетімділігі;
- кредиттің сомасы бойынша шектеулердің болмауы (оқудың құнынан артық емес);
- оқу орнын таңдауда шектеулердің болмауы;
Рәсімдеу қадамдары:
Студенттік кредит алу тәсілі мынадай:
1) талапкер/студент кеңес алу үшін банкке немесе Қаржы орталығына жүгінеді, қажетті құжаттарды жинайды және оны өз өңіріндегі немесе оқу орны бойынша банкке тапсырады;
2) банк пен Қаржы орталығы тарапынан оң шешім қабылдағаннан кейін банкпен қарыз шарты жасалады және кредит сомасы оқу орнының шотына аударылады;
Студенттік несиені алу үшін негізгі жұмыс орны бойынша алынған табыстары және соңғы 6 айға зейнетақы аударымдары бар бір/екі қосалқы қарыз алушының болуы талап етіледі.
Баламалы мүмкіндік:
болашақ білім беруді жоспарлау
Балаларының табысты болашағын ерте жастан (балабақша, мектеп) бастап жоспарлағысы келетіндер және олар оқуға түскен кезде оқу ақысын төлеумен қиналғысы келмейтін азаматтар үшін мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде «AQYL» арнайы білім беру депозитінде болашақта оқуға қаражат жинақтауға мүмкіндік беріледі.
«AQYL» білім беру депозитіне банктен сыйақы және мемлекеттен ақшалай сыйлықақы есептеліп отырады. Сонымен қатар депозит үшінші тұлғалар тарапынан тыйым салулар мен өзге шектеулерден қорғалған және 10 млн теңгеге дейін мемлекеттің кепілдігі бар.
«AQYL» білім беру депозиті балалардың атына ашу үшін ғана арналмаған, ол сондай-ақ барлық жастағы азаматтар үшін де, қаржылық жағдайына қарамастан барлық отбасыларға да қолжетімді.
«AQYL» білім беру депозитінде Қазақстанда және шетелде оқудың ақысын жинақтауға болады.
Консультация:
Нұр-Сұлтан қ-ы,
Мәңгілік ел д-ы, 18
8 (800) 080-28-28 (тегін)
8 (7172) 695-044
www.fincenter.kz,
www.kredit.fincenter.kz,
www.depozit.fincentеr.kz
Анықтама үшін:
«Қаржы орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 маусымдағы № 541 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесінен қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылды.
«Қаржы орталығы» АҚ қызметiнiң негізгi мәнi ақшалай нысанда орындалуды көздейтiн білім беру кредиттері бойынша кепiлдіктер беру, сондай-ақ бұрын берілген мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттердің қайтарылуын қамтамасыз ету болып саналады.
Асқар ИБРАИМОВ,
«Қаржы орталығы» АҚ президенті