Үкімет • 05 Тамыз, 2019

Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, 2020 жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселесін пысықтады. Сондай-ақ бірқатар кәсіпорындардың және әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың, құрылыс жұмыстарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

Премьер-Министр алдымен облыс орталығындағы «Енки» кірпіш зауытында болды. Кірпіш зауыты 2010 жылдың желтоқсан айында Индустриаландыру картасы шеңберінде іске қосылған болатын. 2015 жылдың үшінші тоқсанында толық жобалық қуатында жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жыл сайын 60 миллион данаға жуық кірпіш шығарады.

Бұдан соң Премьер-Министр облыс орталығының іргесінен 2013 жылдан бастап бой көтерген Сарыарқа шағын ауданында болды. Алғашқы жылы жалпы көлемі 62 386,7 шаршы метрді құрайтын 1295 пәтерлік 33 көпқабатты тұрғын үй салынды. Одан бөлек 240 орындық балалар бақшасы пайдалануға берілсе, құны 1 миллиард 134 миллион теңге тұратын өрт сөндіру станциясы іске қосылды. 900 орындық ІТ мектеп-лицейі де осында. Сарыарқа шағын ауданы аз ғана жылдың ішінде көзтартарлық болып қаулап өсіп келеді. 2014 жылы 30 пәтерлік 5 үй бой көтерді. Құрылыс алаңын аралап көрген Премьер-Министр алдымен тұрғын үйлердің сапасына назар аударды. Болашақта тағы да 14 көпқабатты тұрғын үй салынбақ.

Ақмола

Көкшетау халқын елең еткізетін жағымды жаңалықтың бірі – балалар мен жасөспірімдерге арналған «Болашақ» сарайы. Жобаның құны 6,5 миллиард теңге. Жалпы көлемі жеті мың шаршы метрді құрайды. Ғимарат екі бөліктен тұрады. Біріншісі интеллектуалдық дамуды қалыптастыратын аймақ болса, екіншісі спорт алаңдары. 

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Премьер-Министрді «Болашақ» сарайының жобасымен егжей-тегжейлі  таныстырды. Үкімет басшысы құрылыс жұмысын сапалы жүргізумен қатар, ғимараттың төңірегін абаттандыруға көңіл бөлді.

Көкшетау қаласының орталығындағы «Достық» және «Көкшетау» қонақ үйлерінде болған Үкімет басшысы мұндағы қызмет көрсету сапасын жақсарту және жаңа заманғы жиһаздармен жабдықтау қажет екендігін еске салды. Сондай-ақ Премьер-Министр облыс орталығындағы «GreenWhich Hotel» қонақ үйінде де болды. Бұл қонақ үйде стандарт, жартылай люкс, люкс санатындағы 26 бөлме бар. Артықшылығы әкімшілік мекемелер мен мәдени нысандарға жақындығы. Қонақ үйдің бөлмелері кондиционермен, спутниктік телеарналармен, сейфпен және басқа да қажетті жабдықтармен жарақтандырылған.

Премьер-Министрдің ендігі бір назар аударған жайы – жол мәселесі. Бұрнағы жылдары республикалық маңыздағы Астана-Петропавловск бағытындағы тас жолдың Көкшетаудан Петропавлға дейінгі бөлігінің жайы сын көтермейтін. Қазіргі күні күрделі жөндеуден өткізілді. Күре жолды күрделі жөндеуден өткізуге 3 606,4 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Ауқымды жұмысты «Қазақдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Бұланды ауданындағы «Макинка құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі бірегей жоба. Мұнда 2018 жылы құны 1,974 миллиард теңгені құрайтын 3189,65 тонна құс еті өндірілді. 2019 жылы 14396 тонна ет өндіруді жоспарлап отыр. Толық қуатында жұмыс істеген кезінде 900-ге таяу адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысы 200 000 теңге көлемінде.

Ақмоланың ырыздығы – ақық дәнінде. Қазір облыс диқандары күзгі егін орағының қамында. Ерте пісетін арпаны іріктеп орып та жатыр. Үкімет басшысы Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, күзгі дала жұмыстарының барысымен танысты.

 

Ақмола облысы