01 Ақпан, 2013

Болашақтың бір бастауы балабақша

425 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Болашақтың бір бастауы балабақша

Жұма, 1 ақпан 2013 6:45

«Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы ««Балапан» бағдарламасының Жетісу жерінде жүзеге асырылуы туралы қоғамдық тыңдау өткізді.

Бұл шараның бір ерекшелігі, баяндамалар оқыл­ған соң, «Қуанса бала қуансын» деген даналықты берік ұстанған мамандар сол бүлдіршіндерге мүм­кін­дігінше жағдай жасап,

Жұма, 1 ақпан 2013 6:45

«Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы ««Балапан» бағдарламасының Жетісу жерінде жүзеге асырылуы туралы қоғамдық тыңдау өткізді.

Бұл шараның бір ерекшелігі, баяндамалар оқыл­ған соң, «Қуанса бала қуансын» деген даналықты берік ұстанған мамандар сол бүлдіршіндерге мүм­кін­дігінше жағдай жасап, ұлттық тәрбиемен қандыра сусындату мәселелері бойынша ашық пікір алмас­ты. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша сегіз ба­ла­бақ­ша ғимаратын меншік иелері облыстық білім бас­қармасының құзырына ақысыз қайтарса, аталған ұжым 2010-2012 жылдары жергілікті бюджет есе­бі­нен 609 млн. 321 мың теңгеге он төрт балабақша ғима­ратын рыноктық бағамен сатып алған. Былтырғы жылы облыс бойынша 1105 орынды он үш балабақша ашылып, бүлдіршіндер күлкісіне бөленсе, енді 280-320 орынды елу балабақша ашу қажеттілігі туындап отыр.

«Жалпы, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына сәйкес облыста 139 балабақша мен 173 шағын орталық ашылып, қажеттілік 57,7 пайызға қамтылып, жиырма бес мың бүлдіршінді қуанттық. Десек те, осы тұста сала мамандарына айтарым, бүгінгі күнгі есеп бойынша, Алматы облысында 80 шаршы метр тұрғын үй құрылысын толығымен салып, бітіру үшін 6 млн. теңге жұмсалады екен. Ал, білім басқармасының басшылары сатып алған балабақшалардың әрқайсысының құны (облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Майгүл Омарова есепті баяндамасында айтқан соманы он төрт балабақшаға бөлсек), 43 млн. 523 мың теңгеден айналып отыр. Осы жағын ойлайық. Бүлдіршіндерге сән-салтанаты асқан «заманауи» қажеттіліктермен лықа толтырылған ғимараттар емес, тең-тұстарымен еркін араласып, тәлім-тәрбие алатын балабақшалар қажет екендігін Елбасы ашық айтты ғой», деді «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерғазы Қошанбеков.

«Балапан» бағдарламасының орындалуын қадағалауда қоғамдық ұйымдар бақылауы кү­шей­тілген. Жүргізіліп жатқан құрылыстар мен күр­делі, ағымдағы жөндеу жұмыстары нысандарында партиялық бақылау бекеттері құрылды. Онда құрылыс сапасына ерекше мән беріледі. Әр елді мекенде бұрын жалға берілген, жекешелендірілген, пайдаланылмай бос тұрған балабақша ғимараттарын қажеттілікке жарату басты мәселе. Бүгінде жұмыс істеп тұрған балабақшаларда тәрбиеші, аспазшы, медбике қызметтерін арнаулы білімі бар мамандардан жасақтау, санитариялық-эпидемиологиялық, тазалық жағдайын жақсарту да уақыт талабы.

Осылай, жетісулықтар болашақтың бір бастауы бо­лып саналатын балабақшаларға баса назар аударуда.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.