Аймақтар • 06 Тамыз, 2019

Қостанайда киік атқан қаскөйлер ұсталды

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық полиция департаментінде тәжірибелі мамандардан құрылған жедел топ киікті заңсыз атқан екі азаматты екі сағаттың ішінде тауып, Науырзым ауданындағы Ақжол ауылының маңынан ұстады. Олар атқан киіктің өлексесін лақтырып тастап, өздері сытылып кеткісі келген.  

 

Қостанайда киік атқан қаскөйлер ұсталды

Оқиға туралы дабыл түсісімен Науырзым аудандық полиция бөлімінен жедел-іздестіру тобы құрылды, оған Облыстық полиция департаментінен жеделдетілген топ қосылды. Киік атқан қаскөйлерді жан-жақтан торуылдап, тіпті шекара маңындағы аудандарға да арнайы құрама топ бағытталды. Браконьерлер ұзай алмапты, оларды оқиға болған жерден 30 шақырым жерде «ВАЗ 2121» маркалы машинамен қашып бара жатқанда құрықтады.

Қостанай қаласында тұратын 35 жастағы азамат Науырзым ауданының Раздольное селосындағы туысының үйіне қонаққа барады да, екеуі даланы кезіп, екі киікті атып алады. Оның біреуін машинаның багажына салып алады. Бірақ тағы бір шақырым жүргеннен кейін браконьердің біреуі өздерінің көзге түсіп қалғанын сезеді де, қорыққанынан машинадағы  киікті де лақтырып, Өлеңді ауылына қарай зыта жөнеледі. Олардың арам пиғылы іске аспады, полицейлер құрығынан қашып құтыла алмады.

Қазір киік атқан күдіктілердің үстінен  ҚР ҚК 337-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қостанай