Еңбек. Бәрін де жеңбек
Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:23
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында, бірінші кезекте, адамның және бүкіл қоғамның еңбекке қатынасы мәселесіне назар аударады. Жалпыға Ортақ Еңбек адамның еңбекке жауапкершілігі артқан кезде ғана мүмкін болады. Қолға алынып отырған әлеуметтік жаңғырту еңбекті адам өміріндегі аса маңызды құндылық ретінде бағаланатындай жағдайға әкелуі тиіс. Қазір еңбекке, жаңа еңбек этикасына қатысты ерекше көзқарас қалыптастыру қажеттігі көкейкесті бола түсуде.
Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:23
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында, бірінші кезекте, адамның және бүкіл қоғамның еңбекке қатынасы мәселесіне назар аударады. Жалпыға Ортақ Еңбек адамның еңбекке жауапкершілігі артқан кезде ғана мүмкін болады. Қолға алынып отырған әлеуметтік жаңғырту еңбекті адам өміріндегі аса маңызды құндылық ретінде бағаланатындай жағдайға әкелуі тиіс. Қазір еңбекке, жаңа еңбек этикасына қатысты ерекше көзқарас қалыптастыру қажеттігі көкейкесті бола түсуде.
Капитализм өзінің еңбек этикасымен және мәдени-ментальді дәстүрімен кейбір Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін үлгіге айналғалы біраз уақыт өтті. Олардың тәжірибелері көрсетіп отырғанындай, өздерінің адамгершілік сенімдеріне сәйкес, жұртшылықты жауапкершілікті еңбекке тарту үш әдіс-тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Бірінші – адамдарды осы рухта тәрбиелегенде (Батыс, Жапония, Оңтүстік Корея). Екінші – дәстүр ұйымдасқан түрде боямаланғанда (Тайвань, Малайзия). Үшінші – тікелей әкімшілік немесе заңнамалық мәжбүрлеу жүзеге асырылғанда (Сингапур).
Батыс демократиясының жетекші елдеріне қатысты айтатын болсақ, олардағы еңбекке жауапкершілікті көзқарас ғасырлар бойы қалыптасты. Бұл үдеріске қоғамдық институттар да айтарлықтай үлес қосты. Ал қазіргі заманғы еңбек этикасының пайда болуына оң ықпал еткен объективті факторлар мыналар:
- меншік иелерінің бұқара табының қалыптасуы;
- меншікке құқықтың мызғымас кепілдігі;
- нарықтық қатынастар субъектілерінің өзін өзі жетілдіруін үздіксіз ынталандыратын нақты бәсекелі нарықтық орта (компаниялар, өндіріс құралдары мен капиталдар меншігінің иелері, жалдамалы жұмыскерлер);
- мемлекеттің экономиканы инновациялық дамыту үшін, сондай-ақ мемлекеттік және корпоративтік секторлардың кадрлық әлеуетін жаңғырту және дамыту үшін ерекше жағдай жасау;
- діннің азаматтарды адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуге айтарлықтай ықпалы;
- орта таптың сана-сезімі құндылықтарын отбасылық және мектептік тәрбиелеу дәстүрі;
- мәдениет пен қоғамдық моральда «бәрін өз еңбегімен жасаған адамды» үлгі алатын тұлға ретінде көрсету;
- «өзін өзі жасаған» адам бейнесін үлгі етіп көрсету бойынша жалпыға ортақ жұмыс.
Әлеуметтік және еңбек қатынастарының жаңа этикалық тұжырымдамалы ұстанымдарын қоғамның барлық субъектілері бір ыңғайда түсінулері тиіс. Бұл өмірдің капиталистік үдерістерінің құнды бағдарлары болған жағдайда қоғамға пайда әкелуі ықтимал. Оларды заңдастырудың аса ұтымды әдіс-тәсілі осы құндылықтарды біздің рухани өмір шындығымызға жалпыұлттық пікірталас және бейімдеу тұрғысынан мазмұндау болатыны күмәнсіз.
Талқыланып отырған тақырыпқа орай төмендегі негіздемелерді пайдаланудың ұтымды болатыны анық:
- еңбек – әлеуметтік игіліктер мен қажетті әлеуметтік мәртебеге қол жеткізудің жалғыз ұтымды көзі;
- тиімді еңбек – адамның табыстылығы мен әл-ауқатының басты өлшегіші;
- азат адамдардың бірлескен еңбегі қоғамның прогрессивті, еркін дамуына әкеледі;
- өзіңнің бәсекеге қабілеттілігіңе негізделген жеке әлеуметтік табысың – басқалар үшін үлгі боларлық идеал.
Жауапкершілікті, тиімді еңбек туралы білімді тарату айтарлықтай маңызға ие. Өйткені, мұндай жағдайда біз күрделі міндет болып табылатын ұлттық ділді түбірінен жаңғырту қажеттігімен бетпе-бет келеміз. Осы үдеріске барлық бұқаралық ақпарат құралдарының (баспа, электронды БАҚ, телевизия, радио) және елдің интеллектуалды-шығармашыл элитасының (кино өндірісі, жазушылар қоғамдастығы, ғалымдар, педагогтар) қатысуы айтарлықтай маңызды.
Біздің еліміздің ерекшелігі сонда, ол дамыған елдер сияқты классикалық нарықтық қатынастардың табиғи пісіп-жетілуі үшін қажетті тарихи кезеңді басынан өткерген жоқ. Қазақстан – индустрияландыруға дейінгі, индустриялы және индустрияландырудан кейінгі елдердің белгісі қатар көрініс тапқан мемлекет.
Қазіргі заманғы нарықтық қарым-қатынастар үдерістерінің тез жүруіне байланысты адамдардың мінез-құлқы тек экономикалық және құқықтық құралдар арқылы ғана қалыптасса, уақыт рухына жауап беретін дүниеге көзқарас құндылықтарының жүйесі әлі де болса орнығып үлгерген жоқ. Сондықтан бүгінде тұрғындарды Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы құндылықтарына тарту жұмыстарына барлық қоғамдық институттар – мәдениет, білім беру, отбасы, кәсіподақтар, дін салалары бірі қалмай тегіс қатысулары тиіс.
Қаржы мүмкіндіктері, қазіргі заманғы технологиялар, нарықтық экономикаға қажетті инфрақұрылымдар болуы ықтимал, бірақ бұлардың барлығы, егер еңбек адамының, Жалпыға Ортақ Еңбектің жауапкершілікті және шығармашылық тұрғыдан ынталандырылған субъектісінің рөлі толық көлемінде сезілмейтін болса, онда мемлекет заманауи дамыған ел деңгейіне көтеріле алмайды.
Әлеуметтік жаңғырту мәселесінің мәнін осылайша түйсіну қоғамда кеңінен таралуы тиіс. Осыған байланысты қоғамдық институттардың әлеуетін аталған проблемаларды шешу үшін жұмылдыру аса көкейкесті міндет болып табылады.
Кезінде араларында аса маңыздылары еңбек пен отбасыға жауапкершілікті қарым-қатынас, ынталылық, тәртіптілік, байлыққа ұмтылыс, үнемділік, адалдық, сөзге беріктік, заңға бағыныштылық, билікке құрмет, кедейшілікті жақтырмаушылық пен сауатсыздыққа қарсы күрес болып табылатын протестанттық құндылықтар Батыс Еуропа мен АҚШ азаматтарының нарықтық экономиканың өмір шындығына және либералды демократияға ырғақты түрде қосылуына оң ықпал етті.
Оның үстіне, христиан құндылықтары экономика мен қоғам игілігін қамтамасыз ету салалары арасындағы қабылдауға тұрарлық тепе-теңдікке қол жеткізудің негізгі факторы болған еуропалық құқықтың негізіне айналды. Олардың ішіндегі маңыздылары діни ауқымнан әлдеқашан шығып, дамыған елдер қоғамында әдеттегі қалыпты моральдық практика болды.
Жапондықтар сана-сезімінің бөлінбейтін бөлшегі саналатын буддизм мен синтоизм құндылықтары ұлтқа өздерінің озық қадір-қасиеттерін сақтап, өмірдің түрлі салаларында адам айтқысыз нәтижелерге жетуіне мүмкіндік берді. Бұған Ли Куан Ю конфуцийлік ізгі ниеттілер арқылы заңның үстемдігі мен елдегі заң алдында барлығының тең екендігі қағидатын сіңірген Сингапурдың оң мысалын келтіруге болады.
Еуропалық құқыққа қатысты айтатын болсақ, еңбек құрал ретінде түрлі реттеушілік және нормалық құқықты бекітуді талап етті. Батыста еңбек этикасы елдің экономикасын дамыту негізінде қалыптасты.
Орта ғасырлардан кейін капиталистік жүйені, бірінші кезекте, оның экономикасын қалыптастыру басталды. Міне, дәл сол кезде, деп мәлімдейді Адам Смит өзінің «Халықтар байлығы» деп аталатын кітабында, әркім өзіне жұмыс істеуі тиістігі және бұл адам мен қоғамның қалыпты табиғи қажеттілігі екені айқындала түсті. Бұл айқындылық еңбек моралі мен этикасына қажеттілікті туындатты.
Нидерландтық және ағылшындық буржуазиялық революция әлеуметтік-саяси қатынастар саласында төңкеріске, құқық саласындағы айтарлықтай өзгерістер мен жаңа құқық тәртібін қалыптастыруға жол салып берді. Құқықтық жүйе биігіне адамның жеке тұлғасы шығарылды. Адам құқы ажырамайтын және киелі нәрсе ретінде жарияланып, олар азаматтың көпшілік және жекеменшіктік салалардағы құқықтар кешенімен бекітілді.
Негізгі қағидаттар қатарында заңнамалық теңдік қағидатын бөліп көрсетуге болады. Заңнамалық теңдік капиталистік шаруашылық жүйесі қызметі негіздерінің бірі болып табылады. Кәсіпкерлік қызметтің, сауда-саттықтың, бәсекелестіктің еркіндігін білдіретін еркіндік қағидаты үлкен маңызға ие. Жаңа кәсіпкер-капиталистердің экономикалық және әлеуметтік қатынастарға мүдделілігі негізгі қағидаттар қатарына заңдылық құқығы мен қағидатын, оның ішінде еңбек құқығы қағидатын ілгерілетті.
Джон Локк табиғи құқықтарға айтарлықтай кең ауқымды қамтитын меншікті жатқызған болатын. Ол өз іс-әрекетіне, өз еңбегі мен оның нәтижесіне құқықты қарастыратын еді. Локк бойынша, еңбек ортақ меншіктен «менікі» мен «сенікі» деп бөлінеді, өйткені, меншік дегеніміз – жеке адаммен тікелей байланысты және одан бөлінбейтін дүние. Адам өзіне табиғат берген нәрседен өзінің еңбегімен жасап алған дүниесін оның меншігі етеді, дейді Локк. Жеке меншікті негіздеу социалистердің бәрін де теңдестіріп қоюға деген теориясына қарсы бағытталды: егер адамдар еңбексүйгіштігі, қарым-қабілеті мен үнемділігі бойынша тең емес болса, онда жекеменшіктік те тең бола алмайды.
Көріп отырғанымыздай, Батыста еңбек этикасы еуропалық, буржуазиялық құқық арқылы бекітіліп келді. Осылайша, Еуропа адамының еңбекке деген ерекше қарым-қатынасы заңдық тұрғыдан легетимді болды, оны жүзеге асыру императивтік дерлік сипат алды. Еңбек қызметі мен қатынастарының жаңа қағидаттары заң арқылы қалыптастырылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында әлеуметтік саладағы, әсіресе, мұның еңбек заңнамасына тікелей қатысы бар, ұлттық заңнаманы қайта қарау және сараптамадан өткізу туралы міндетті кездейсоқ қойып отырған жоқ. Қазір бізге, біріншіден, «еңбек» түсінігінің жаңа мағынасын айқындап алу қажет. Сондай-ақ «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» түйсініп, мәнін ашу керек. Қазіргі заманда еңбек дегенді қалай түсінеміз? Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын қалайша іс жүзіне асыруға болады? Екіншіден, еңбек заңнамасын жетілдіру керек. Осындай жағдайда ғана біз Қазақстанда жауапкершілікті және шығармашылық тұрғыдан мүдделі еңбек адамын қалыптастыра аламыз.
Болат БАЙҚАДАМОВ,
«Нұр Отан» ХДП Парламентаризм
институтының директоры.