Аймақтар • 07 Тамыз, 2019

Таңқурайы төгіліп тұр

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімінде негізгі он маңызды бағытты айқындап берді. Соның бірінші бағыты – халықтың табысын арттыру. Елбасы Жолдауында да халық тұтынатын тауардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарға көмектесуге басымдық берілген болатын.

Таңқурайы төгіліп тұр

Бұл экспорттық əлеуетімізді көтеруге ғана емес, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Мемлекет бас­шысының тапсырмасын халыққа жеткізу мақсатында Жам­был облысы әкімі Асқар Мыр­захметовтің қатысуымен аудан­дарда жиындар өткізілуде. Осы жиындардың барысында көп­теген елдімекенде үй жа­нын­дағы қосалқы шаруашылықтар дамып жатқанының куәсі болған жайымыз бар.

Айталық, Т.Рысқұлов ауда­нындағы Абай ауылының тұрғыны Орынбай Бекназаров 30 жылдан бері үйінің ауласындағы 25 сотық жерді тиімді пайдаланып, таңқурай өсірумен айналысып келеді. Бұл туралы Орекең былай дейді:

– Жас кезімнен спортпен айналыстым. Институт бітіріп, қызметке араласқан соң, көбі­несе автокөлікпен жүріп, қимыл-қозғалыс азайып, аз уақыт ішінде салмақ қостым. Үйленген соң байқаймын, еріншектік мең­деп барады. Сөйтіп, қимыл-қоз­ғалыссыз өмір сүруге болмай­тын­дығын түсіндім.

Таңертең тұрып жүгіріп те көрдім. Бұрыннан айналысқан спорт түрлерін де қолданып бақ­тым. Ешбірінен көмек болмады. Жан-жақты ізденіп, денсаулық ту­ралы журналдар оқып, артық салмақтан, күйзелістен, қан қысымынан арылудың бірден-бір жолы – жеміс-жидек, көкөніс өсіру деп түйдім. Сөйтіп, бірден осы кәсіпті бастап кеттім. Алдымен бақшама алма, алмұрт ектім. Алманың маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында пісетін сұрыптарын өсірдім. Ондағы ойым жылына 6-7 ай дастарқаннан жеміс үз­беу еді. Қызанақ, қияр, басқа да көкөністерді жыл бойы тұты­намыз ғой, – деді ол.

Жеміс-жидектен бөлек, са­рымсақ та өсіріпті. Бәрінен де денсаулыққа таңқурай зор пайдасын тигізетінін журналдардан оқып алған  Орекең жаңа кәсіптің қыр-сырын жан-жақты зерттеп барып ден қояды. Оның мол өнім беретін «Техас» деген сұрыбын тауып, бақшасына отырғызады. Қазір жыл са­йын 20-25 сотық жерден 2-3 тонна өнім жинап, 3 миллион теңгеге дейін табыс тауып отыр. Таңқурайды қайда өткізем деген уайым жоқ. Өйткені тапсырыс берушілер үйінен өздері әкетеді. Жыл сайын пайдасын еселеген ол 25 сотық жердің 5 сотығына қора-жай салып, мал ұстап отыр.

Жалпы таңқурай егіп, жұ­мыс бастағалы жағдайы біраз жақ­сарып қалыпты. «Кемел» атты жеке шаруа қожалығын құрып, жылқы басын бір үйірге, қой басын екі отарға жеткізді. Осын­ша малды бағып отырса да, таң­қурай өсіруден танбай келеді. Оны спорттың таптырмас бір­ден-бір ғажап түріне жатқызады.

– Таңқурай жемісін жинау нағыз дене жаттығуына жатады. Мысалы, 1 литр банкада ша­мамен 1000 таңқурай дәні болады. Сонда әр өнімді еңке­йіп теру қаншама қимылды керек етеді. Одан басқа қырқу, суару, шөбін жұлу, сабағын бай­лау сияқты әрекеттер бар. Соның бәрінің балаларымды, не­ме­релерімді еңбекке тәрбие­леудегі мәні зор. Әрі үйге әжеп­тәуір қаржылай көмек. Алма, алмұрттың сұрыптары, барлық жеміс ағаштары 100-ден асады. Жеміс-жидек ойлы-қырлы жерлердің бәріне егілген. Ал таңқурайлардың бір өзі 20-25 метрден 60 арық немесе шамамен 0,03 га жерді алып жатыр. Бізде кәдеге аспайтын 1 шаршы метр жер жоқ. Айналасын жеміс-жидек көмкерген үйіміз көз қызықтырады, шаттандырады, демалтады. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Ал піскен жеміс салбырап, иіліп жаныңды жадыратады, – дейді Орынбай Бекназаров.

Ол бақшадағы белсенді жұ­мыс қан тамырларының жақсы жұмыс істеуіне көмектесетінін медициналық-профилактикалық білімді жоғарылатудың, ізде­ніс­тің арқасында білдім. Таңқу­раймен айналысқалы семіздік­тен, қан қысымынан арылған. Бү­гінде Пайғамбар жасына келсе де, таңқурайды өзі күтіп-бап­тайды.

Орынбай ақсақалдың отбасы жылда 200 килодай тосап жабады екен. Артылғанын сатып, пайда тауып отыр. Кәсіпкер 1 шаршы метрден 1000 теңге табуға болатынын алға тартуда. Осы тоқымдай жерге 2 шелек қи төгіп, таңқурай егіп, 2-3 шелек су құйып тұрса, ол жер міндетті түрде еңбектенген адамға мол өнім сыйлайды.

– Мұны мүмкіндігі шектеулі адам да істей алады. Он екі мү­ше­сі сау адамдар неге қол қусы­рып қарап отыруы керек. Тек ниет болса болғаны, – дейді ол.

Орынбай Бекназаровтың тәр­биелеген ұл-қыздары да ең­бекқор болып өскен. Ұлдары мен қыздары жоғары оқу орындарында сабақ береді. Қазір өзі меңгерген кәсіпке немерелерін баулып жүр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 Жамбыл облысы,

Т.Рысқұлов ауданы