Аймақтар • 07 Тамыз, 2019

Әрекет түбі – берекет

1436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейде тепсе темір үзетін жігіттердің шайлыққа жетпейтін айлықпен кеңселерде күзетші болып отырғанын көргенде намысың келеді. Сұрай қалсаң, жауап біреу: «Жұмыс жоқ, бұйырғаны осы болды». Осындай итқырқылжың өмірді өзіне жасап алған. Отбасында ылғи жетіспеушілік. Шиеттей бала-шағасы кедейшілігінен қорынып, өзгенің алдында жасқаншақтап жүреді.

Әрекет түбі – берекет

Ал рухы мықты адамдар олай езіліп жүрмейді. Жоқ жұмысты өзі тауып алады. Қызылордағы Өңірлік коммуникациялар қызметі Жалағаш ауданындағы шағын және орта кәсіп жайында жақсы жаңалықтарымен бөлісті.

Мәселен, Дәуіржан Қайрат деген жас жігіт жұмысты қайдан табамын деп сары уайымға беріл­мепті. Ол «Өңірлік инвестициялық орталығынан» «Еңбек» бағдар­ламасы арқылы 2 млн теңге кө­лемінде жеңілдетілген несие ресімдеген. Ол қаржыға он мүйізді ірі қара сатып алған.

Алдымда мал бар екен деп жау­дай тимесең, жылдағы төлімен тез-ақ көбейеді. Үш-төрт жылда мал басын отызға жеткізген Дәуіржан Қайраттың бүгінде қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ірі қараларын жемдеп, жардай болған соң етке өткізеді. Ал сауын сиырларының өнімдерін сатып, екі жеп, биге шығып отыр.

Еңбек бағдарламасы арқылы жеңіл­детілген несие алған Ба­уыр­жан Ғазизов та мал басын еселеп көбейтіп алды. Енді ол қойдан бөлек, Зеңгі баба мен Қамбар ата түлігін көбейтуге қам жасап жа­тыр. Ауылда тек мал бағу арқы­лы табыс табуға болады деген ұғым дұрыс емес. Жалағаш ауда­ны­ның тумасы Жеңіс Қозы­бай­ұлы мемлекеттік бағдар­ла­ма­ның көмегімен қонақүй сал­ғысы келеді. Ол алдымен «Биз­­нестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 2015 жылы 3 млн теңге көлемінде грант алады. «Жібек» қонақүйін іске қосқан азамат жұмысын жандандыру үшін араға үш жыл салып тағы 6 млн теңге алады. Қонақүйді салу шығыны 30 млн теңге болған екен. Мұнда барлығы 9 номер бар. Оның екеуі люкс, жетеуі стандартты бөлмелер. Шағын қонақүй қо­нақ­тардан босамайды. Ауданға күн электр стансасын салуға Гре­кия­дан келген мамандар осы қо­нақүйдің қызметін пайдаланып жатыр.

Ал Нұргүл Ғабиденқызы бала­бақша бизнесінен бере­ке көріп отыр. Ол өткен жылы «Қы­зыл­орда өңірлік инвес­ти­ция­лық орталығы» ЖШС «Мик­ро­­биз­нес Қызылорда» бағдар­ла­масы ар­қы­лы 3 млн теңге көлемінде несие алған. Несие қаржысына «Бәйт» атты жаңа балабақша аш­қан. Білім үйінде 1-3 жас, 3-6 жас аралығындағы екі топ тәрбие­ленеді, арнайы ойын алаңдары бар. Мектепке дейінгі тәрбие ұйымын басқаратын кәсіпкер 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Осы Жалағаш ауданында ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 2340 бірлікке жеткен. Бүгінде оның 89,1 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Шағын аудан үшін бұл жақсы көрсеткіш.

 

Қызылорда облысы