Аймақтар • 07 Тамыз, 2019

Тұрғындар кінәлі ме, ПИК кінәлі ме?

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тұрғындар кінәлі ме, ПИК кінәлі ме?

Етектен тартқан енжарлық

 «Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деген халық даналығын бәзбір тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтері жете ұқпай жүрген секілді.

 Жағасы жайлауда жүргендер шіліңгір шілденің аяқталып, сартап тамыздың бас­талып кеткеніне қарамастан қылышын сүйретіп қаһарлы қыс келмейтіндей асы­ғар емес. Өйткені Петропавл қаласын­­дағы тұрғын үй қорын жылыту маусы­мы­на әзірлеу жайы сын көтермейді. 1086 көп қабатты тұрғын үйдің 260-ы ғана жылу құбырларын жуып-шайған. Қы­сым­мен тексеру жұмыстарын атқар­ған. Ал даярлық құжатына небәрі 16 бас­пана ие болған. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей жауапты құрылым басшылары апта сайын әкімдік алдында есеп бергенімен, істің алға жылжитын түрі байқалмайды. Қала әкімінің кеңес­шісі Анатолий Мишин тұрғын­дар­дың жайбасарлығын алға тартады. Былтыр жылу желілері бойынша 160-тан астам шағым түссе, оның 95 пайызына жеке адамдар тарапынан жіберілген ағаттық себеп болыпты. Ал 133 үйдің апаттық жағдайда тұрғаны тағы бар. Көбінің есік-терезелері тозған, сынған. 50-ге жуық жалдамалы-коммуналдық тұр­ғын үйлердің жайы да алаңдатарлық. Онда тұратындар мемлекет мүлкін жал­ға алса да, араларында мүлдем төлем жа­са­майтындар аз ұшыраспайды. Көбі­несе екі қабатты тұрғын үйлер қысқа дайындыққа мүлдем кіріспейді десе де болады. Қит етсе, пәтер иелері коо­пе­ра­­­т­ивтері жоқ деген сылтаулары тау­сыл­­майды. Бұдан былай мұндай жауап­­сыз үйлер тұрғындарынан шағым қабыл­­дан­байды деген шешім алыныпты. Соны­мен қатар жылыту маусымы­на жауап­сыз қараған отбасыларды жылу желілерінен ағытып тастау сияқты қатаң шаралар қолданылмақ. Жылудың қа­жетті мөлшерде жетпеуінің бір себе­бі, жылыту жүйесіне бей-берекет плас­ти­калық құбырлар орнатылады, жылу радиа­торларының саны есепсіз көбейтіледі.

Әрине, үлгі аларлық тәжірибелер жоқ емес. Мәселен, «5 линия 4» пәтер ие­лері кооперативі 430 пәтерлік көп қабат­ты үйді тап-тұйнақтай етіп қойған. Оның төр­айымы Валентина Навиженная жыл­дағы әдетімен ерте көктемнен кіріседі екен. Үйлердің шатырлары, дәліздер жөн­деліп, жертөледегі құбырлар алмас­тырылыпты. Жуып-шаю жұмыстарына 160 мың теңге жұмсалыпты. Маңай айнадай жалтырап тұр. Алайда, бұл үрдісті қостаушылар қатары көп емес. 3-Кірпіш қысқа көшесіндегі 14-үйде 17 ғана пәтер бола тұра төлемдерді жинаудың өзі ащы ішектей созылып кетеді екен. Үй тіркеуге алынбаған. Басқару формасы құрылмаған. Құбырлар жаңаланбаған. «Кәрі құдаң» қыс келіп әлек салғанда шырылдауық шегірткедей бүрсеңдейтін алдымен осылар болары анық.

Бұл жылдағы көрініс. Оған жұртшы­лық­­тың еті үйреніп кеткен секілді. Әкім­дік бар, Үкімет өлтірмейді деген ен­жар психология басым әлі. Күн суы­тып, алғашқы қар түскенде арыз-шағым­дар­дың күрт көбейіп кететіні сондықтан.

Жарамсыз жеделсаты жыры

Бүгінде облыс орталығында орналас­қан көп қабатты тұрғын үйлердің 174-ін­де лифтілер ауыстыруды және күрделі жөн­деуді қажет етеді. Ал 4-уінде мүлдем іс­тен шыққан. Хименко көшесі №9-үйде тұра­тын тұрғындар ширек ғасырға жуық тоғы­зын­шы қабатқа жаяу көтеріліп, түсуге мәжбүр. Олардың жағдайынан қала­лық әкімдік хабардар болғанымен, шарасыз.

«20 жылдан астам уақыт осында тұра­мын. Содан бері көріп келе жат­қан тау­қыметіміз таусылар емес. Бұл үйде 200-ден астам пәтер бар. Жасым келген­дік­тен, көп жүре алмаймын. Дүкенге ғана барамын. Әйтпесе, жіпсіз байланып отырғаным. Аулаға шығып, қыдырудың өзі – бір мұң», дейді Татьяна Березина әбден налыған үнмен.

Ерлі-зайыпты Сәрсекеевтерге де жетінші қабатқа жету үлкен машақат көрі­неді. Ал зейнеткер Анна Ступактың жоға­ры қабатқа күн сайын жаяу көтері­ліп-түсуден қажығаны соншалық, қолды бір сілтеп, туысқанына кетіп қалыпты.

Кезінде қолданысқа берілген лифт не­бәрі 8 жыл қызмет еткен. Қазір бөлшек­тері ұрланып, қолды болған. Орны үңі­ре­йіп тұрған шахта тарс бекітіліп тасталған. Үйге қашан жеделсаты орнатылады деген сауалға әкімдіктегілер оны жаңалауға міндетті емеспіз деп жауап қайтарған. Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жангудиннің айтуынша, лифт ортақ меншік саналатындықтан, бұл мәселені тұрғындар өздері бірлесіп ше­шуі тиіс. 2000 жылдары жергілікті бюд­жет қаражаты есебінен жөндеуге ұсыныс жасалғанымен, ортақ шешімге келе алмағандықтан, бастама аяқсыз қалған.

Ол уақытта қондырғының кабинасы мен моторы сау еді. 2012 жылы жедел­са­тының құны 7 миллион теңге болса, қазір бағасы шарықтап, 9 миллион тең­геден асып кетіпті. «Екі корпустан тұ­ра­тын баспана «Өңірлерді дамыту-2020» бағ­дарламасына енгізілген. Құжат рәсім­деу үшін тұрғындардан қара­жат жинап, әуре-сарсаңға түсіп жүр­генімізде бірінші кезеңі өз жұмысын тоқ­татты. Сондықтан жобалық-сметалық құжат жарамсыз деп танылып, қайта рәсім­деуге қаражат жеткіліксіз болып отыр. Жа­лақы мен зейнетақыға қол жайып отыр­ған тұрғындар жаңа лифтіні қайтып орнат­пақ?, дейді «Хименко 9» ПИК төрайымы Ольга Казанцева шарасыз кейіпте.

 Әкімдіктің мәліметінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы комитеті кейбір заңнам­алық акті­лерге өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу­ге қатысты жаңа заң жобасын әзір­леп, Мәжіліс тарапынан мақұл­да­нып­ты. Сенат қолдау көрсетсе, қай­тарым­­ды негізде жөндеу жұмыстарына жер­гі­лікті бюджеттен қаражат бөлінетін бола­­ды. Тұрғындар ол қаржыны 7-10 жыл­­д­ың ішінде қайтарулары тиіс. Соған қа­ра­­ғанда жарамсыз жеделсаты жырына нүкте қоюға әлі ертерек сықылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы