Төртеу түгел болса…
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:25
Коалициялық күштердің Ауғанстанды 2014 жылы толық тастап шығуынан кейін аймақта қандай ахуал қалыптасады деген мәселе ойландырмай қоймайды. Оның үстіне ірі саяси ықпалды елдер Ауғанстанды қойып, Орталық Азия елдеріне көбірек назар сала бастағаны байқалады. Енді осы мәселені ой елегінен өткізіп көрелік.
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:25
Коалициялық күштердің Ауғанстанды 2014 жылы толық тастап шығуынан кейін аймақта қандай ахуал қалыптасады деген мәселе ойландырмай қоймайды. Оның үстіне ірі саяси ықпалды елдер Ауғанстанды қойып, Орталық Азия елдеріне көбірек назар сала бастағаны байқалады. Енді осы мәселені ой елегінен өткізіп көрелік.
Аймақтағы ықпалды елдерді айтқанда ең алдымен ауызға түсетіні Ресей мен Қытай. Соңғы кезде АҚШ-тың көршілес Өзбекстанға ерекше назар аудара бастауы жоғарыда аталған екі елді бейжай қалдыра алмасы анық. The Financial Times басылымының шолушысы Гидеон Рахман жүзжылдықтың ең геосаяси драмасы АҚШ пен Қытайдың арасындағы ықпал мен билік үшін күресі болады дегенді айтыпты. Оның бұл тұжырымы негізсіз де емес секілді. Өйткені, Жапония, Үндістан, Австралия, Оңтүстік Корея және Еуропалық Одақ осы екі алып елмен де ірі сауда әріптестігін орнатқан.
2020 жылға қарай Қытай экономикасының әлемде бірінші орынға шығу ықтималдығы АҚШ-тың мазасын кетіріп-ақ тұрғандай. Оның үстіне Қытай соңғы жылдары өзінің әскери әлеуетін арттыруға көшкені аймақтағы жағдайды күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Өзінің қуатына міне бастаған Қытаймен қазіргі таңда Жапония, Вьетнам және Үндістан арасында жер мәселесі бойынша кейбір түсініспеушіліктер бар. Әрине, бұл елдер Ақ үйдің қолдауына мүдделі, алайда олар да қарап жатқан жоқ. Соңғы кезде Үндістан Ресейден қару-жарақ сатып алып, оны барынша жаңғыртуға күш салуда. Келісім-шарттардың толық құны 4 миллиард доллардан асады. Солтүстіктегі көршіміздің қару-жарақ сату бойынша былтырғы жылды да табыспен аяқтағаны белгілі.
Жалпы, Ресей аймақта өзінің ықпалын жүргізуге тырысқанымен, оның бұл талпынысы аса алыс ауқымды қамти алмай отыр. АҚШ өз кезегінде Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанға барынша ықпал етуге тырысуда. Онысы нәтижесіз де емес. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк өз басшысының көтерген «Жаңа Жібек жолы» жобасын екі қырынан көретіндігімен бөліскені мәлім. Атап айтқанда, біріншісі – сауданы барынша либерализациялау, мемлекеттік шекарадағы ашықтықты қамтамасыз ете отырып, кеден режімін реттеуді реформалау. Екінші маңызды фактор – энергетика мен инфрақұрылымға инвестиция тарту. Бұл өз кезегінде инвестицияға қолайлы сауда жолдарын кеңейтуге мүмкіндік беруге тиіс. Әзірге аймақтық сауда айналымы Орталық Азиядағы сауда көлемінің 15 пайызын ғана қамтып отыр. Осылайша, бұл ел Орталық Азия экономикасының бойына қан жүгірту арқылы аймақта өзінің ықпалын барынша күшейтуді көздеуде.
Былтыр Вашингтон мен Ташкент арасындағы келіссөздердің нәтижесінде Өзбекстан аумағында Жедел іс-қимыл орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілсе, Орталық Азия АҚШ-тың әскери базасының міндеттерін атқарары айтпаса да түсінікті. Есесіне көршілерімізге Ауғанстаннан шығарылған америкалық әскери техниканың басым бөлігі тиеді деп күтілуде. Оның үстіне Өзбекстанның ҰҚШҰ-дағы мүшелігін тоқтатуы бұл елдің аумағына шетелдік базаларды орналастыруға мүмкіндік бермек.
Жалпы, АҚШ-тың аймақтағы ықпалы Ресейге жақпайтынын 2011 жылы Ресей Бас штаб бастығы армия генералы Николай Макаров былайша жеткізген-ді: «КСРО тарағаннан кейін Ресейді бойлай жергілікті соғыс қақтығыстарының болу ықтималдығы артты, ал кейбір жағдайларда ол ядролық қару қолдануға ұласатын соғысқа айналып кетуі де мүмкін». РФ Қоғамдық палатасындағы оның бұл сөзі Ауғанстаннан коалиция әскерлерінің шығарылуынан кейін Орталық Азия аймағында жоғарыда айтқан жергілікті соғыс қақтығыстары болуы мүмкіндігі пайымымен ұласқан-ды. Ресейдің қазіргі басшысы Владимир Путиннің «Керек болса біз бірнеше державамен соғыса аламыз» деген сөзін де естігенбіз. Әзірге Кремль азуын ақситумен ғана шектелуде. Қазақстанмен ортақ әуе қорғанысын құрайық деген ұсыныс та осымен байланысты болса керек. Ал АҚШ пен Қытай аймақты барынша экономикалық қолдауымен өз жағына тартқысы келетінін байқатып отыр.
Өткен жылғы сапарында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қытайдан кезекті рет қарыз алуға мәжбүр болды. Сапар барысында энергетика, өндіріс саласындағы он келісімге қол қойылған. Соның ішінде цемент зауыты мен «Душанбе-2» ЖЭС-ін салу жобалары да бар. Ал Түркіменстанның осы бір алып елге көгілдір отын сатып отырғандығын білеміз. Жалпы, жақын болашақта Қазақстан мен Түркіменстаннан ағылған көгілдір отын импортының жылдық мөлшері 80-100 миллиард текше метрге жетеді деген болжам бар. Қазіргі кезде Қазақстанда өндірілетін қара алтынның 40 пайызы Қытайға тиесілі деген әңгімелер де естіліп қалып жүр. Ресей болса, еліміздің уран өндірісіне өзінің ықпалын жүргізуге мүдделі екендігін байқатып келеді.
Солтүстіктегі көршіміз, сонымен қатар, Қырғызстанмен де тығыз қарым-қатынастар орнатуға қызығушылық танытуда. Ресей осы елге бірқатар қарыздарын кешірумен қатар, «Қамбарата-1» ГЭС-ін салу және бірқатар кәсіпорындарға қаржы құю сияқты қадамдарға баратыны белгілі болып отыр. Оның үстіне Бішкек Мәскеуге өз аумағында біріккен әскери базаны 15 жылға дейінгі мерзімге орналастыруға мұрсат берді. Негізінде Қырғызстанның, ақшалай құйылым болып жатса, АҚШ-пен де әскери ынтымақтастықтан қашпайтыны анық.
Сондай-ақ, қырғыздар Қытайдан өз аумағы арқылы темір жол тартылуын да қызу қолдайды. Тұтастай алғанда, Аспан асты елі Орталық Азия аймағына солтүстіктегі көршімізге қарағанда айтарлықтай қаржы құюда. 2011 жылы оның көлемі 17 миллиард доллар болса, Ресейдің инвестициясы салыстыруға да келмейді. Осы орайда Қытайдың аймақ елдерімен сауда айналымы 20 миллиард долларға жеткендігін және оның басым бөлігі Қазақстанмен арадағы сауда-саттыққа тиесілі екендігін қаперге сала кеткен ләзім.
Қытай достық қоғамының төрағасы Чжан Дэгуан Орталық Азия елдерімен арада ешқандай проблемалардың жоқтығын былайша сипаттайды: «Соңғы кездері Орталық Азия не жеңетін, не жеңіліс табатын үлкен державалардың ойын алаңына айналып кетті деп жатады. Біз барлығы да ұтыста болатын қатынастар қағидатын ұстанамыз. Қытай ешқашан да Орталық Азияны өзінің ішкі ауласы деп қарастырмайды». Сарапшы қалай десе де Қытайдың еліміздің мұнай өндіру саласына барынша кірігуге тырысып жатуы, мәселенің экономикалық жағы басым дегенімізбен, жағдайға сәл басқаша қырынан қарауға итермелейді. Еуразия одағы идеясының жүзеге аса бастауы және Қытай ұсынған ШЫҰ аясында еркін сауда аймағын құру жобасын Орталық Азия елдері мен Ресейдің қабылдамай тастауы осы сөзіміздің айғағы болса керек.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Сараптама орталығының директоры Андрей Казанцевтің пайымынша, қазір Қытай Орталық Азия интеграциясы стратегиясын басқа қырынан қарастырып жатқан көрінеді. Қытайдың ең ірі сауда әріптесі болып табылатын Еуропалық одақтағы дағдарысты жағдай алдыңғысының экспортын айтарлықтай кеміткен. Бұл өз кезегінде Қытай экономикасының айтарлықтай бәсеңдеуіне алып келе ме деген қауіп те жоқ емес. Сарапшылар соңғы кездері осындай жорамалдар айта бастады.
Бұған қоса, Қытай мен Ресей Жерорта теңізі аймағынан ығыстырыла бастаған сыңайлы. АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрінің орынбасары Пол Крейг Робертс бір басылымға берген сұхбатында Ливияда Каддафиді, ал Сирияда Асадты орнынан тайдыруға тырысуымыз Қытай мен Ресейді Жерорта теңізі аймағынан ығыстырып шығарумен байланысты депті. Өйткені, Қытай инвестициясы Ливияның шығысына, Ангола мен Нигерияға бағытталып келгендігін ескерсек, Ливия мен Сириядағы қазіргі шиеленіскен жағдайдың қайда барып тірелетінін көру қиын емес.
АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі орынбасарының пайымынша, мұның арты жақсылыққа апармайды. Тіпті, ірі қақтығысқа итермелеуі де мүмкін. Бұл ойдың ресейлік генералдың сөзімен қабысып жатқандығын аңғару да қиын емес. Экономикалық күш ала бастаған Үндістан Парсы шығанағынан Иран арқылы Ауғанстанға темір жол желісін тартуды қаржыландыруға дайын екендігін де білдіріп отыр. Бұл да Аспан асты елінің ойластырған жобасына балама іспетті. Өйткені, осыған дейін Қытай Шыңжаң мен Ауғанстан арасын жалғайтын темір жол желісін тартуға әзір екенін білдірген-тін. Мұның барлығының ресурстар өндіру мен капиталдардың тиімділігін арттыру үшін жасалып жатқан қадамдар екені түсінікті.
Қорыта айтқанда, ірі державалардың ықпалы жылдан жылға күшейе беретінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Әр ел өзінің мүддесі тұрғысынан қарекет ететіндіктен, ірі державалардың ықпалында кетпеудің басты кілті, төртеу түгел болса, төбедегі келеді дегендей, Орталық Азия елдерінің одағын құруда жатса керек. Бұл мәселенің соңғы кездері жиі қозғала бастауының басты себебі осы деп ой түюге толық негіз бар.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».