Тарихи жағдайдағы жаңа саяси бағыт
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:25
Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі С.ӘЙІМБЕТОВПЕН әңгіме
– Сейітсұлтан Сүлейменұлы, әуелі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының тарихи мәні, елдік маңызы туралы айтып өтсеңіз.
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:25
Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі С.ӘЙІМБЕТОВПЕН әңгіме
– Сейітсұлтан Сүлейменұлы, әуелі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының тарихи мәні, елдік маңызы туралы айтып өтсеңіз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы – тарихи ұзақ мерзімді қамтитын, ұзақ межені белгілейтін тарихи маңызды құжат.
Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында аймақ дамуына көп көңіл бөледі және де бұл жолғы Жолдауда мемлекеттік органдардың өңірлік даму саласындағы жұмыстарын үйлестіру қажеттігі атап көрсетілген. Басты міндеттің бірі – мемлекеттік және барлық салалық бағдарламалардың орындалуын өңірлерді дамытудың басымдыққа ие міндеттерін шешумен үйлестіру. Сонымен қатар, Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі қағидаларын айта келе, алға қойылып отырған міндеттерді толыққанды және жан-жақты түсіндіріп қана қоймай, оларды сапалы шешудің жолдарын да белгілеп берді.
Сондай-ақ Елбасы: «Біз әкімшіл-әміршіл жүйенің басқару дәстүрлерінен түбегейлі бас тартып, басқарушылардың заманауи әрі тиімді корпусын құруға тиіспіз. Кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын, біз жасаған жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық», деп атап өтті.
Қазіргі таңда «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауына алынып, ол бойынша жан-жақты және қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Заң жобасын қабылдау мемлекеттік қызмет көрсету мәселелерін заңнамалық реттеудің, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне бір типті талаптарды қамтамасыз етудің, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігін нақты ажыратудың, мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде электрондық нысанда көрсету үдерісін жетілдірудің қажеттілігіне негізделген.
Атап айтқанда, заң жобасы шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бірқатар концептуалды мәселелерді шешу жоспарлануда. Осылайша, бірінші кезекте мемлекеттік қызмет көрсетудің тізілімін кеңейтуді көздейтін жаңа ұғым заңнамалық тұрғыда айқындалады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету тұтынушылардың құқықтары, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсететін тұлғалардың әрекетіне (әрекетсіздігіне), мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесіне мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың сотқа дейінгі шағымдану құқығы заңнамалық тұрғыда регламенттелетін болады.
Мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқаруды реформалау жағдайында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу тәртібін айқындаудың заңнамалық маңызы зор екені де анық. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіне тікелей қатысатын тұлғалардың әрекеті (әрекетсіздігі), заңнамада белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша нормаларды қарастыру ұсынылады.
Елбасы Жолдауының негізгі мақсаты – қазақстандықтардың жасампаз күш-қуатын қоғамымыздың қол жеткізген негізгі жетістіктерін саяси тұрақтылықты, халықтың бірлігін сақтай отырып, гүлденген қоғам құруға арналған стратегиялық бағыттың төңірегінде идеологиялық жағынан топтастыру арқылы дамудың жаңа міндеттеріне бағыттау. Ал Қазақстан дамуының саяси бағытында қарапайым қазақстандық бұрынғыдай негізгі орын алады. Жолдаудың барлық мақсаттары мен міндеттері, түптеп келгенде, барлық азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жағдай жасау болып табылады. Осы ретте Елбасы отандастарымызды жалпыұлттық стратегияны іске асыруға белсенді түрде қатысуға шақырады.
Президенттің осы Жолдауы – іргелі тарихи құжат, ол ел тарихының жаңа дәуіріне жол ашып отыр. Бұл жаңа іс-қимыл бағдарламасының өз болашағымызға және балаларымыздың болашағына нық сеніммен қарауымызға мүмкіндік беретіні қазірдің өзінде анық байқалуда.
– Елбасы экономикалық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндігіміз мол екенін айтты. Сіз қандай ой қосар едіңіз?
– 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру үшін экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету және күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысу аса маңызды. Қазақстанның 2012 жылы әлемдік экономикалардың жыл сайынғы бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 72-ші орыннан 51-ші орынға серпінді секірісі 1997 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан-2030» Стратегиясы қабылданған кезде таңдап алынған бағыттың дұрыс екенінің қисынды айғағы болды.
Қазақстан – Орталық Азияда 14 мың километрге созылған мемлекеттік шекарасын заң жүзінде ресімдеген бірден-бір мемлекет. Соңғы 15 жылда ел экономикасы 16 есе өсті. Жан басына шаққанда ІЖӨ көлемі 12 мың АҚШ долларына жетті. Инновациялық база негізінде табысты іске асырылып жатқан үдемелі индустрияландыру экономиканың болашақтағы өсіміне ғана емес, ең бастысы, қазақстандықтардың әл-ауқатын сапалық тұрғыдан арттыруға да елеулі негіз қалайды. Соңғы екі жылдың өзінде Қазақстанда 12 миллиард теңге сомасында 400-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 44 мыңдай жұмыс орны ашылды.
– Жаңа бесінші сайланым депутаттары өз қызметіне кіріскелі тура бір жыл уақыт өтті. Мәжілістің жаңа құрамы заң шығару қызметіне бірден кірісіп кетті. Көппартиялы Парламенттің алғашқы айларында қандай ерекшеліктер байқалды?
– Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Парламент Мәжілісі 107 депутаттан тұрады. Олардың 98-і саяси партиялардан біртұтас жалпы ұлттық округ бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланса, 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады.
Бесінші шақырылымда Парламент Мәжілісін «Нұр Отан» партиясынан – 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-дан 7 депутат құрады және Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат жұмыс істейді.
Көппартиялы Парламенттің ерекшеліктеріне тоқталсақ, қазіргі демократиялық қоғамдағы партияның маңызды міндеті азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты баянды ету болып табылады. Партиялар арқылы әртүрлі әлеуметтік топтар және сайлаушылар өздерінің саяси, әлеуметтік талаптарын мәлімдейді. Әлеуметтік-экономикалық саясатты одан әрі жетілдіру және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жаңа өзгерістер енгізу керектігі жөнінде өздерінің көзқарастарын білдіреді. Міне, әр партия Парламент қабырғасында осы бағытта жұмыстар атқарады.
Палатаның бесінші шақырылымының депутаттары білімі бойынша инженерлер, педагогтар, заңгерлер, экономистер, ауыл шаруашылығы және т.б. сала мамандарынан құралған. Яғни, Парламентке өмірден түйгендері мол, халықпен тығыз жұмыс істей білетін білімді азаматтар келді деп айтуыма болады. 2007 жылы Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер партиялық жүйе дамуының жаңа кезеңін қалыптастырды, осыған сәйкес мемлекеттегі саяси партиялардың рөлдері мен мәртебелері артуда.
Тәуелсіздігін алғалы бері жас мемлекетіміз саяси партиялар қызметіне ерекше мән беруде. Демократиялық қоғам қалыптасуының міндетті сегменті ретінде көппартиялық дамытылды. Сонымен қатар, мемлекетіміз қоғамдық келісімге және этносаралық татулыққа жат пиғылдағылардың бірден жолын кесіп, саяси тұрақтылық саясаты шеңберінде қызмет ететін партиялар ғана ресми танылды. Қазақстанда ұлтшылдық, сепаратистік, экстремистік саяси бағыттағы ұйымдар өз қызметтерін бастай да алмады.
Ата Заңымыздың елдегі саяси реформаларға ғана емес, саяси партияларға да заңдық кеңістікте қызмет етуіне жағдай туғызып отырғандығына қазір барлығымыз куәміз. Сондай-ақ, конституциялық ережелер саяси партиялардың қазақстандық ішкі саяси ахуалға байланысты құрылуын және дамуын қысқа мерзім ішінде қамтамасыз етті. Жас мемлекеттің жаңа саяси партиялары жүйелі өмірге келіп, міне, қазіргі таңда заң шығару функциясын жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы – Парламент қабырғасында елдің экономикасына, саясатына және әлеуметтік қатынастарына ықпал жасай бастағанына барлығымыз куә болып отырмыз. Ірі саяси партиялар билік үшін ғана күресіп қоймай, елдегі саяси тұрақтылықтың және этносаралық келісімнің берік бола түсуіне де қызмет етуде.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, Мәжілістің құрамы үш партияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерінен тұрады. Ал өзіңіз басшылық жасайтын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамы қандай? «Нұр Отаннан» өзге партиялардың өкілдері бар ма?
– Әрине, бар. Комитетте өзімді қоса есептегенде 14 депутат болса, үшеуі «Ақ жол» партиясынан, біреуі ҚКХП-дан және бір депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан, ал қалған 10-ы «Нұр Отан» ХДП-дан. Бірақ бөлінбейміз, барлығымыздың да мақсатымыз – халық үшін қызмет жасау.
– Сіз жетекшілік ететін комитет арқылы қандай заң жобалары талқылаудан өтті? Соның ішінде ең маңыздылары қайсы?
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Парламентке таяудағы сессиялар кезінде неғұрлым қажет етілетін заңдық актілерді қараған жөн болады деген. Мұнда жаңа заңдардың тиісті мәселелерді кешенді шешуін, олардың тікелей әрекет етуін, қазақстандықтардың күткен үміттеріне сәйкес келуін, халықтың өмірін қолайлы да ыңғайлы етуін, бәріне түсінікті де қолжетімді болуын ереже есебінде басшылыққа алу керектігін атап көрсеткен.
Парламент Мәжілісі бесінші шақырылымының депутаттары өз жұмысын 2012 жылдың қаңтар айынан бастады. Осы мерзім ішінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қарауына 15 заң жобасы алынды, оның 12-сін Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген болса, үшеуіне Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған. Қазіргі уақытта комитетте 4 заң жобасы қаралуда.
Жалпы, заңдардың біреуі маңызды, ал екіншісі маңызсыз деп бөлуге болмайды. Себебі, бәрінің де қоғамымыз үшін өзіндік алар орны, атқаратын қызметі бар. Сондықтан қабылданып жатқан заңдардың барлығы азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайларын жақсартуды, бизнес ортасында белсенділікті ынталандыруды көздейді, осы мақсатта барлық шаралар жасалуда. Басты мақсат – бизнес үшін әкімшілік кедергілерді төмендету және нақты ашық рәсімдерді құру, адал кәсіпкерлердің қауіпсіздігін кепілдендіру, бәсекеге қабілетті өндірістердің өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуын, икемі бар жаңа бизнес бастамаларын ынталандыру, сондай-ақ, істеп тұрған өндірістерді қолдау.
– Мәжілісте қоғамдағы көкейкесті мәселелер бойынша Үкімет сағаттары өтіп тұрады. Оны өткізу міндеті сала бойынша әр комитетке жүктелетіні белгілі. Өзіңіз басқарып отырған комитеттің атсалысуы арқылы өткен Үкімет сағаттарында қандай мәселелер көтерілді? Соның негізінде Үкіметке қандай ұсыныстар жолданды?
– Жалпы, бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары өз жұмыстарына кіріскелі бері 16 Үкімет сағаты өтті. Оның жетеуіне біздің комитет жауапты болды. Үкімет сағатында министрлер мен агенттік төрағаларының баяндамалары тыңдалды. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінің ұсыныстары жолданды. Мысалы, 2012 жылдың 15 қазанында депутаттар алдында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі қызметінің негізгі бағыттары» деген тақырыпта баяндама жасады.
Баяндамашы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің 2012 жылы атқарған жұмысы туралы баяндады. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттарымен Үкіметке ұсыныс жолданып, онда жылумен жабдықтаудың, ұялы байланыс операторларының желіаралық қосылыстарының қызметтеріне, сондай-ақ Интернет қызметтеріне тарифтерді азайту мақсатында республиканың жылу-энергетика, ақпараттық-коммуникация салаларын бәсекелес нарыққа одан әрі беру туралы, өңірлердің азық-түлік, ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз етілуіне және бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау, Қазақстан бизнесінің Ресей және Беларусь нарықтарына кіруіне қойылатын әкімшілік кедергілерді жою бойынша одан әрі шаралар қабылдау және адал бәсекелестікке деген бірдей көзқарастарды, бірыңғай қағидаттар мен қағидаларды (стандарттардың, тауарларды таңбалаудың сақталуы, ветеринарлық-санитарлық шаралардың қолданылуы, тауарлардың транзиті жөніндегі және басқа да талаптар) қамтамасыз ету жөнінде және осы сияқты халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстау бағытында мәселелер қойылды.
– Сайлаушылармен байланысыңыз қандай деңгейде? Өңірлерге шыққанда ауылдықтардың жай-күйімен жан-жақты таныса алдыңыз ба?
– Сайлаушылармен байланысым жақсы. Себебі, мен тек жұмыс барысында ғана емес, еңбек демалысымда да уақыт тауып қала және ауыл тұрғындарымен кездесіп, әңгімелесіп тұрамын. Өңірлерге шыққан кезімде, әрине, ауыл тұрғындарының жай-күйімен танысамын. Өйткені, бұл менің жұмыс бағытымның бірінші мақсаты болып табылады. Әрқайсысымен жеке-дара сұхбаттасып, проблемаларын тыңдап, оларды барынша сол жергілікті жерде шешуге тырысамын.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөніндегі Парламент Мәжілісінің іс-шара жоспарына сәйкес қаңтар айының ортасында Павлодар облысының тұрғындарымен кездесіп, Жолдау бойынша халық арасында үгіт-насихат және кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келдім.
Әңгімелескен Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан».