Қоғам • 07 Тамыз, 2019

Елордада қайырымдылық велошеруі өтеді

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда донорлық жүректі бірінші рет трансплантациялаудың жеті жылдығына арналған шара аясында қайырымдылық велошеруі ұйымдастырылады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.


Елордада қайырымдылық велошеруі өтеді

10 тамызда елордада «Сау жүрек айлығы» жылсайынғы қайырымдылық велошеруі өтеді.

«Сау жүрек айлығы» қайырымдылық шарасының басты ұйымдастырушысы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ бастамасымен құрылған «Жүрек орталығы» корпоративтік қоры. «Жүрек орталығы» қоры – клиникада ғылыми және білім беру қызметін дамыту және жалпы, Қазақстан бойынша кардиохирургиялық қызметті жетілдіру мақсатында құрылған еліміздегі осындай алғашқы және жалғыз қор.

Шараға донорлық жүрек салынған пациенттер мен осы бірегей операцияларды жасаған дәрігер Юрий Пя бастаған мамандар да атсалысады. Шеруге қатысушылар Керей-Жәнібек хандар көшесімен және Тұран даңғылымен жүріп өтеді. Ұзындығы 12 шақырымды құрайтын маршрут Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының тұрағынан (Тұран даңғ., 38) басталып, Тұран даңғылымен «Астана жұлдыздары» монументіне дейін (Қабанбай батыр даңғылындағы айналма жол) жалғасады. Қатысушылар осы жерден кері бұрылып, Тұран даңғылымен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына дейін жүреді.

Мәреде бағалы сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылады, ал жиналған қаржы кардиохирургия саласындағы білім мен ғылымды дамытуға бағытталады.

Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында велошеру барысында аталған көшелерде көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Айта кетейік, қашықтықты бағындыруға 60 минут уақыт беріледі.

Велошеруге 16 жастан асқандардың барлығы қатыса алады, ол үшін «Жүрек орталығы» корпоративтік қорының www.hcenter.kz сайтында тіркелу керек. Бірінші болып тіркелген 300 қатысушыға қордың фирмалық белгісі бар заттардан сыйлықтар табысталады. Тіркелу және толық ақпарат www.hcenter.kz сайтында. Тіркелу құны - 5000 тг.