Парламент • 07 Тамыз, 2019

Парламент Сенатының депутаты Солтүстік Қазақстанда жұмыс сапармен болды

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде  әлеуметтік жағынан аз қамтылған 303 көпбалалы отбасы есепке алынса, 220-сы үй кезегінде тұр.

Парламент Сенатының депутаты Солтүстік Қазақстанда жұмыс сапармен болды

Алдағы жылдары көпбалалы отбасыларға арналып 81 пәтер салынатын болады. Бұл туралы өңірімізге ат басын тіреген Парламент Сенатының депутаты  Ольга Перепичина мәлімдеді. Халық қалаулысы  жұмыс сапары барысында 19-шы ықшам ауданда салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен, сондай-ақ жұмыс қарқыны бәсеңдеп кеткен «Единство» ЖШС-нің  тыныс-тіршілігімен танысты.  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де болып, биыл салынатын жаңа жатақхананың жоспарын көрді.

«Единство» кәсіпорны үйлердің қасбетін қаптауға арналған темір бетондар,  басқа да  құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Бірақ заманауи құрылғылармен жабдықталғанына қарамастан мұнда жұмыс қарқыны бәсеңдеп кеткен. Тек жеткізуші рөл ғана атқарып отыр.

«Основание», «Альфа север» секілді компаниялар құрылыс материалдарын бізден алады. Басқалармен салыстырғанда бағаның сәл-пәл қымбаттау болуы инертті материалдардың құны шарықтап кетті. Өңірде цемент зауыты жоқ болғандықтан оны Оңтүстік Оралдан, ал қиыршық тасты 200 шақырым жерден тасимыз. Мұның бәрі – қып-қызыл шығын. Десек тебәсекелестікке дайынбыз», дейді  «Единство» ЖШС-нің директоры Андрей Титов.

Зауыт жылына 46 мың шаршы метр құрылыс материалдарын шығаруға қауқарлы бола тұра тұтынушыларға  5 мың шаршы метер өнімді кем жеткізген. Жұмысшылар  саны 140-тан 80-ге дейін қысқарған. Келісім-шарт жасасқан әріптестерінің қарызы 300 миллион теңгеден асып кеткен. Солардың бірі –19-шы шағын ауданда 5 қабатты тұрғын үй салып жатқан «Акцент КЗ» ЖШС.  Мұнда құрылыс  қарқыны өте баяу. Әлеуеті онымен деңгейлес  «Альфа Север» ЖШС-і екі  үйді пайдалануға берген.

Сенат депутаты тұрғындармен тілдесіп, жаңа баспаналардың сапасы жайлы, қандай проблемалар толғандыратынын сұрап білді.

«Облыста  19 мың адам үй кезегінде тұр. Олардың  7  мыңы – әлеуметтік аз қамтылғандар.  Петропавл қаласында 10 көпқабатты және «Солнечный» кентінде 128 бір қабатты  үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл мақсатқа республикалық, облыстық бюджеттен, сондай-ақ ұлттық қордан 11 миллиард теңге бөлінген. Бұл үйлер жалға және ипотекалық негізде қолданысқа беріледі», деді О. Перепечина.

Халық қалаулысы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға да  ат басын тіреді. Мұнда ол студенттерге қызмет көрсететін  орталықта болып,  жұмысымен танысты.  Пайдалануға берілгеннен бері орталық  21 мың қызмет түрін ұсыныпты.

Биыл университет аумағында 1200 студентке шақталған 12 қабатты жатақхананың құрылысы басталады. Жобаның сметалық құжаттар дайын. Тек қалталы  инвестор күтіп отыр. Бұдан бөлек, 300 студентке арналған жатақхананың құрылысы басталып, келер жылы қолданысқа беріледі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы