Медицина • 08 Тамыз, 2019

«Жедел жәрдемді» ақылы ететін кез жеткен жоқ па?

596 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанда жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар дамыған елдермен салыстырғанда он есе көп екен. Яғни, басы ауы­рып, балтыры сыздағандардың бәрі бірден «103» нөмірін тереді. Сондықтан осы саланың жұмысын жүйелеу үшін бекітілген жаңа ереже бойынша алдымен тез арада медициналық көмекке мұқтаж, жағдайы нашар науқастар басты назарға алынып, қалған шақыртулар одан кейін қарастырылуда. Бұл бастама аталған мәселені толық реттей алды ма? Әлде жедел жәрдемнің жетіп келген уақытын, көрсеткен көмегін, жұмсалған шығынын жете бағалау үшін шұғыл медициналық қызметті ақылы ету керек пе?

«Жедел жәрдемді» ақылы ететін  кез жеткен жоқ па?

Ел арасында жедел жәр­дем­нің тарапына айтылар сын аз емес. Дертіне дер кезінде дауа із­дегендердің дені шұғыл меди­ци­налық көмектің дереу жетпейтінін айтып, қынжылыс білдіреді. Бұл жағдайдың жай-жапсарын бірде жол бойындағы кептеліспен байланыстырып, бірде арнаулы көліктердің жетіс­пейтіндігімен түсіндіріп жата­ды. Бірақ жедел жәрдемнің жұ­мы­сын жаңғыртуда мәселе­нің басқа қырына үңілуге болады. Қазақстанда жыл сайын «103» қызметіне қоңырау шала­тын­дар­дың саны 500 мыңға дейін көбейеді екен.

Бұл онсыз да жетпей жат­қан көліктер мен құрал-жаб­дық­тарға, қала берді кадрларға одан сайын қажеттіліктің арта бе­ретінін көрсетеді. Шақырту­лардың шектен тыс көп түсуіне шұғыл жәрдемге шынымен мұқ­таж, жаны қысылған науқастар емес, дәрігердің кеңесімен кейін де қаралуға болатын адамдардың жиі жүгінуі себеп болуда. Мы­салы, «103-ке» қы­зуы сәл көтеріл­гендер, жұмыс­тан қалып қойып «науқастанға­ны» туралы анық­тама жаздырып алғысы келетін­дер, буыны қақсағанын желеу қылып әңгімеге тартатын зейнет­керлер орынсыз хабарласып жатады.

Бұған астаналық әже­нің жедел жәрдемді айына 106 рет, алматылық зейнеткердің 416 рет шақырғаны айғақ бола алады. Сондай-ақ жергілікті емханаға қарала алмағандықтан, жедел жәрдем арқылы тексерілгенді жөн көретіндер баршылық.

Жаңа ережеге сәйкес жедел жәрдем диспетчерінің қызмет көрсетуі төрт санатқа бөлінді. Бірінші санаттағы өміріне ті­ке­лей қауіп төніп тұрған нау­қас­­тарға жедел жәрдем 10 ми­нуттың ішінде жетеді. Сон­дай-ақ науқас жағдайының күр­делілігіне қарай екінші және үшінші санаттағы қоңыраулар бойынша жедел жәрдем 15-30 минутта көмекке келеді. Ал төртінші санаттағы денсаулығы бірден сыр бермеген, дерті ай­қын білінбеген адамдардың шақыртуына бару уақыты бір сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ол науқастарға жергілікті емханалар жанындағы жедел ме­дици­налық бөлімшелер арқылы көмек көрсету жоспар­ланған. Ал бастапқы үш са­нат­тағы шақыр­туларға жедел меди­цина­лық жәрдем стансалары қызмет көрсетеді. Бұл жүйенің бір бағыты – «103-ке» негізсіз жү­гіне­тін­дердің қатарын кемі­туге едәуір ықпал ету. Яғни, аза­мат­тар беталды ша­қыр­ғанға жедел жәрдемнің бұрынғыдай жетіп келе бермейтінін түсінуі керек.

Амбулаториялық-емханалық жә­не жедел медициналық көмек бас­­қармасының мәліметі бо­йын­­ша 2019 жылдың бірінші жар­ты­­жылдығында жедел ме­ди­­­­ци­налық көмек қызметі
4 090 333 тұр­ғынға көмек көр­сет­­кен. Оның ішінде 1-санатта – 231 027 (5,7%), 2-санатта – 1 109 151 (27,1%), 3-санатта – 1 244 588 (30,4%) және 4-санатта 1 505 567 (36,8%) шақырту түскен. Сондай-ақ «103» қызметі негізсіз хабарласқан 75 586 шақыртуға барудан бас тартқан. Жалпы, жедел жәрдемді жаңғырту бойынша жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда, қоңы­рау­лар саны 6,4%-ға дейін азай­ған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма тө­ра­ғасының орынбасары Ерік Байжүнісов дүние жүзінде жедел жәрдем көрсетудің екі тәсілі барын атап, Қазақстандағы аталған саланың жаңғырту жұмыстары екінші тәсілге негізделгенін мә­лімдеді. Оның айтуынша, бі­рін­ші тәсіл жедел жәрдем көлі­гі­мен бірге дәрігер еріп барып, алғашқы ем-дом шараларын сол жерде көрсету болса, екіншісі, 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты қажетті ем жасайтын ауруханаға жеткізу. Қазақстанда осы күнге бірінші тәсілмен жұ­мыс істеп келді. Яғни, жедел жәрдем барған жерінде мүм­кін­дігінше науқасты сол жерде қарап береді. Осыған халық әбден үйренген. Сондықтан басқа елдермен салыстырғанда біздің елде жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер әлдеқайда көп. Енді соңғы екі жылда елдегі жедел жәрдем екінші тәсілге ақырындап ауысып жатыр. Мұндағы бас­ты міндет – науқасты тез арада үйінен ауруханаға жеткізу. Медицинада адам өлімінің санын азайтуға септігін тигізетін «Алтын сағат» деген қағида бар. Бұл – бір сағаттың ішінде дұрыс ем жасау деген сөз. Осы қағидаға сүйенсек, науқасты бі­лік­ті мамандардың жан-жақты қарауы үшін бір сағаттың ішінде ауруханаға жеткізу маңызды болады.

– Жедел жәрдемде алдымен өміріне қауіп төніп тұрған адам­дарға баса мән беріледі. Қал­ған санаттағы қоңыраулар бір­тіндеп тыйыла бастайды. Мә­селен, шетелдегі жедел жердем бригадалары біздегі «103-ке» түсетін шақыртулардың 50-60%-ына бармас еді. Біз білетін Германияда, Израильде жедел жәрдем шақыр­ған адамның жағдайы айтар­лықтай күрделі болмаса, ол отба­сыға белгілі бір көлемде айып­пұл жазылады. Айыппұлдың көлемі де әрқалай. Израильде 500 еуродан басталып, 1000-2000 еуроға дейін барады. Мұндай шараның қолданылуы жұрттың жедел жәрдемнің жұ­мы­сын жете бағаламауынан туа­ды. Өйткені бригада басы ауырып, тісі қақсаған адамды қарап жатқан кезде басқа жақ­та шынымен шұғыл көмек қажет, ауыр халдегі науқасқа же­дел жәрдем бригадалары же­тіс­пей жатуы мүмкін. Содан ке­ліп адамдар жауапкершілікті се­зініп, уақыттың қадірін біліп, одан гөрі көмекке мұқтаж нау­қас­тарға шұғыл жетуі керек жә­дел жәрдемді тектен-тек мазалай бермейді. Бізде, өкінішке қарай, мұндай мәдениет әлі қалыптасқан жоқ. Және оған бастайтын шешімдерді асығыс қабылдаудың да қажеті шамалы. Егер заңды түрде аталған салаға айыппұлды енгізетін болсақ, оның арты негізсіз нәтижелерге алып келуі мүмкін. Яғни, «103-ті» беталды шақыртқан адамның мойнына айыппұл ілуі үшін оған барған дәрігердің немесе фельдшердің оның жағдайы аса күрделі емес екеніне көз жеткізетіндей біліктілігі болуы керек. Сол себептен екінші тәсілге толығымен көшкен кезде ғана айыппұл енгізу туралы сөз қоз­ғауға болады. Бұл модель негі­зі­нен былтыр басталғанымен, биыл­дан бастап жүзеге асырырылып жатыр. Бұған елдің бәрі жайлап үйреніп келеді. Меніңше, айыппұл енгізу туралы шешімді 2021 жылға қарай қарастырған жөн. Ең алдымен жедел жәрдем бри­гидаларының өзі жаңа рефор­ма­ға толық төселіп болуы керек, – деді Ерік Байжүнісов.

Жалпы жедел жәрдемді жөн­сіз шақыра беретінді тыю үшін қосымша ақы немесе айыппұл белгілеу туралы сөз кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Жоғарыда аталғандай, әлемнің бірқатар мемлекетінде жедел жәрдем бірінші санаттағы шақыртулардан бас­қасының бәріне ақылы не­гіз­де қызмет көрсетеді. Мысалы, алпауыт ел АҚШ-та жедел жәр­дем қызметінің ақысы меди­ци­налық сақтандырудың есе­бі­мен төленеді. Вашингтонда дәрігерлер бригадасын үйге шақырудың орташа құны 400-700 доллар аралығын құрайды. Бұдан ірі қалаларында жедел жәрдемнің көмегі 900 доллардан басталады екен. Ал Израильде террорлық оқи­ғадан, жол-көлік апатынан зардап шеккендерге ғана шұғыл медициналық көмек тегін көр­се­тіледі. Қалғаны – ақылы. Сондай-ақ Қытайдың жедел жәр­демі де ақшасын есептессең, қала­ған ауруханаға жеткізіп бе­ре­ді. Бейжің мен Шанхайда бұл қызметке 700-800 юань беріп қана жүгіне аласың. Сондықтан мұндай елдерде жедел жәрдемді орынсыз мазалай бермейді. Ондай жағдай болғанның өзін­де айыппұлмен жазаланады. Айталық, Германияда жедел жәрдемді негізсіз шақырған немесе ауруханаға жатқызудан бас тартқан кезде 141 еуро айыппұл салы­нады.

Биыл Алматыда өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы тақырыпта сөз қозғаған болатын.

– Жедел жәрдем брига­да­сы­ның мақсаты науқасты тезірек ауруханаға алып бару еке­нін түсінуіміз керек. Ал аса қа­жет­­тілік болмаса да, шұ­ғыл медициналық көмекті шақы­ра­тындар үшін қосымша ақы мен айыппұл енгізу керек. Көптеген елде осындай шара қолданылады. Біз азаматтардың өз денсаулығы үшін, соның ішінде басқа адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірмеуі үшін ортақ жауапкершілік ұғымын қалып­тас­тыруды көздейміз. Неге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салуға болады, ал шұғыл көмек көрсету ережелерін бұзу ескерусіз қалу керек? Адамдар мұндай түсінікке әлі да­йын емес, бірақ бірте-бірте осыған қарай жылжимыз, – деп министр мәлімдеген.

Жалпы жедел жәрдемге түсе­тін толассыз қоңырауларды бір ретке келтіру үшін расын­да бірінші санаттан басқа ша­қыр­­туларға қосымша ақы белгі­лен­уі керек шығар. Мысалы, бір шақыртуға көрсетілетін алғаш­қы көмек қызметінің ақысы 3-5 мың теңгенің айналасында белгіленсе... Бұл біраз шығынның орнын жабар еді, әрі дамыл көрмейтін «103-ке» негізсіз хабарласатындарды әжептәуір шектейді. Тек жазатайым оқиғаға тап болып, өмірі қыл үстінде тұрған азаматтарға, зейнеткерлерге, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін шұғыл медициналық көмек көрсетілгені жөн. Әрине, Кеңес заманынан тегінге үйреніп қалған көпшілік жедел жәрдемді ақылы етуге келісе қоймас. Бірақ ақшасын шығындағаннан кейін, ол қызметтен де сапаны талап етуге болады. Айталық, көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін елордадағы қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол төлесе, құны екі еселенетін етіп, жолаушыларды жаппай электронды көлік картасын пайдалануға көшірді. Жолды ақылы ету арқылы сапалы жолдармен қамтамасыз етілді. Халық басында бұл бастамаларға да қарсылық танытқанымен, кейін игілігін сезіне бастады. Осындай әдістер медицина саласының да сапасын арттырып, әлеуетін көтеруге септігін тигізеді.