Қоғам • 08 Тамыз, 2019

Ауыр қылмыстың жазасы да ауыр болуы тиіс

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше елордада Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бірқатар азаматтың өтініш-тілектерін тыңдады.

Ауыр қылмыстың жазасы да ауыр болуы тиіс

Қоғамдық қабылдауда Іш­кі істер министрі Ерлан Тұр­ғым­баев азаматтарды жеке-жеке қабылдап, бәріне тұщымды жауап қайтарды. Сондай-ақ басқа өңірлерден онлайн режімде бай­ланысқа шыққандардың айтқанына құлақ түрді.

Іс-шара барысында министр зорлық жасағандарды жазалауға қатысты пікір білдірді.

– Адам зорлау қылмысының жазасы заңнамалық жағынан жан-жақты бекітілген. Арнайы баптың бірінші, екінші, үшінші бөлімдері бар. Топтық зорлау жеке қарастырылған. Бар­лы­ғында жаза – қатаң. Бір бапта жеңіл, бірінде қатаң деп айту екіталай. Әр жағдайға жеке-же­ке қарау керек. Адам зорлау – ауыр қылмыс. Мұнда аза­мат ретінде де, әйел ретінде де зәбірленушінің жеке ер­кін­дігіне қол сұғылып, ар-намы­сы тапталады. Сондықтан ауыр қылмыстың жазасы да ауыр болуы керек, – деді Ерлан Тұр­ғымбаев.

Министр БАҚ өкілдеріне Қыл­мыстық-процестік кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін екенін айтты. Қазір Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірігіп, осы мәселені қарастырып жатыр екен. Оның ішінде түзету мекемелеріне қатысты өзгерістер бар. Қолданыстағы Қылмыстық-атқару кодексіне 60-тан аса өзгеріс енгізу ұсы­ны­лыпты. Енді Бас прокура­тураға жолданған ұсы­ныстар Парламентте талқы­ланбақ.

Сонымен қатар Ерлан Тұр­ғым­баев газ баллоны жарылуы салдарынан ата-анасынан айы­рылған Екібастұз тұрғынының арызынан кейін Павлодардың полиция қызметкерлерін қат­ты сынап, мәселені қайта қарауды тапсырды. Жалпы бұл облыста тұрғындардың жиі шағымданатынын айтқан министр сақшыларды жазалайтынын, тіпті жұмыстан да шығаратынын жеткізді.