Жол – экономиканың күретамыры. Сапалы жол орта есеппен 17-20 жылға жарауы тиіс. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, жолдың талапқа сай салынбауы оның жарамдылығын 40 пайызға дейін төмендетіп жібереді екен. Яғни жұмыс сапасына назар аудармайтын болсақ, әр 10 жыл сайын Қазақстанның ауа райының ерекшелігін ескерсек, тіпті 4-5 жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Біздің мақсатымыз сол сапасыздыққа жол бермеу болып отыр.
ЭЫДҰ елдерінің (Аустралия, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония және т.б.) тәжірибесіне сәйкес 1980 жылдардан бастап «Жол активтерін басқару жүйелері» құрыла бастады. Біз осы халықаралық тәжірибеге сәйкес ауа райының ұқсастығын ескере келе, көршілес Беларусь елінің әдістерін пайдаланғанды жөн санадық. Мысалы, Беларусь мемлекетінде автомобиль жолдары мен көпірлерді салу, жөндеу және күту саласындағы жетекші «Белдорцентр» кәсіпорны жұмыс істейді. Аталған кәсіпорынның барлық жүйесі толығымен цифрландырылған. Автомобиль жолдары мен оның құрылыстарының, сондай-ақ пайдаланушыларға ақпарат беретін ақпараттық жүйелердің бірыңғай дерекқоры бар. Сонымен қатар жолдардағы ауа райы және жөндеу жұмыстары туралы, автомобиль жолдары мен көпір құрылыстарын маусымдық тексеру нәтижелері және жол-көлік оқиғалары мен олардың шоғырлану аймақтары туралы ақпаратты тұтынушының онлайн режімде көруіне мүмкіндік жасалған.
Жол активтері сапасы орталығы жаңа формациядағы мемлекеттік кәсіпорын болып саналады. Бұл нәтижеге назар аудару, жариялылық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, сапа мен тиімділікке ұмтылу, кәсіби командалық жұмысты қалыптастыру, өзін-өзі тану және өз бетімен жұмыс істеу, қағазбастылықтан арылу сияқты 7 қағидатқа негізделген.
Жол активтері ұлттық сапа орталығы Индустрия және инфрақұрылым министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне қарасты кәсіпорын. Оның 14 облыс орталығы мен 3 республикалық маңызы бар қалаларда филиалдары бар. Компанияда қызметкерлерінің автожол саласын дамытуға деген ынта, тілектері мен ұсыныстары ескеріле келе, «сапалы жолдан – сапалы өмірге» деген қағида қалыптасып отыр.
2015-2019 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының сапалық көрсеткіштері едәуір жақсарды, алайда жергілікті жолдар мен ондағы жасанды құрылыстардың техникалық жағдайының нашарлығы көптеген аймақ үшін бүгінге дейін өзекті болып отыр. Бұл проблема халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етіп, негізгі әлеуметтік қызметтерге, білім беру және денсаулық сақтау объектілеріне, жұмыс орындарына, әлеуметтік, мемлекеттік және қызмет көрсету орталықтарына қолжетімділікті шектейді. Осы мәселені шешу жолында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы төмендегідей міндеттерді алға қойып отыр.
- Автомобиль жолдарын пайдалану процесін одан әрі жетілдіру мақсатында ақпараттық технологияларды пайдалану, бейнебақылау және салмақтың динамикалық бақылау жүйелерін (WIM) қолдану ауқымын кеңейту.
- Техникалық бақылау және қадағалау тұрғысында жолдарды салу, қайта құру және жөндеудің барлық кезеңдерінде бақылау, адами фактор әдістеріне әсер етпейтін технологияларын енгізу.
- Жол-құрылыс техникасының жұмысын жергілікті сандық модельдердің негізінде ұйымдастыру.
- Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау сапасын жақсарту мақсатында нормативтік-техникалық базаны жетілдіру.
- Жаңа технологияларды енгізу, соның ішінде «Жол активтерін басқару» тұжырымдамасы негізінде зерттеулерді жалғастыру.
- Жол саласында жаңа материалдар мен технологияларды тиімді енгізу, жол жұмыстарының құнын төмендету, жөндеу және кепілдік мерзімдерін ұлғайту, жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыру.
Жол саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, кәсіпорын базасында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесін құрдық. Жобалық кеңсенің негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың кез келген қауіп-қатерін азайту, бизнес-процестерді автоматтандыру, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ орталыққа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау тетігі түбегейлі өзгеруде. Біріншіден, Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығында тестілеу өткізіледі. Екіншіден, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тәуелсіз сарапшылары бағалауымен эссе жазу енгізіледі. Әрі қарай кәсіби емтихан өткізіліп, оны қоғам мүшесі басқаратын комиссия бағалайды. Бұл комиссия қызметкерді жұмысқа қабылдау туралы түпкілікті шешім қабылдайды.
Біз Қазақстан азаматтарын жол саласындағы жағдайға бейжай қарамай, бірлесіп жол сапасын арттыруға атсалысуға шақырамыз. Осы мақсатта кез келген өтініш пен ұсыныстарыңызды +7 (7172) 739-760 байланыс нөмірі арқылы хабарлай аласыздар.
Замир САГИНОВ,
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РММ Бас директорының міндетін атқарушы