Технология • 08 Тамыз, 2019

Евгенийдің электронды сөздігі

815 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың аяғында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі тағдыры алаңдаулы күйде болғаны бәрімізге аян. Сол бір өліара шақта мемлекеттік тілдің кең етек жайып, қолданылуы үшін әр салада түрлі жобалар бастау алды. Қазақстандықтардың қазақ тіліне қолжетімділігін арттыруды ойлаған алматылық бағдарламашы Евгений Чуриков 1999 жылы қазақ тілінің электронды сөздігін жасай бастаған болатын.

Евгенийдің  электронды сөздігі

Өткен жиырма жылда sozdik.kz жо­басы кең аудиторияға ие болып, отан­дастарымыздың жиі пайдаланатын сөз­дігіне айналып үлгерді. Қазіргі таң­да сайт күніне 50000 адам қол­­данатын еліміздегі жалғыз сапалы элек­тронды сөздік болып отыр. Сайт­ты жиі қолданушылардың бір тара­пы ересек жастағы адамдар болса, әсі­ресе кеңсе қызметкерлері, мемлекеттік қыз­меттегілер, енді бір жағы оқушылар мен студенттер, тіл үйрету курстарына қатысушылар екен. Сөздікті пайдаланушылар саны жыл сайын 20 пайызға өсіп отыр. Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш қандайда бір жарнамалық инвестициясыз жүзеге асқан. Сайттың SEO-оптимизациялық контенті жа­ңарып, жақсарып отырғандықтан болар, сөздік ғаламтор желісіндегі ең оң­тайлы аударма құралдарының біріне айналды. Сөздік қоржынында бүгінде 370 мың сөз бен сөз тіркесі бар. Мұндай ауқымды жобаның ілгерілеуіне автордан бөлек қазақ тілінің этимологиясын жақсы білетін анонимді мамандар жұмыс істейді. Бұдан бөлек сайт жарнамамен де айналысып, одан түсетін ай сайынғы орташа кіріс 2000-4000 долларды құрайды.

Евгений тек сайтты құрумен ғана шектелген жоқ, ол командасындағы мүдделестерімен бірге iOS және An­droid-қа арналған мобильді қосым­шалар ойлап тапты, сондай-ақ мессенджерден шықпай-ақ сөзді ау­да­руға мүмкіндік беретін Telegram-бот құрды. Евгений миллиондаған қазақ­стандық қолданатын сөздіктің қорын күн­делікті толықтырып отырады, сол арқылы мемлекеттік тілдің мәртебе­сінің ас­қақ­тауына үлкен үлес қосуда.

Жоба авторының пікірінше, он­лайн-сөздік ғаламтор нарығындағы мәртебесін қазақ тілі Google Translate тілі болған күннің өзінде жоғалтпайды. «Біз қазақстандық ғаламтор нарығында қазақ тілінің аударма жұмысымен өнімді еңбек етудеміз. Сөздіктің бір ар­тықшылығы, кірген адамда қай сөз қашан, қандай контексте қол­да­ны­латынын білуге таңдау бар әрі салыстыра алады. Сөздіктің жаңа нұсқасын дайындап енгіздік. Онда сайтты қолданушы жеке пікірін қалдырып, тіпті сөздік мазмұнына жаңа сөз қоса алады. Алдағы уақытта кәсіби орта құруды жоспарлап отырмыз. Және қазақша сөздердің айтылуы мен қазақшадан ағылшыншаға, ағылшыннан қазақшаға аударма бағытын енгізсем деген ой бар», – деді Евгений.

 Жерлестерінің сауатын арттыруға жоспарлы түрде кірісу үшін туған жерге деген ыстық ықылас, Отан алдындағы борышты сезіну аздық етсе керек. Мемлекеттік тілді жаңғырту, цифрландыру және алға жылжытуға бар ерік-жігерін салу патриотизмнен бөлек білім мен білікті қажет етеді. Бұл сөзімізге қызмет бабымен емес, өз еркімен һәм өз қаржысына қазақ тілінің электронды сөздігін жасап, аяқтан тұрғызған, 2018 жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Евгений Чуриковтың елеулі еңбегі куә. Оның қазақ тілін үйренушілерге қолайлы бағдарлама жасауы, ең алдымен, мемлекеттік тілге құрмет һәм ұлтқа көрсеткен құрмет.