Руханият • 08 Тамыз, 2019

«ArmandaStar» суретшілерге серпін сыйлады

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жұмада бас шаһар төріндегі Ұлттық музейде жас суретшілер шығармашылығын қолдау мақсатында ұйымдастырылған «ArmandaStar» топтық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

«ArmandaStar» суретшілерге  серпін сыйлады

Жастар жылы аясында жүзеге асқан республикалық көрмеде Нұр-Сұлтан, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе, Петропавл қалаларының кәсіби маман ретінде енді танылып келе жатқан жас суретшілері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтсақ,  Людмила Айтуарова, Дилором Әшірбекова, Әлия Әміренова, Гүлбарам Асқарова, Темірлан Әбенов, Нұрболат Базарбаев, Бақыт Жораев, Гүлнара Дайырова, Әйгерім Кәрібаева, Азамат Нұртазин, Нәркес  Иманғазы, Мейірман Ілиясов, Айдана Құлахметова, Валерия Сергеева, Әнел Хакімова сынды талантты суретшілер қатысты.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай жастарды қолдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жастар – әр мемлекеттің келешегі. Бүгінгі көрме де талантты жастарды қолдау үшін ашылып отыр. Қазақстанның өнері дүние жүзіне танылып келеді. Жастарды да осы қатарға шығарғымыз келеді. Бүгінгі көрмеде олардың алғашқы қадамына куә болдық. Келешекте бұл суретшілердің картиналары үлкен халықаралық көрмелердің төрінде тұратынына кәміл сенемін, –  деп өнерлі өрендерге ақ жол тілеп, арнайы сертификат табыстады. 

Көрме экспозициясына бейнелеу өнерінің кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, цифрлы кескіндеме сияқты түрлі жанр мен сан алуан  тақырыптағы жұмыстар қойылды. Ұсынылған картиналардан әр суретшінің шеберлігін, өзіне тән қолтаңбалық ерекшелігін, стилін айқын байқауға болады. Дарынды суретшілердің туындылары аталған көрмеге тұңғыш рет ұсынылып отыр.