Партиялық ықпалдың қайтарымы керек
Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:43
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек 26 ақпанда жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды.
Б.Байбек алдымен Бурабай ауданындағы «Жаңа-бас» ет өңдеу кешеніне барды. Оның сөзіне қарағанда, жаңа тұрпатты кәсіпорынға бұрылудың өзіндік себебі бар екен.
Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:43
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек 26 ақпанда жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды.
Б.Байбек алдымен Бурабай ауданындағы «Жаңа-бас» ет өңдеу кешеніне барды. Оның сөзіне қарағанда, жаңа тұрпатты кәсіпорынға бұрылудың өзіндік себебі бар екен.
«Нұр Отан» ХДП Бурабай аудандық филиалында жергілікті тұрғындармен байланыс күн өткен сайын нығайып келеді. Қоғамдық қабылдауға жүгінушілер қатары қалыңдаған. Өткен жылы филиалдағы партиялық бақылау бекеті республикамызда үздік танылуы да жұртшылықтың жетекші партияға сенімін ғана емес, бірлесіп іс-қимыл жасау жүйесін күшейтті деуге болады. «Жаңа-басқа» атбасын бұрудың астарында жаңа өндіріс орнының екі жылдан астам уақыт бойы өнім шығара алмай отырғанына байланысты дабыл әсер еткен көрінеді.
Ауданға абырой қосқан «Богви» ауыл шаруашылығы фирмасы 2008 жылы осынау ет комбинатын іске қосқан еді. Бұл – кластерлік тізбені қамтамасыз ете білген өндіріс ошағы. Кешенде австриялық озық фирманың жабдықтары орнатылған. Мұнда әр ауысымда 10 тонна ет өндіріліп, шұжықтың 49 түрі, бұған қосымша 3 тонна ет өнімдері шығарыла бастағанын газет оқырмандарына жеткізгенбіз. Қазір өңірдегі ірі кәсіпорын тоқтап тұр. Жұмысшылардың басым бөлігі үйлерінде отыр. Кәсіпорын басшылары күрделі жағдайды айналым қаражатының жетпейтіндігімен байланыстырады.
Аталған мәселеге қатысты «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Төлеубаевтың, «ҚазАгро» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дулат Айтжановтың, «Қазақстанның даму банкі» ААҚ басқарма төрағасының орынбасары Миржан Қарақұловтың және Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметовтің қатысуымен мәжіліс өткізіп, тұйықтан шығу шаралары қарастырылды.
Көкшетау қаласына қарасты Красный яр ауылындағы №3 қазақ орта мектебінде де көңіл желпінтерлік қадам жасалды дегіміз келеді. Білім ұясы бұрынғы аудандық партия комитетінің ғимаратына орналасқандықтан, көптеген қолайсыздықтар көзге ұрып тұр. Облыс, қала басшылығы мектепті қайта құру жұмыстарын 2013 жылы аяқтауды жоспарлаған екен. Мұнда да Б.Байбек партиялық ықпалды кеңейту арқылы мәслихаттардағы фракция мүшелерінің белсенділігіне сүйене отырып, бюджеттен тиісті қаржының бөлінуін қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруға ұсыныс жасады. Ұсыныс өңір басшылары тарапынан қолдау тауып, кеңейтілген мектеп алдағы оқу жылында дайын болады деген үміт бар. Қазіргі мектеп балабақша түрінде балғындардың шуақты күлкісіне толмақ.
Еліміздегі жетекші партия Төрағасының бірінші орынбасары облыс орталығындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінде» болып, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшілерімен, оқу озаттарымен пікір алмасты.
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек сондай-ақ партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХVІ конференциясына қатысты. Конференцияда «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов сайланды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.