Қоғам • 08 Тамыз, 2019

Президент Қадыровпен селфи жасаған

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шілде айының аяғында Чешенс­танның астанасы Гроз­ный қала­сында Чешен Рес­пуб­ли­касының тұңғыш президенті, Ресей батыры Ахмад қажы Қады­ровты еске алуға арналған жек­пе-жектің ММА түрінен бала­лар арасында халықаралық жа­рыс өткен болатын. Осы жарыс­қа Қазақстанның намысын қор­ғау­ға барған оралдық балалар қала көшесінде Чешенстан Рес­пуб­ли­касының президенті Рамзан Қадыровпен кездесіп қалып, бірге суретке түскен.

Президент Қадыровпен селфи жасаған

2007 жылы Жымпитыда дүниеге келген Мансұр Нұрлы­бек­ұлы Орал қаласындағы №34 мектепте оқиды. Үш жылдан бері таэквондоға қатысады. Жат­тықтырушы, Батыс Қазақ­стан­ облыстық таэквондо фе­дерациясының президенті Аралбек Ахметовтің шәкірті осы жылдар ішінде Қазақстаннан бөлек, Беларусь, Ресей Федера­ция­сы төрінде төселген татамилер­де мықтылығын дәлелдеп, халықара­лық жарыстардың чемпио­ны болып үлгерді. Мансұр Нұрлыбекұлы биыл таэквондодан Азия кубогы­ның иегері атанды.

11 жасар жеткіншек кейінгі уақытта аралас жекпе-жекпен айналысып жүр. Тордағы төбелес тарландарының отаны саналатын Грозныйдағы жарысқа жолдама алудың өзі  оның спорттың бұл түрінен де осал еместігін білдіреді. Жа­рысты ұйымдастырған «AKHMAT» жекпе-жек клубы бү­­гін­де әлем­ге танымал. fightnews.info сайтының мәліметінше, осы клуб­тың 6 жауынгері UFC лигасына тіркелген.

Чешенстан астанасында салмағына сай қарсылас болмауына байланысты біздің батыр жекпе-жек өткізе алмады. Бірақ Рамзан Қадыровпен кездесу  ол үшін ең бір елеулі оқиға болды.

Біз Мансұрдың өзіне хабарласып, кездесудің қалай болғанын сұрадық:

– Жарыстан кейін жат­тық­тыру­шымыз­бен бірге Грозныйдың көрікті жерлерін тамашалап, қы­дырып жүргенбіз. Рамзан мыр­за да кешкі қалада велосипед теуіп, серуендеп жүр екен. Қасымыздағы ата-ананың бірі оған «Қазақстаннан сәлем!» деп айқайлады. Рамзан Қадыров бізді естіп, жанымызға келіп тоқтады.

– Қазақтарға қалай тоқта­май­мын?, – деп жымиды сосын. Біз қуа­нып кеттік.

Чешен халқының басшысы өте кішіпейіл әрі қазақ халқын ерекше құрметтейді екен. Бәрімізбен жеке-жеке суретке түсті. Тіпті, топ болып суретке түскенде, ол біздің Көк туымызды көтеріп тұрды. Қазақтарға дұғай сәлем жолдап бізді қонаққа шақырды. Қазақ меймандарға чешендер «Васаби» мейрамханасында дастарқан жайды.

Чешенстан Республикасының прези­дентімен кездесуімді, жаса­ған селфиімді көріп бәрі қуануда. Бұл да бір тарих қой!, – дейді Мансұр Нұрлыбекұлы.

Жеткіншек аптаның 6 күнін жаттығу залында өткізеді. Ол демалыстың өзінде де уақтылы жүгіріп, футбол ойнап, кермеге тартылып, бабын жоғалтпаудың амалын жасап жүр. Өзінің айтуынша, оның бәрі Олимпиада чемпионы болу үшін керек.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

журналист

 

Батыс Қазақстан облысы