Аймақтар • 08 Тамыз, 2019

Ауғанстанның алуан айшықты әлемі

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Орталық мұражайға бас сұғып тағдыры қатпарлы Ауған елінің тарихынан хабар беретін айрықша көрме-жәрмеңкесін тамашалаудың сәті түсті. Көрерменнің ықыласына бөленген айтулы көрмені Алматыдағы Ауғанстан Ислам Республикасының Сауда атташесі, Ауғанстанның Сауда және индустрия министрлігі және Іскер әйелдер қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған.

Ауғанстанның алуан айшықты әлемі

Ауған елі ежелден қолөнер шеберлерімен ерекше­ленеді. Аталмыш көрмеге Ауған­стан­ның таңдаулы қолөнер шебер­лерінің қолынан шыққан үздік бұйымдар ұсынылды.  Олардың сапынан ағаш ою, жиһазды әрлеу өнері, гравюрамен безен­діру, металл құмыралар, зер­гер­лік әшекейлер секілді өнер туын­дыларын кез­дес­тірдік. Әр бұйымның өзіне тән тылсымы бардай. Әсіресе мыс және қоладан соғылған ыдыс-аяқтар мен арнайы тұрмыстық рәсім­дерге арналған бұйымдар таң­ғалдырмай тұрмайды.

Көрмеде ауған елінің 30 іскер компаниясы жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша өз өнімдерін ұсы­ныпты. Атап айтқанда,  қол­дан то­қыл­ған әйгілі ауған кілем­дері, деко­ра­тивті кестелер, киім-кешек, мата­лар, кера­ми­­калық бұйым­дар, жібек кілемдерге сән берген әр­түр­лі гео­­метриялық көгеріс өр­нек­тер сол халықтың тари­хы­нан сыр шер­тіп тұрғандай әсер­ге қал­­дыра­­ды.

– Танымы сан алуан түрлі халықтардың дәстүрін бір-біріне жақындастыра түсетін мұндай көрмелер музей қабырғасында жиі ұйымдастырылып тұрады. Бүгінгі көрменің басты ерек­шелігі – тағдыр жолында талай қиындықты басынан өткерсе де мойымаған ауған елінің қай­сар­лық келбеті өнер арқылы дәріп­телді. Ән мен жырға, дәстүр мен мұраға бай ауған халқы ежелден өнерлі жұрт. Қазақ көрермендері көрмені жылы қабылдады, – дейді Орталық музейдің баспасөз хатшысы Сұлушаш Ағелеуова.

Расында да ауған әуездері көрмеге келген көрерменге самал боп есіп, көңі­лімізді тебірентіп тұрды.

 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ

АЛМАТЫ