Экономика • 09 Тамыз, 2019

Теңге бағамын интервенция ғана құтқара алады

546 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Төл валютаның әлсіреуіне объективті себептермен қатар халықтың девальвацияны күтуі де әсер етіп отыр.

Теңге бағамын интервенция ғана құтқара алады

«Психологиялық меже»

Доллардың теңгеге шақ­қандағы бағамының көтерілуіне бірінші кезекте өткен аптадан бастап мұнайдың арзандауы себеп болды. 1 тамыз күні 65 долларға саудаланған Брент маркалы мұнай тура бір аптада 10 пайыз арзандап, 8 тамыз күні 57 доллардың айналасында сатылды. Мұнайдың 10 пайызға арзандаған кезінде доллардың шамамен 385 теңгеден 387,73 теңгеге, яғни бар болғаны 0,65 пайызға ғана қымбаттауы еш­қандай да девальвация емес екені анық. Дегенмен, мәселені күрделендіріп тұрғаны – бағам­ның өзгеру көрсеткіші емес, оның психологиялық меже­ден асып кетуі болса керек. Жар­ты жылдан астам уа­қыт бойы тұрақты бағамға үй­ре­ніп қал­ған халық енді әдет­тегі «ауыт­қулардан» деваль­вация­ның белгісін көріп отыр. Жыл басынан бері елдегі түрлі жағ­дайларда 385-тен әрі «атта­­маған» доллардың енді қымбат­тауы «күзге қарай девальвация болуы мүмкін» деген ел ішін­дегі қауесетті күшейтіп жіберді.

Өткен аптадан бастап арзан­дап келе жатқан мұнай баға­сы теңгені өзімен бірге төмен «сүйреп» келеді. Бұл – әри­не, теңгенің арзандауына на­рық­тың объективті себебі. Егер қара алтын құны алдағы бірер күнде аздап болса да қайта қым­баттамаса, мұнайдың арзан­дауынан туындаған тренд­ті халықтың «валюталық пес­си­мизмі» іліп әкетеді. Яғни, жағ­дай тұрақталса да, елдің девальвация­ны күтуі теңгеге кері әсер ете бермек.

Жаңа заң жобасы отқа май құйды

Мұнай бағасы мен халықтың көңіл күйінен бөлек Ұлттық банк те отқа май құйды. Валюта айырбастау орындарының жұ­мысын шектеу туралы заң жобасы ел ішінде одан сайын «девальвацияны шақырғандай» әсер етті.

Егер заң қабылданатын болса, айырбастау пункттерінің банктерде 10 млн теңге депозиті болуы керек, 100 млн теңге өз капиталы болуы керек, 10:00-19:00-ге дейін ғана сауда жасау керек деген шектеулер валюта нарығында көлеңкелі сауданы көбейтуі өз алдына, шетел валютасына сұранысты одан са­йын күшейтетіні белгілі. Онсыз да «артық ақшаны долларға айналдырып алсам қайтеді» деп жүрген халықтың шетел валютасына сұранысы тіпті артатыны анық.

Әрине ұзақмерзімді бола­шақта Ұлттық банктің бұл бас­та­масы валюта нарығында тұрақ­тылық орнатуы мүмкін. Бас банк те «алыпсатарлықты шек­теп, бағамды бірқалыпты ету» үшін осындай қадамға баратынын айтып түсінік берген. Бірақ дәл қазір бұл бастама нарықты тұрақтандыратынға ұқсамайды.

Биыл бағам «тым тұрақты»

Валюта бағамының еркін айналымға жіберілгеніне бірнеше жыл болғанымен, анда-санда Ұлттық банк интервенция жасап теңгені «құтқарып» тұрған кездері болған. Соның ішінде ең ірісі және әзірге ең соңғысы биыл сәуір айында билік транзиті кезінде нарықта қысқамерзімді толқудың алдын алу үшін бас банк 304 млн долларға теңге сатып алып, төл валютаның бағамын ұстап қалған.

Жыл басынан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 370-тен соңғы бір аптаға дейін 385-ке ғана қымбаттауы, оның өзінде аз-аздан тұрақты өскеніне қарап, Ұлттық банк теңге бағамын өзі бекітіп отырған болуы мүмкін деген ойға бекиміз. Елдегі қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайлар кезінде бұл әбден ықтимал. Оның үстіне таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке валюта саясатын қайта қарап, халықтың бас банкке деген сенімін қалпына келтіру керектігін тапсырған. Оның алдында да Мемлекет басшысы елдегі валюта саясатын түзуге Халықаралық валюта қоры сарапшыларының көмегіне жүгінуді ұсынғаны белгілі.

Дегенмен Халықаралық ва­лю­та қ­ор­ы­ның өзі шілде айын­да Қазақстан экономикасына жаса­ған талдауында елдегі валюта на­рығының сыртқы ахуалдардың ықпалымен жалпы тұрақты екенін мәлімдегенімен, Ұлттық банк «тығылып» интервенция жасап отырған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Халықаралық қаржы ұйымы сарапшыларының мұндай тұжырым жасауына Ұлттық қор резервіндегі өзгерістер мен теңге бағамының «тым тұрақты» болып кеткені түрткі болды. «Ұлттық банк Ұлттық қор мен БЖЗҚ атынан жасалып жатқан операциялар аясында валюта нарығына интервенция жасамай жатқанын және бағамның еркін айналымда екенін ашық көрсетуі керек», деп жазған еді сарапшылар.

 

Мұнай теңгенің үмітін ақтай ма?

Егер ХВҚ сарапшылары қате­лес­пеген болса, Ұлттық банк біраз­дан бері айтып бір, айтпай екі ин­тервенция жасап отыр. Бұл – доллардың теңгеге шаққандағы құны қазіргіден әлдеқайда жоға­ры деген сөз. Олай болса, Ұлт­тық банк жоғарыда айтылған психо­логиялық межеден көп қымбат­татпай, Ұлттық қордың ақша­сымен бағамды ұстап тұрып, алдағы уақытта мұнайдың қым­баттауынан үміттеніп отыр.

Алайда, мұнайдың қымбаттай қоятын түрі әзірге байқалмайды. АҚШ энергетика министрлігі былтыр мұнай бағасы 2019-2020 жылдары 67 доллардың айналасында болады деп болжаса, кеше мұнай бағасының кенеттен арзандап кеткенінен кейін болжамды 64-65 доллардан аспайды деп өзгертті. DBS банкінің сарапшылары да бұрын алдағы екі жылда 70-75 доллар аралығында болады деп жорамалдағанымен, қазір 2020 жылдың соңына дейін баға 65 доллардан аспайды деп отыр. Fitch агенттігі де бұрынғы баяндамасын қайта қарап, 2021 жылға дейін мұнай 67 долларға дейін ғана қымбаттайтынын мәлімдеді.

Ірі қаржы ұйымдары сарапшы­лары­ның мұндай «пессимизмге» ба­руына АҚШ пен Қытай арасын­да­ғы сауда соғысы түрткі болып отыр. Екі ел жақын арада ортақ ке­­лі­­сімге келетінге ұқсамайды. Ал 2020 жылғы сайлауда Трамп та­ғы же­­ңе­тін болса, сауда соғысы тағы төрт жылға созылуы әбден мүм­кін.

 

Валюталық «тәуелсіздік» пен рубльдің «көмегі»

Жыл басынан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 4 пайызға көтерілгенде, доллардың рубльге шаққандағы бағамы 7 пайыз төмендеді. Яғни, биыл теңге әлсіреп, рубль керісінше күшейе түсті. Тіпті осы кезге дейін теңгенің салыстырмалы түрде тұрақты болғанына рубльдің көмегі де болуы мүмкін. Алайда, бүгінге дейін теңгенің девальвациясында шикізатқа негізделген отандық экономикамен қатар, геосаяси текетірестер мен Ресейге қарсы санкциялардың да айтулы үлесі бар екені түсінікті.

Ортақ экономикалық нарық­тан бөлек таяуда ортақ валюта сая­сатын енгізу туралы бастама көтерілгені есімізде. Бірден айта кетерлігі, бұл ортақ валюта емес. Дегенмен, кей сарапшылар ортақ валюталық саясаттан ортақ валютаға бір-ақ қадам дейді. Не де болса, бастаманы көтерген Еуразиялық экономикалық комиссия басшылығы одақтас елдер валюта саясатын бірдей жүргізбесе, одақтас елдер арасындағы экономикалық интеграция қиындайтынын айтты. Экономикалық теорияда бұл, әрине дұрыс. Оның үстіне, теңгеге қарағанда рубльдің сыртқы теріс факторларға «шыдамды» болып тұрғаны жасырын емес. Яғни, ортақ валюталық саясат қабылданып жатса, теңге бағамы үшін қазір пайдалы болғанымен, ұзақмерзімді болашақта тәуекелі жоғары екенін де ұмытпау керек.

Қорыта айтар болсақ, теңге бағамына тікелей ықпал ететін мұнай бағасы алдағы екі жылда қымбаттамақ түгілі бір апта бұрынғы 65 долларға жетсе, соның өзі олжа болар еді. Әрине соның өзінде ол доллардың тең­геге шаққандағы бағамын көтер­мейді, әрі кетсе 370-375 теңгеге нығайтуы мүмкін. Екіншіден, халықтың девальвацияны күтуі де теңге үшін «жығылғанға жұдырық» болып тұр.