Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Табиғи сүт өнімдерін өндірудің тауқыметі

817 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көкшетаудың сауда сөрелерінде көршілес облыстардың, іргедегі Ресейдің сүт өнімдері сыңсып тұр. Басым бөлігі құрғақ сүттен жасалған. Облыстағы малсақ қауымның бағымындағы 420 мың бас қара малдың 16 пайызға жуығы ғана асыл тұқымды.

Табиғи сүт өнімдерін өндірудің тауқыметі

Облыста өткен жылы 383 мың тонна сүт өндіріліпті. Сүт өнімдерін өңдеумен небәрі 15 кәсіпорын ғана айналысады. Осы кәсіпорындар жыл ішінде 146 мың тонна сүт өнімдерін дайындауға қауқарлы. Тұтынушылардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да бар. Ірі шаруашылықтардың көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасына қатысады. Мәселен, тәулігіне 40 тонна сүт өнімдерін дайындайтын Целиноград ауданындағы «Родина» шаруашылығы барлық өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелеріне жеткізеді.

Енді бір сәт мыңғыртып мал бағып отырған облыс неліктен өз сауда сөрелерін табиғи таза өніммен қамтамасыз ете алмай отыр деген сауалға жауап іздеп көрелік. 420 мың бас қара малдың 138 мыңы – сиыр. Бірақ бір ескере кететін жай, қолда бар қара малдың небәрі 16 пайызы ғана асыл тұқымды.

– Жергілікті тұқымды бағып көсегең көгермейтіні анық, – дейді «Құлан» шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатов, – тұқымы әбден азып кеткен жергілікті сиырлар шынын айтқанда, ешкінің сүтіндей ғана сүт береді. Тү­сінікті тілмен айтқанда, өзінің жеген жем-шөбін де ақтамайды. Сондықтан сиыр­ды сауғаннан бұзауға емізген тиімді. Төлі жақсы өседі. Мәселен, бір сиырды қыстан шығару үшін кем дегенде екі тіркеме шөп, бір тонна жем қажет. Басқа мал азығына шағын шаруаның қолы жете бермейді ғой. Шөптің әр тіркемесі 40 мың теңгеден. Бір тонна жемнің бағасы да сол шамада. Демек, шаруаның еңбегі еш кетті дей беріңіз.

Қазір облыста тауарлы сүт өндірі­сі­мен айналысып отырған ірі 45 ша­руа­шылық бар. Мәселен, «Родина», «Есіл-агро», «Камышенко», «Белағаш» серіктестіктері. Жеке шаруашылықтар үшін тым ауыр соғатын бұл іске белсене кірісетіндер саны аз. Сондықтан табыс көзінің бір саласы сүт өндірісі екендігін сыналай айтып кеткеніміз де артық болмас. Мәселен, Бурабай ауданындағы «Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігі бірнеше жыл бұрын жұмысын небәрі он сиырдан бастаса, қазіргі күні сауын сиырдың басын 200-ге жеткізіп отыр. Жеке кәсіпкер негізінен мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Соңғы сиырларды Словакиядан әкелген екен.

– Сүт өндірісін дамыту үшін көп қаражат қажет, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – оның үстіне бұл сала тынымсыз көп еңбекті қажет етеді. Тауқыметі де аз емес. Мәселен, өнімділігі жоғары, ұзақ жыл қызмет ететін сүт сауу аппаратуралары, мұздатқыш, мал қорасы. Ең бастысы, мал азығының мықты базасы қажет. Егер өздері мал азығын дайындай алатын болса, салада сонда ғана серпіліс болады. Әйтпесе, жем-шөпті сатып алатын болса, онда өнімнің өзіндік құнына да әсер етпей тұрмайды. Жем-шөп дайындаушылар жұмсаған шығындарының үстіне өз еңбектерін де үстемелеп қосады ғой. Ал өздері дайындаса, пайда түсері сөзсіз.

Алдағы үш жылға жоспар жасалып, бұл салада серпіліс жасауға деген ұмтылыс бар. Бұл орайда, Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Астрахан ауданындағы «Камышенко», Бұланды ауданындағы «Никольское», Зеренді ауданындағы «Аққайың Ж» және «Жақсылық-агро» серіктестіктері асыл тұқымды сауын сиырлардың басын көбейтпек. Бір жаңсақтық, әр басына орта есеппен үш жарым мың евродан қаражат жұмсалып, Еуропа елдерінен әкелінетін асыл тұқымды малдың дені етті бағытта екенін айта кетуге тиіспіз. Шеттен әкелінетін малдың дені сүтті тұқым болғанда ғана сүт өнімдерінің молшылығын жасай аламыз. Оған қоса, жергілікті жерде мал сүмесімен күн көріп отырған шаруалардың қолындағы са­уын сиырдың сүтін сатып алуды дұрыс ұйымдастыру қажет.

Бұл бағытта облыста 120-ға жуық арнайы орындар жұмыс істейді. Олар өз жұмыстарын 2016-2017 жылдары бастаған. Бұл істі біршама оң жолға қойып, үйлестіріп отырғандар ауыл шаруашылығы кооперативтері. Әзірге олардың саны – 23. Ал облыстың жер көлемін, мал санын еске алсаңыз, әрине аздық етеді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, кооперативтер сүт салқындататын тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген. Кейбіреулері сүт таситын көлік те сатып алыпты. Осы бағыттағы жұмысты ширата түсу керек. Облыс орталығының іргесіндегі елді мекендер ғана болмаса, шалғайдағы жұрт мал өнімдерінің пайдасын көріп отырған жоқ. Жеке шаруашылықтар 200-300 шақырымнан 40-50 литр сүтін тасымалдай алмайды. Бұдан шығатын жол, кешкі және таңғы сауынды бір жерге жинап, екі сауынның басын қосып, бір-ақ тасу. Сонда тасымалдау шығыны азайып, сүттің өзіндік құны сәл де болса төмендейді.

Екіншіден, ветеринарлық қызметті жақсарту. Сүт өндірудегі басты мәсе­лені оң жолға қою үшін өңірлік кәсіп­керлік палатасының бастамасымен биыл сәуір айында Украинаның «Dairy Global Experts» компаниясының сарапшы мамандарын тарту арқылы Зеренді ауданындағы «Жақсылық-агро» серік­тестігінің базасында алғашқы ветери­нарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Басты мақсат – инновациялық технологияларды енгізу. Қазір орталыққа бес тауарлы сүт фермасы енгізілді. Осы заманғы диагностикалық аппарат арқылы мал ауруын анықтауға және емдеуге мүмкіндік мол. Алдымен жұмыстың технологиялық картасы әзірленген. Сауын сиырларды мал азығымен қамтудың толық түзілімі жасалған. Олқы тұстарды анықтайтын аудит жүргізілген. Дегенмен көптеген мал­сақ қауымның ветеринарлық қыз­метке қолжетімділігі әлі де мәз емес. Осы себепті Ақкөл ауданындағы «Еңбек» серіктестігінің базасында дәл осындай орталық жұмысы қолға алынып отыр.

Сауда сөрелерінде құрғақ сүттен жасалған өнімдердің сыңсып тұруының бір себебі, бұл өнімдердің ұзақ уақыт сақталатындығы. Тіпті мұздатқыш та қажет емес, айлап тұра береді. Ал табиғи таза өнім тоңазытқышқа салған күннің өзінде 2-3 тәулікке ғана шыдайды. Сондықтан азық-түлік дүкендерінің иелері ұзақ уақыт сақталатынына ұмтылады. Жергілікті өнімнің жолын кесіп тұрған бір жайт осы. Екіншіден, тұтынушының сұранысын толық қанағаттандыра алмау. Бұл үшін тығы­рық­тан шығатын жалғыз жол – мал басын өз төлі есебінен асылдандыру.

Түлік неге өз төлі
есебінен өспейді?!

Шаруасы шалқыған шетелдердің өзінде қолда бар малдың барлығы асыл тұқымды емес. Тіпті, біз тұқымынан тәбәрік әкеліп жатқан Еуропа елдеріндегі малдың 35-40 пайызы ғана асыл тұқымды. Қанша жыл қарекет еткенде, біздің осы деңгейге жете алмай отырғанымыз шаруаны ұйымдастырудағы шалағай­лы­ғымызды көрсетеді.

Мәселен, Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылдың маңында «Щучье сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бордақылау алаңы бар. Бордақылау алаңы негізінен Біржан сал ауданындағы асыл тұқымды мал табынының төлімен толықтырылады. Жергілікті жердегі малсақ қауымның қолындағы қара малдың сіңіре будандастырылған төлін де сатып алады. Бұл жергілікті жұрт үшін өте тиімді қарекет. Мәселен, бордақылау алаңы жергілікті шаруа қожалықтарынан өз талаптарына сай келетін бұзауды сатып алған кезде тірідей салмағының әр килосы үшін 750 теңге көлемінде төлейді. Оған мемлекет тарапынан әр килоға 200 теңге субсидия төленетінін ескерсеңіз, сөз жоқ, шаруа қожалығы ұтып шығады. Ал ауыл үшін аралап жүрген алыпсатарлар қазір қара малдың таза етін 800-900 теңгеден алады. Демек, асылдандыру арқылы малшы қауымның еңбегі жанып, екі есе пайда таба алар еді.

– Бордақылау алаңдарын жасақтаудағы негізгі жақсы ойдың бір ұшқыны осы, – дейді басқарма басшысының орынбасары Қасым Латифұлы, – негізінде малдың қыс ортасында төлдегені тиімді. Келесі күзге дейін әр бастың тірідей салмағын 250 килоға дейін жеткізуге болады. Қыстан шығарып алған соң жазғы жайылымды тиімді пайдаланса, мал азығына жұмсалатын шығын азайып, өзіндік құны арзандай түседі. Қоңыр күзде бордақылау алаңына тапсырса, әр бастан орташа есеппен 230-240 мың теңгеге дейін табыс табуға болады.

Маманның айтуы дұрыс. Төлді тағы бір қыстатып, тірідей салмағын 400 килоға жеткізу шаруа қожалығы үшін қиын. Өйткені оның қолындағы бар мал азығы шөп пен сабан ғана. Ал бордақылау алаңында 18 айдың ішінде әр малдың тірідей салмағын 400 килоға жеткізуге толық мүмкіндік бар.

Солай бола тұра, мал басының өз төлі есебінен көбейтілуіне көңіл көншір емес. Соңғы он жыл бойы шетелдерден қара мал мыңдап тасылса да, бағымдағы малдың тек жиырма пайызы ғана асыл тұқымды. Сонда қаншама қаражат жұмсап, әупірімдеп әкелген малды қазанға тоғытып жатқан жоқпыз ба?!

– Мал тұқымын асылдандыру үшін ұзақ уақыт керек, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Шайгөзов, – асыл тұқымды болуы үшін оның құжаттары дұрыс толтырылуы керек. Сонда ғана асыл тұқымды болып есептеледі. Негізінде бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр.

Атқарылып жатқан жұмысты ешкім де жоққа шығара алмайды. Әйткенмен, табиғи таза сүт пен ет өндірудің тетігі мал тұқымын асылдандыруда екені рас.

 

Ақмола облысы