Руханият • 09 Тамыз, 2019

Мәңгілік елдің игі мұраттары

801 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – «Мәдени мұра» және «Халық – тарих толқынында» сияқты іргелі бағдарламалардың заңды жалғасы ретіндегі Мәңгілік ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық құжат.

Мәңгілік елдің игі мұраттары

Қазақстан халқы рухани жаңғырудың жаңа басым бағыттарын айқындап берген бұл бағдарламалық мақаланы «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үй­лесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы» ретінде қабылдады. Ұлт­тың ұлт екенін анықтайтын ең басты белгілерінің бірі әрі оның бірегей ұлт­тық қасиетін сақтайтын негізгі тірегі, мәңгілік құндылығы – тілі мен әліпбиі екені баршаға аян. Ел руханияты мен мәдениетіне айрықша жанашырлықпен қарайтын Елбасы Мәңгілік ел болу үшін ұлтымыздың осы екі тірегі де мәңгілік болуы шарт екенін тайға таңба басқандай айқындап, латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын дәлелді түйіндермен дәйектеп берген. Осылайша бұл мәселе 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Тіл мамандары арасында да бұл бастама бірден қолдау тапты. Себебі қазіргі таңда латын әліпбиі қай жағынан да тиімді, тіліміз үшін пайдасы мол. Ең алдымен, тіл әуезділігін сақтауға мүмкіндік береді. Латынға көшу арқылы осы уақытқа дейін тіліміздегі кейбір төл және кірме сөздердің айтылуы мен жазылуындағы алшақтық жойылады. Ғасырлар бойы тамыры бір, рухани діңгегі ортақ түркі әлемінің қайтадан иық тіресе өмір сүруіне игі қадам жасалатыны сөзсіз.

Тарихтың дауылды беттерінде бір-бірінен көз жазып қалған туыстас түркі әлемінің рухани бірігуіне иек артып отырған Елбасының осынау шешімін келешек ұрпақ үлкен ризашылықпен бағалайтыны анық. Туыстас халықтардың ынтымақтастығынан ешкім ұтылмай­ды. Олармен бірлесе отырып, гуманитар­лық ғылыми-зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік молаяды. Әрине, ре­фор­маның қиындықсыз болмайтыны әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Тек ендігі мәселе солардың тәжірибелерін сараптап, мүмкіндігінше қателіктерді қайталамауымыз қажет. Сондай-ақ терминология жүйесін біріздендіруге де берері көп. Фонемаларды әріппен бел­гі­леу, тыныс белгілерін анықтау, емле ере­­желерін жүйелендіру – бұл таза ғы­лым­­ның еншісі. Ғылым үнемі жетілу, кемел­дену негізінде тоқтаусыз дами бере­ді. Ен­­де­ше, жаңа қазақ әліпбиіне қатыс­ты туын­дап отырған мәселелерді біртіндеп, ке­зең-кезеңімен жетілдіре беру­ге әбден бо­л­ады деп ойлаймыз. Бұл арада тілге тиек болып отырған рефор­маның тари­хи, саяси мәні басым екенін естен шығармайық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Мем­лекеттік тілді латын графикасына көшіру» бағытын жүзеге асыру үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­ле­кеттік университетінде заманауи құрыл­ғылармен жабдықталған «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік кабинеті» 2017 жылдың желтоқсан айында ашылды. «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік кабинетінің» басты мақсаты – ЖОО-дағы профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге, студенттерге латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйрету, жаңа орфо­гра­фия мен ережелерін меңгерту, тиім­ді инновациялық тәсілдермен, заманауи оқу-әдістемелік құралдардың көме­гімен сауатты жазу мен оқуға баулу. Мем­лекеттік тілдің кең ауқымды қолда­ны­сын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын ұстана отырып, қазақ тілін үйрету. Сонымен қатар жаңа қазақ әліпбиін үйрету бойынша аймақтық әдістемелік орталыққа айналдыру.

Әдістемелік кабинет ашылғанда өзінің алдына бірнеше міндеттер қойыл­ған болатын. Мәселен, Қазақстан халқын жаңа әліпбиге психологиялық тұрғыдан бейім­деу; қайта даярлау арқылы жаңа әліпбиді үйрететін сапалы маман­дар қатарын көбейту; мектептерге арналған оқулықтар (жаратылыстану, гуманитарлық, т.б.) дайындау барысында авторларға тіл сауаттылығы тұрғысынан әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастыру; болашақта мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың барлығы латын әліпбиінде жүргізілетіндіктен, осы мәселеге байланысты белгілі бір бағ­­дарлама түзіліп, әртүрлі деңгейде әдіс­­те­мелік көмек көрсету және латын әліп­­­биін меңгеруге қатысты курстар жүр­­гізуді ұйымдастыру.

Міне, осындай жұмыстарды М.Х.Ду­ла­ти атындағы Тараз мемлекеттік универ­си­теті республикадағы, облыстағы мем­ле­кет­тік тілді оқыту орталықтары және бі­лім ме­ке­мелерімен біріге отырып ат­қаруда.

Жаңа қазақ әліпбиі мен оның құры­лымы, емле ережелері бойынша уни­вер­ситеттің профессор-оқытушылар құ­­рамы осы әліпбиді түзген комиссия құ­­ра­мына өзіндік ойлары мен ұсы­ныс­тарын үнемі жүйелі түрде жолдап отыр­ды. Ол ұсыныстар А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институтының «Жаңа ұлттық әліпби: қазақ жазуын жаң­ғырту» (ақпараттық медиа кеңістіктегі мате­риалдар) жинағында жарияланды. Қазақ тілін латын графикасына көшіру мен жаңа әліпбиді, емле ережелерін наси­хаттау, оның мән-мағынасын түсін­діру барысында университет пен Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту бас­қар­масы біріге отырып, бірқатар ауқым­ды іс-шараларды жүзеге асырды. Мәселен, жалпыхалықтың, әсіресе, жастар­дың жаңа қазақ әліпбиіне деген қызығушы­лығын арттыру мен үйрету мақсатында университеттің студенттік телестудия­сында арнайы «Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа белесі» атты бейнеролик, «Жаңа қазақ әліпбиін бірге үйренейік!» атты компьютерлік графикамен өрнек­тел­ген интернет-бағдарламасы түсірілді. Сондай-ақ «Уни­верситет тынысы» мен облыстық білім басқармасына қарайтын «Білім шырағы» газеттерінде «Әліпби әлемі» айдарлары ашылып, әдістемелік сабақтар жариялануда. Сонымен қатар «Жас дарын» облыстық балалар журналына арналған «Жаңа қазақ әліпбиін тез үйренудің 7 сабағы» айдары ашылып, алғашқы сабақ жүргізілді.

Латыннегізді қазақ тілі әліпбиін заманауи технология арқылы үйрету мақ­са­тында Жамбыл облысы әкімдігінің Тіл­­­­дер­ді дамыту басқармасымен бірлесе 2018 жыл­дың қараша айында «Qazalipbi.kz»

он­л­айн бағдарламасы, облыстық Тіл­дер­­ді үй­рету орталығымен бірге әдіс­теме­лік вебинар мен бейнедәрістер әзір­леді. «Qazalipbi.kz» онлайн бағдарла­масы 18 сабақтан тұрады. Оның ішінде тео­риялық, практикалық, бағалау сабақ­тары қамтылған. Теориялық сабақта жаңа қазақ әліпбиі бойынша теориялық білім беріледі. Ал практикалық сабақта бе­рілген теориялық білім негізінде жазы­лым, оқылым, тыңдалым әрекеттері ар­қылы жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Баға­лау сабағында тыңдаушының әр сабақ­та меңгерілген білімі тест, бақылау диктанты түрлерінде тексеріледі.

Сонымен қатар университетте «Атау­лар сыры» кіші жобасы даярлануда. Мақсаты – өңірдегі әкімшілік-аумақтық бір­ліктер мен елді мекендер, көше атау­ларының сыры мен тарихы туралы электронды базасын құру. Осындағы мін­деттердің бірі – атауларды жаңа қазақ әліпбиімен беру.

Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіндегі өзекті мәселелерді тал­қылау мен оның ғылыми концептуал­ды негіздеріне қатысты университетте рес­публикаға танымал және оқу орда­мыз­дың ғалымдарының қатысуымен ірі-ірі кон­фе­ренциялар, семинарлар, семинар-тре­нингтер өтті. Соның нәти­жесінде «Латын әліпбиі – рухани жаңғыру мен ұлт тұ­тас­тығы негізі» атты ғылыми жинақ шықты.

Жалпы оқу ордамызда жаңа әліпби мен оның емле ережелеріне байланысты 2017, 2019 жылдарда республикалық деңгейде 4, аймақтық деңгейде 5 конференция, 15 әдістемелік семинар, 20 шақты көшпелі семинар-тренинг, 12 дөңгелек үстел мен 6 акция, академиялық топтарда кураторлық сағаттар, жатақханаларда әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ақпараттық-медиа кеңістігінде универ­си­теттің профессор-оқытушылар құра­мы­ның 360-қа жуық мақаласы мен 280 ғылыми мақаласы жарияланды. Телеар­наларда 20-ға жуық сұхбат берілді. Атал­мыш іс-шараларға республикаға таны­мал Ә.Жүнісбеков, Е.Тілешов, Ш.Құр­манбекұлы, Қ.Күдеринова, А.Фазыл­жанова сияқты ғалымдар қатысты.

2018-2019 оқу жылынан бастап «Қазіргі қазақ тілі фонетикасы» пәнінің оқу бағдарламасына жаңа қазақ әліпбиі мен оның емле ережелері бойынша толықтырулар жасалды. Бүгінгі таңда осы бағыттағы мамандар сертификаттарын алып, жаңа қазақ әліпбиі мен емле ережелерін үйрету бойынша оқу бағдарламасын әзірлеп, курстар жүргізу жұмыстарын қолға алуда.

Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника ілгерілеген сайын көршілес елдермен қатар басқа да шетелдерден жаңа сөздердің кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық. Ал кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру оңай шаруа емес. Әрбір оқыған сауатты адам өзге тілден келген сөздің қазіргі кирилл әріптерімен өзгеше жазылып тұрғанын оғаш көріп, тез қа­былдай қой­мауы мүмкін. Ал латын әліпбиі ар­қылы осындай қиындықтар рет­теліп, жұрт­шылық кірме сөздерді қазақ тілінің табиғи заңдылығына сай жа­зып, оқып кетеді деп ойлаймын. Сон­­дықтан туған тіліміздің табиғи акус­ти­касына қарама-қайшы келетін кемші­ліктерімізден арылатын кез келді. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлт­ты­ғымыздың негізгі белгі­сінің бірі – тілімізді сақтап қаламыз десек, бұл бағыттағы жүргізіліп отырған жұмыс­тардың оң нәтиже беретіні сөзсіз.

Ұлы дала төсінде әлемдік өркениетке сай рухани кемел ел болу – басты арманымыз. Мәдениет жаңғырып, ой-өрісті кеңейту – игі бастама. Ендеше, Елбасының қоғамға қозғау салып, санаға серпіліс берген үндеуі – Мәңгілік елдің темірқазығына айналатыны сөзсіз! Әліпби – тек мәдениеттің өлшемі, өр­ке­ниеттің белгісі ғана емес, ол – ұлт­тың таң­басы, елдіктің айшығы, мемле­кет­тің тәуел­сіздігі мен тұтастығын айқын­дай­тын сим­волдардың бірі.

Сондықтан Елбасының: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бо­йымызда мәңгілікке қалуға тиіс» – деген сөзін кейінгі ұрпақ жадына тоқып өссе, біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпаймыз. Жаңа жағдайға қарай бейімделу, жаңғыру – уақыт талабы.

 

 Махметғали Сарыбеков,

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы,  профессор