Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Ажалға араша түскен азамат

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейбіт күннің батырлары туралы қанша айтсаң да артық емес. Таяуда Шортанды ауданының тұрғыны Денис Сытник суға батып бара жатқан бір бозбаланы ажалдан арашалап қалды.

Ажалға араша түскен азамат

Оқиға Мықтыкөл көлінде болған. Өз басын қатерге тігіп, тілсіз жаумен арпалысқан аза­маттың ерлігі елеусіз қалған жоқ. Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының алғыс хатымен марапатталды.

Облыста ұзын-ырғасы 750-ге жуық өзен-көлдер мен су қоймалары бар. Олардың басым бөлігінде шомылуға тыйым салынған. Мықтыкөл де осындай тыйым салынған көлдер­дің қатарында. Дегенмен қара қар­ғаның миы қайнайтын ыстықта көлге шомылушылардың қатары аз емес. Денис Сытник суға батып бара жатқан бозбаланы байқап қалған. Көп ойланбастан, батып бара жатқан азаматты құтқарып, алғаш­қы көмек көрсеткен. Қазіргі уа­қыт­та ажал­дан аман қалған Ела­ман Болта­бектің жағдайы жақсы.

– Күн ыстық болған соң суға түсу­ге барып едім. Жағалаудағы адам­­дардың жанұшыра айғайлап тұр­ғанын естідім. Қарасам, біреу суға батып бара жатыр екен. Әлгі кісіні әрең дегенде су түбінен тауып, қарманып жағаға жетеледім. Сәтін салғанда медицина қыз­мет­керлерінің жолыға кеткені.  Әйтеуір көретін жарығы бар екен, аман қалды. Мен өз әрекетімді ерлік деп есептемеймін, – дейді Денис Сытник.

Биыл облыста 26 адамның суға кеткендігін айта кетелік. Өткен жылмен салыстырғанда 7 адамға көп. Бір айта кетерлігі, оқыс оқиғаның көпшілігі шомы­луға  рұқсат етілмеген өзен-көл­дерде болған.

– Рұқсат етілмеген аймақтар­дағы төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында шомылу науқаны басталғалы 1400-ге жуық рейд жүргіздік. Ере­желерді бұзған 390 адам әкім­­ші­лік жазаға тартылды. Сон­дай-ақ 25 мың адамды қамты­ған интерактивті жұмыс­тар жүр­гізілді, – дейді об­лыст­ық Төтен­ше жағдайлар жө­нін­дегі де­партаменті жасағы­ның бастығы Асхат Әкелжанов.

Маусым басталғалы құтқару­шылар 92 адамды ажал аузынан аман алып қалған. Олардың 21-і кәмелетке толмағандар.

 

Ақмола облысы