Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Орманымыз ойсырамасын десек...

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай аққайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Ақмола атырабында соңғы уақытта 31 орман өрті орын алды. Тілсіз жау 55,52 гектар алқапты жалмап кетті.

Орманымыз ойсырамасын десек...

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының алғашқы жарты жылдықта атқарылған жұмысты екшеген сәтінде, осындай деректер айтылды. Облыс аумағы 14 миллион 667 мың гектарды алып жатыр. Көрікті өңірдегі орман қоры да аз емес. Жыл басынан бері 164 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеріс барысында біршама олқылықтың беті ашылып отыр. Мәселен, заңсыз ағаш кесудің 9 фактісі анықталған. Өткен жылмен салыстырғанда саладағы заң бұзушылықтар ең алдымен сала қызметкерлерінің жауапкершілігінің төмендеуінен орын алып отыр деген айыптау да айтылды. Алдағы уақытта қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдары да көрсетілді. Айталық «Бұқпа» және «Барап» орман шаруашылықтарында қауіпсіздік шараларының қолға алынуы талапқа сай келмейді.

–Бүгінгі күні 107 заң бұзушылық анықталды. Заң бұзғандардың 38-іне 4 миллион 27 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды,–дейді облыстық орман шаруашығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Айдар Дарбаев,–3 миллион 926 мың теңге өндіріліп алынды.

Жауапты тұлғалардың айтуына қарағанда, жануарлар әлемі саласында заңнаманы өрескел бұзудың 20 оқиғасы тіркелген. Заңсыз саң аулауға қатысты  9 қылмыстық іс қозғалыпты. Қорыта айтқанда, жануарлар әлеміне 1 миллиард 360 миллион теңге шамасында залал келтірілген. Бір жақсысы, сирек кездесетін аң-құс мылтықтың қарауылына ілінбепті.